АуылЖаңалықтар

Ауылдық округтердің дербес бюджеті болады

Ақтөбе қаласына қарасты ауылдық округтердің бюджетін қалыптастырудың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қурайлы және Қарғалы ауылдық округтерінде  Ақтөбе қалалық мәслихатының бюджет бойынша тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Көшпелі отырыс Instagram әлеуметтік желісіндегі  maslihataktobe.kz парақшасында онлайн түрде көрсетілді.

Комиссия отырысына Ақтөбе қаласының әкімі І.Испанов, мәслихат хатшысы С.Шынтасова, қала әкімінің орынбасары Р.Айдашева, сондай-ақ тұрақты комиссия мүшелері мен қоғамдық кеңестің мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

Жиында бюджеттің жобасы мен 2018-2020 жылдарға арналған жоспары туралы Қурайлы ауылдық округінің әкімі М.Тұрамағамбетова және Қарғалы ауылдық округінің әкімі А.Әлжанов хабарлады. Содан кейін жергілікті қоғамдық кеңес және көшпелі отырыс мүшелері жобаны талқылады.

Елімізде төртінші деңгейлі бюджетті көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданған болатын. Заңның басты ерекшелігі — бюджеттік процесті басқаруға жергілікті қоғамның қатысуы.

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Ақтөбе қаласының 5 ауылдық округінде жергілікті өзін-өзі басқару дербес бюджеті болады. Дербес бюджеттің енгізілу дайындығы 2013 жылы басталды. Ал әкімдердің жолдарды  жөндеу жұмыстарына, көркейту мен көгалдандыруға, тазалау және басқа да  қажеттіліктерге қолдану мақсатында 2015 жылы мамыр айынан бастап ауылдық округтердің  есепшотына ақша аударылды.

2015 жылдан бастап ауылдық округ әкімдерінің өкілеттілігі кеңейтіліп, аумақтық жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдары құрылды.

Қабылданған Заңда кіріс көздерімен қатар, бюджеттік кодекстің шығыстары 19 бағыт бойынша анықталған.

А.НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button