МерекеСпорт

Достық кездесуі

Қазақстан РеспубликасыТұңғыш Президенті күні Ақтөбе қаласындағы «Олимп» хоккей модулінде Ақтөбе мен Орынбор облыстарының ардагер хоккейшілері арасында шайбалы хоккейден жолдастық кездесу өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов қатысты.

Шараның ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстанның көршілес Ресей мемлекетімен қарым-қатынасын айтып, мерекемен құттықтады.

Бүгін біз үшін үлкен мереке. Қазіргі біздің егеменді ел болып, тыныш өмір сүріп жатқанымыз — Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде елімізді дүниежүзі таныды. Бүгінде Қазақстан мемлекеті барлық салада жан-жақты дамып келеді. Соның бір айғағы — биыл жазда ашылған осы хоккей модулі.

Қазақстанның ең негізгі саясаты — көрші мемлекеттермен тату-тәтті өмір сүруі. Екі мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қарым-қатынасын жақсы білесіздер. Біздің міндетіміз — көрші елдермен достығымызды, ынтымағымызды нығайту. Баршаңызды облыс басшылығының атынан бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Елімізге абырой тілеймін, — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін Орынбор облысының шайбалы хоккей федерациясының президенті Игорь Ивлиев мерекемен құттықтап, Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергтің атынан облыс әкіміне Құттықтау хат пен естелік сыйлық табыстады.

Бұл мұз айдынына алғаш рет келуіміз. Командада 17 адам бар. Хоккеймен айналысқаныма 40 жылға жуық уақыт болды. Ардагерлер зейнет жасына шыққанша хоккейден қол үзбейміз. Бүгінгі мерекеде бізді кездесуге шақырып, құрмет білдіріп жатқан ұйымдастырушыларға шексіз алғысымызды білдіреміз, — деді Орынбор облысы құрамасының ойыншысы Игорь Марков.

Біз бүгінгі мерекені асыға күттік. Қай команда жеңіске жетсе де маңызды емес, бастысы — екі елдің арасындағы достық пен ынтымақ. Өзім теміржол саласында қызмет атқарамын. Соңғы 5 жылдан бері хоккей спортымен шұғылданып келемін. Аптасына үш рет жаттығуға келеміз. Мұндағы мұздың сапасы өте жақсы, — деді Ақтөбе облысы құрамасының ойыншысы Мұрат Қаналин.

Кездесу орынборлық хоккейшілердің жеңісімен, 11:8 есебімен аяқталды. Жүлдегерлерге дипломдар мен арнайы кубоктар табыс етілді.

Айта кетейік, жарты жыл бұрын бой көтерген «Олимп» хоккей модулінде 3 секция жұмыс істейді: шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трек. Бүгінде хоккеймен — 350, мәнерлер сырғанаумен — 250 және шорт-трек спорт түрімен 108 бала шұғылданып жүр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button