БілімБасты жаңалықтар

«Менің елім» бағдарламасы: 50 мектеп спорттық жабдықтармен қамтылды

«Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында биыл атқарылған жұмыстардың қорытындысын көрсету мақсатында «Самрұқ-Қазына» акционерлік қоғамы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырды.

Биыл облыста «Самрұқ-Қазына» АҚ компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан «Менің елім» бағдарламасы шеңберінде 3 жоба іске асырылды. Аталған жобаларды іске асыруға облыс әкімдігі қолдау білдірген. «Менің елім» бағдарламасы бойынша облыста 7 спорттық және ойын алаңдары салынып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, 50 мектепке және есту, көру және ақыл-есінде бұзылушылығы бар балаларға арналған 4 түзетілім орталығы арнайы құралдармен қамтамасыз етіліпті.

Жоба операторы — «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, мектептерді спорттық құралдармен жабдықтау үшін облыста «Биіктерге бірге» үздік спорттық жоба байқауы өткізілген. Байқаудың басты мақсаты — мектеп оқушылары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, көшбасшылық дағдыларды дамыту. Облыстың әр мектебі аталған байқауға өтінім білдірген. Іріктеу қорытындысы бойынша 50 мектеп жеңімпаз атанған.

«Самрұқ-Қазына» компаниясымен бірге Ақтөбе облысы әкімдігі «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында үлкен жұмыс атқарды. Бұл бағытта облыстың сыртқы байланыстар және туризм, білім басқармалары да бірлесе жұмыс жүргізді. Әкімдіктің міндеті — аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін жергілікті жерде орналасу алаңдарын тауып беру болатын. Бұл жұмыс өте сәтті аяқталды. Облыста 400-ден аса мектеп бар. Осы мектептердің ішінде елуі бағдарлама аясында жүргізілген байқаудың жеңімпазы атанды. Әрине, бұл байқауға қатысуға барлық мектеп бейнероликтер мен шығармашылық табыстарын жіберуге мүмкіндік алды, — деді Л.Оразбаева.

Байқауда жеңімпаз деп танылған әр мектепке «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы спорттық жабдықтардың 50 түрі сыйға тартылған. Әр мектепке берілген спорттық жабдықтардың бағасы 5 миллион теңгеден асады. «Мұндай спорттық инвентарлар өте қажет. Облыс мектептерінің осындай жабдықтарға қол жеткізгеніне қуаныштымыз. Балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыруға үлкен мүмкіндіктер туды. Сондықтан осы жұмыстың әрмен қарай жалғасын табуына тілектеспіз», — деді облыстық білім басқармасының басшысы.

«Биіктерге бірге» байқауының жеңімпазы атанған 50 мектептің 16-сы — Ақтөбе қаласының, ал қалғандары — аудан мектептері. Бүгінгі күні жеңімпаз мектептердің барлығы «Самрұқ-Қазына» тарапынан берілген спорттық жабдықтармен түгелдей қамтамасыз етілген.

Баспасөз турында барған алғашқы кешен — Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектеп. Білім ордасы Заречный-2 ауылында орналасқан. Жаңадан салынған мектептің кең спорт залына «М+» типті спорттық жабдықтар кешені орнатылған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа бұл жабдықтар таныстырылғаннан кейін, балалар түрлі жаттығулар жасады. Бұдан соң мектептің акт залында «Биіктерге бірге» байқауының жеңімпаздарын марапаттау үшін салтанатты шара ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының жастарды қолдау жөніндегі жүргізіп отырған саясатын жақсы білесіздер.  Бұл саясатты жүзеге асыру үшін тек қана мемлекеттік органдар емес, басқа да мекемелер, компаниялар қатысу керек. Былтырдан бастап «Самрұқ-Қазына» акционерлік қоғамы елімізде «Менің елім» акциясын жүргізіп жатыр. Ондағы мақсат — жастардың спортпен айналысып, денсаулығын жақсартуға жағдай жасау. Ақтөбе облысында 50 мектепке спорттық жабдықтар, сондай-ақ Ақтөбе қаласында — 5, Қандыағаш қаласында 4 спорт алаңын жасауға осы компания 600 миллион теңге қаржы бөлді. Салынып жатқан алаңдар мен беріліп жатқан спорттық құралдар бірінші кезекте жастардың спортпен айналысуына, екіншіден, олардың денсаулықтарының жақсы болуына үлкен көмегін тигізеді деп ойлаймыз. Спортпен айналысқан жастардан жақсы нәтиже күтуге болатынын біз білеміз, — деп  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған компания басшылығына алғысын білдірді.

Бердібек Машбекұлының айтуынша, қаладағы салынып жатқан спорт алаңдары халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Сондықтан мұндай заттар күтімді, бақылауды қажет етеді. Облыс әкімі аталған компания қаражатына салынған спорттық алаңдарды күзету жұмыстары қолға алынатынын айтты.

Салтанатты шарада «Самрұқ-Қазына» АҚ әлеуметтік жобалар қызметінің жетекшісі Нұрлан Оразалиев осындай жобаларды аймақта жүзеге асыруға ықпал еткен облыс әкімдігіне әрі акционерлік қоғамның Ақтөбедегі еншілес компанияларына ерекше алғысын білдіре отыра:

Бүгін біз елу мектепті еуропалық сападағы спорт жабдықтарымен жарақтадық. Сондай-ақ, төрт коррекциялық мектеп ерекше балалардың барынша әлеуметтенуіне ықпал ететін арнайы коррекциялық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, ел  Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында осы өңірде 25 спорт және ойын алаңдарын орнатуға байланысты жобалар басталып, Ақтөбе мен Қандыағаш  қалаларында олардың жетеуі пайдалануға берілді. Ақтөбе облысы – біз үшін маңызды стратегиялық облыс. Өйткені, мұнда біздің 15-ке жуық еншілес компаниямыз жұмыс жасайды. Ақтөбе облысында спорттық алаңдар құрылысын салуда біздің үлкен жоспарларымыз бар. Сондай-ақ, Ақтөбедегі 12 музыкалық мектепті толықтай музыкалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де жоспарымызда бар. Себебі, дарынды балалар тек спортта ғана емес, мәдени жағынан да өсуі керек, — деді.

Шара барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Нұрлан Оразалиев жеңімпаз мектептердің басшыларына спорттық құралдар алуға берілетін сертификаттарды салтанатты жағдайда табыстады.

Баспасөз туры кезінде «Самрұқ-Қазына» компаниясының қаражатына салынған Ақтөбе қаласының Болашақ ауданындағы спорттық алаңның салтанатты ашылу рәсімі жасалды. Шараға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Бұдан кейін журналистер мінген көлік Ақтөбенің Гришин көшесіндегі облыстық  есту қабілеті нашар дамыған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты маңына аялдады. Аталған оқу орнының тәрбиеленушілері үшін компания спорттық жабдықтарды сыйға тартқан.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button