Спорт

Ұлттық спорт — елдігіміздің белгісі

Халқымыздың күштілікті, ептілікті, зеректілікті, зерделілікті қажет ететін ұлттық ойындары аз емес. Ұлттық ойындарымыз негізінен халықтың тұрмыс-тіршілігіне, күнкөріс шаруашылығына, ұлттық ерекшелігіне, табиғи орналасу жағдайына байланысты болып келеді. Сондықтан да ұлттық ойындарымызда еңбекке баулу, жаугершілікте елді қорғау, аңшылық көріністері байқалады, ширықтыру, шынықтыру, ақылға салу секілді мәнге ие.

Жалпы, тек қазақ қана емес, қай халықтың да ұлттық ойындарында сол ұлтқа тән мәдениет пен мiнез-құлқы танылады. Соның iшiнде жалпы ережесi қалыптасып, жарыс күнтiзбесiне енiп, спорт түрiне айналғандары қаншама? Негiзi қазақ халқында ел арасына кеңiнен тараған 200-ден астам ойындар бар көрінеді. Оның бірқатары ұлттық спорт түрiне айналып, дамып келедi. Олардың қатарына қазақша күрес, тоғызқұмалақ, көкпар секiлдi ойындарды жатқызуға болады.

Қазақ күресі

Бұл – ұлттық ойындардың iшiндегi ең қарқынды дамыған көшбасшы түрi. Бұлай сөйлеуiмiздiң себебi де жоқ емес.

Өйткенi қазақ күресiнен бүгiнгi күнге дейiн 5 рет Азия, 1 рет Еуропа, 2 рет Әлем бiрiншiлiгi өттi. Дүниежүзiлiк қазақ күресі федерациясының атқарып жатқан жұмыстары да ұшан-теңiз. Орск қаласында өткен әлем бiрiншiлiгiне 20-дан астам елден 72 балуан келiп қатысты.

Қазақ күресін өздеріне жақын тұтқандардың арасында Еуропаның белдi мемлекеттерi — Грекия, Германия, Франция, Испания, Голландия, Швеция секiлдi елдердiң спортшылары да бар. Сол додаға қатысқан немiс спортшысы Доринг Холгер қазақ күресiн жақсы көргенi соншалық, өз жерiнде осы спорт түрiнен үйiрме ашып, немiс балаларын қазақ спортына тәрбиелеп жатқан көрiнедi. Бұл біздің мерейімізді арттыра түсетіні анық.

Қазіргі кезде қазақ күресін әлемдік деңгейге көтерген мемлекет, спорт басшылары енді олимпиадалық ойындар бағдарламасына кіргізу жұмыстарын жүргізуде. Қазақ күресін жер-жерлерде насихаттасақ, түптiң-түбiнде ұлттық спортымыз олимпиада ойындарына кiруі де мүмкін ғой. Мысалы, жапондар өз дзю-доларын олимпиадаға кiргiзбес бұрын әлемнiң түпкiр-түпкiрiнде сол спорттан жарыстар ұйымдастырып, тегiн спорттық киiмдер таратқан. Олимпиадаға қазақ күресi кiрер болса, онда ел спорты жоғарғы жетiстiкке жетіп елімізді әлемге паш етер еді. Орскiдегi өткен II әлем бiрiншiлiгiнде 7 салмақтың алтауында қазақ балуандары алтыннан алқа тағып, көк байрағымызды желбiретiп қайтқан.

Қазақ күресі соңғы жылдары облысымызда жақсы дамып отыр деп айтуға болады. Мәселен, сол Орскіде өткен әлем чемпионатында Бақтыбай Қисықов 66 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Ал осы чемпионат алдындағы оқу-жаттығу жиыны Ақтөбеде өткені көпшіліктің есінде болар. Бақтыбай оған дейін Азияның шеберлерін мойындатып, чемпион атанған еді. Ал Ғалымжан Байниязов Азия чемпионатында қола медальға ие болды. Сондай-ақ Саят Жетібаев, Айдос Әбіқаев, Мұрат Айнадин секілді жастарымыз ел біріншіліктерінде, халықаралық турнирлерде биік жүлделерге қол жеткізіп келеді. Әрі күресіп, әрі жаттықтырушылық етіп жүрген Бақтыбай Қисықов, Сәрсен Қозыбағаровтардың шәкірттері әлі де биік асуларды бағындырады деп ойлаймыз.

Тоғызқұмалақ

Ұлттық спортымыздың iшiндегi шоқтығы биiк, қалыптасып орныққан спорт түрi — тоғызқұмалақ. Бұл спорт түрi – әлемдiк мәдениеттiң озық үлгiлерiмен бой теңестiре алатын, түркiтектес халықтардың рухани, логикалық ойлау өнерi. Негiзiнен тоғызқұмалақты жақсы қолға алып, дамытып жатқан — Қазақстан мен Қырғызстан федерациялары. Қазақстан спортшылары Қырғызстанның ашық бiрiншiлiгiнiң тұрақты жеңiмпаздары десек өтiрiк емес. Кейінгі жылдары тоғызқұмалақ ойыны Еуропада, Америкада насихатталып, түрлi жарыстар ұйымдастырылуы біздің ұлттық ойнымыздың қаншалықты бағалы екендігін көрсетсе керек. Және бұл ойын интеллектуалды ойындардың қатарына енiп, бүгiнде Лондонда ұйымдастырылып жүрген интеллектуалды ойындар олимпиадасында тоғызқұмалақтан турнирлер өтедi. Сондай-ақ испаниялық Дэвид Котин, американдық Баутиста Роха секiлдi азаматтар да өз елдерінде біздің ұлттық спортымызды ұлықтап жүргенін айта кету керек.

Алайда, тоғызқұмалақпен айналысушылардың айтуынша, жай ғана тоғызқұмалақ тақтасының өзiн табу iздегенге қиынға соғады екен. Сонымен қатар, осы ойынның компьютерлiк бағдарламасы жоқ. Тоғызқұмалақ туралы, оның ережесi жайында толыққанды кiтаптар да жоқтың қасында.

Дегенмен, тоғызқұмалақ ойынына облысымызда аса мән берілуде. Бұл жөнінде спорттың санаткерлік түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Бауыржан Төлегенов:

— Тоғызқұмалақты бұрындары да ойнадық. Ал 1990 жылдардан бастап бұл спортты дамыту шындап қолға алына бастады. 2002 жылы спорт мектебі ашылғаннан кейін бұқара арасында кең қанат жайды, — дейді.

Облыстық спорт мектебінің жаттықтырушылары Қабидолла Нұршин мен Бауыржан Төлегеновтің шәкірттері қазірдің өзінде жоғары жетістіктерге жетіп келеді. 2009 жылдың қорытындысында рейтинг бойынша ақтөбелік тоғызқұмалақшылар Қызылорда, Павлодар облыстарынан кейін үшінші орынға табан тіреді. Мұндай жетістіктерге жекелеген спортшылардың қосқан үлестері мол. Атап айтқанда, Медет Құсайынов пен Берік Сәрсенбаев өткен жылы Қазақстан чемпиондары атанды. Соңғы 6-7 жылдың ішінде 7 тоғызқұмалақшымыз Қазақстанның жастар және жасөспірімдер құрама командаларының сапында өнер көрсетуде. Қазір бізде 6 спорт шебері бар. Бұл жақсы жетістік болып саналады. Айта кету керек, тоғызқұмалақтан облыста бірінші болып спорт шеберлігін 2007 жылы Гүлзат Бақтарбаева қорғады.

Бүгінде бұл спорт түрі облыс бойынша кеңінен таралып отырғаны қуантады. Ақтөбедегі спорт мектебінің филиалдары Шалқарда, Қарауылкелдіде, Мәртөкте және Ақтөбе қаласы жанындағы Благодар ауылында жұмыс істейді. Сонымен қатар қаланың көптеген мектептерінде секциялар бар. Ғабит Ташкенбаев, Омар Атшыбаев, Аманғос Аязбай, Зорбай Төлегенов секілді жаттықтырушылар ауылдық жерлерде тоғызқұмалақтың дамуына зор үлес қосып келеді.

Көкпар

Ерте заманда қой баққан қазақ халқы үшiн қасқырдан асқан жау жоқ-тұғын. Сол кездегi жiгiттер қасқыр аулап, оның басын ру басшысына тарту еткен. Ал қалған тұлыбын жiгiттер өз ауылдарына алып қайту үшiн таласып, ойын қылады екен. Мiне, содан бұл ойынды «көк бөрi» дескен. Кейiнiрек қасқырдың орнына серкені пайдаланып, ұлттық ойынға айналдырған.

Ал сол көкпар ойыны қазiр елiмiзде енді-енді даму үстінде. Негiзiнен, оңтүстік өңірлерде ғана қалыптасқан бұл ойыннан бiрiншiлiктер, түрлi жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Тоғызқұмалақ секiлдi көкпарда да қазақ спортшылары қырғыз елiнiң турнирлерiне үзбей қатысып, етене араласып келеді. Бұл жерде көкпарға аса назар аударып, ұлттық спортты бейжай қалдырмай, дамытып келе жатқан Жамбыл облысында кеңiнен тарағанын айта кеткен жөн. 2003 жылдан бастап Тараз қаласының маңында «Көкбөрi» спорт клубы ашылды. Онда тек  көкпар ғана емес, сонымен қатар ұлттық спорттың бiрнеше түрi де қамтылған. Сондықтан болар, Жамбыл облысының көкпар командасы жыл сайынғы Қазақстан бiрiншiлiгiнiң жеңiмпаздығын ешкімге бермей келеді.

Көкпар, жалпы ат спорты Ақтөбеде кейінгі жылдары ғана қолға алынды. Ақтөбеліктер ат спорты түрлерінің әліппесін енді ғана меңгеруде деп айтуға болады. Сондықтан жерлестерімізден үлкен нәтиже күтуге әзірге ертерек. Өйткені бізде айналысушылар саны аз. Ал оңтүстік облыстарда 1000 көкпаршының арасынан мықтыларды іріктеп алуға мүмкіндік бар. Ал бізде бір команда жасақтаудың өзі қиын.

— Бірақ жерлестеріміз, әсіресе, жастар командасы Қазақстан бойынша 7-орынға шықты, — дейді көкпардан облыстық команданың аға жаттықтырушысы Абат Аймағамбетов. — Қазіргі кезде көкпарды ауылдық жерлерде дамытуды қолға алудамыз.

Ал ат спортының басқа түрлері — аударыспақ, бәйге, қыз қуу, теңге алу сайыстарында жүлде алып жүрген жерлестеріміз аз емес. Додай Нұрлан, Мейрамбек Әлиев секілді жігіттер ел біріншіліктерінде өздерінің күштілігі мен ептілігін көрсетіп келеді. Бұл екі жігіттің бірі спорт шебері, екіншісі спорт шеберлігіне кандидат атағын қорғады.

Ат спортын дамыту үшін мамандар керек. Осы мақсатта ат спортының классикалық түрлерінен дәріс беретін 2 жаттықтырушы Ресейден арнайы білім алып келген.

Санаткерлік спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жомарт Маймақов ұлттық спорт түрлері жалпы елімізде кенже қалып отырғанын, ал оның ішінде біздің өңірде серпіліс қажет екендігін айтады. Облыстық спорт мектебінің ашылуы, білім беру мектептері мен жоғары оқу орындарында ұлттық спорт түрлері секцияларының жұмыс істеуі келешегімізге жол ашуда. Лайым, солай болғай!

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button