ЖаңалықтарЭкономика

Озық тәжірибе және оң динамика

Ақтөбе — экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан облыс. Негізгі көрсеткіштерде тұрақты өсім бар. Мұны өткен он айдың қорытындысы да дәлелдеп отыр. Облыс экономикасының өсімі 5 пайызды құрады. Яғни экономиканы дамытуда барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан. Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов мәлімдеді.  

Төмен инфляция, тұрақты ахуал

Біздің басты мақсатамыз — Елбасы, Үкімет және облыс әкімі тапсырмаларына сәйкес облыстың белсенді экономикалық өсімін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда берілген тапсырмалар орындалуда. Жалпы 10 айдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының жоғары экономикалық өсімі қалыптасып, 5 пайыздан кем емес деңгейді құрап отыр. 2016 жылдың тиісті кезеңінде бұл көрсеткіш 1,7 пайызға төмен болған. Аталған белсенді өсім облыс экономикасының барлық салаларының дамуы негізінде қалыптасты. Сондықтан облысымыздың дамуының ең негізгі маңызды аспектілеріне тоқталып өтейін. Атап айтсам, өнеркәсіптің өсімі 4,4 пайызды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 8 пайызды құрады. Облыс экономикасына тартылған инвестицияның нақты көлем индексі 27 пайызға өсті немесе 513 миллиард теңгені құрады, — дейді Олжас Смағұлов.

Оның айтуынша, облыста ауыл шаруашылығы саласы да тұрақты дамуда. Ондағы жалпы өнім көлемі бойынша 3,9 пайызға өсім қамтамасыз етілді. Ал шағын және орта бизнесте қызмет ететін субъектілердің саны — 10 пайыз, бөлшек сауда айналымы 7,9 пайызға өсті. Құрылыс саласының жұмыстары бойынша 10 пайыз өсім қамтамасыз етілді.

Есепті мерзім ішінде 495 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы жыл соңына дейін облыста ең кемінде 650 мың шаршы метрден астам тұрғын үй алаңын пайдалануға беру жоспарланған. «Облыс бойынша әлеуметтік ахуал тұрақты. 16 мың жаңа жұмыс орны құрылып, жыл соңына дейін қосымша 400 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға жетті», — дейді ол.

Ақтөбе облысында инфляция деңгейі Қазақстан Республикасы негізінде ең төменгі көрсеткіштің бірі. Ол — 4,7 пайыз.

30 кәсіпорын модернизацияланады

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бюджет қаражатына тікелей байланысты. Сондықтан осы бағытта белсенді жұмыс жасап жатырмыз деп сендірген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов ағымдағы жылы жалпы облыс бюджеті 223 млрд теңгені құрағанын, бұл өткен жылғы  деңгейден 29,0 млрд теңгеге жоғары болғанын атап өтті. «Жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы 77,1 миллиард теңгені құрады, ол өткен жылдың деңгейінен 5,7 пайыз жоғары. Сондай-ақ, бізде салық салу базасын кеңейтуге қатысты арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмысын жасауда. Есепті мерзім ішінде салық салу базасын кеңейту ауқымында жергілікті бюджетке қосымша 2,5 миллиард теңге түсім қамтамасыз етілді. Әрине, есепті мерзім ішінде салық төлемеген субъектілер іздестірілді. Бұл мәселені бүгінгі күні ретке келтірдік», — деді О.Смағұлов.

Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бірінші кезекте экономиканың барлық саласын дамытуды, оның ішінде өнеркәсіпті дамытуды тапсырған болатын.  Өнеркәсіп — облыс экономикасын дамытудағы маңызды салалардың бірі. Бүгінгі күні экономиканың 40 пайызын өнеркәсіп саласы құрайды.

Елбасы Жолдауында кәсіпорындарды модернизациялауға күш салу керектігін баса айтқан болатын. Бүгінгі күні бұл мәселеге қатысты жұмыстар облысымызда жүзеге асырылып жатыр. Жоспарда 30 кәсіпорынды модернизациялау шарасы тұр. Бұл жұмыстарға 400 миллиард теңге жеке инвестиция салынбақ. Қазірдің өзінде 15 кәсіпорын технологиялық модернизациядан өтті. Жыл соңына дейін қосымша 5 кәсіпорын модернизациядан өтпек. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін 9 пайызға, ал өнім шығару көлемін кем дегенде 3 пайызға арттырмақ, — дейді басқарма басшысы.

Президент  жүктеген тапсырмалардың тағы бірі — «ЭКСПО-2017» инновациялық жобаларын аймақтарда енгізуді жүзеге асыру. Бұл бағытта Ақтөбе облысында жалпы құны 43 миллиард теңгенің 18 жобасы іріктелді. Қазіргі күні әрбір жобаға байланысты толық жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, олардың  қатарында ауыл шаруашылығы саласында қалдықтарды қайта өңдеу, мұнай қалдықтарын қайта өңдеу секілді жобалар қарастырылған.

Шалқарда минералды су шығарылады

Олжас Смағұловтың айтуынша, Ақтөбе облысы республика бойынша инвестиция тартуда көшбасшы саналады. Есепті кезеңде инвестиция көлемі 313,1 миллиард теңгеге жеткен.

— Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы ауқымында облыс бойынша инвестиция көлемі 127 миллиард теңгеге 1,8 мың жұмыс орнын құрумен 17 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні соның 14-і іске асырылды. Қазіргі күні қалған 3 жоба бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Олар — 100 миллион теңгеге Шалқар ауданында минералды су шығаратын зауыт, 600 миллион теңгеге көлік тіркемелерін шығаратын зауытты кеңейту және Мұғалжар ауданында жалпы құны  108 миллиард теңгеге тау-кен комбинаты құрылысын салу. Сонымен қатар, Индустрияландыру картасы аясында 6,7  миллиард теңге көлемінде 4 жоба жүзеге асырылды, — деген ол өз сөзінде Ақтөбе қаласындағы индустриалды аймақты толық игеруге қатысты журналистер тарапынан сауалдар жиі қойылатынын айтты.

Ақтөбедегі индустриалды аймақ 2015-2016 жылдары ашылды. Жалпы аумағы — 200 гектар. Қазір индустриалды аймақтың игерілу көрсеткіші — 50 пайыз. Бүгінгі күні онда жалпы құны 85 миллиард теңгеге 13 кәсіпорын өз жұмысын жүзеге асырып жатыр. Соның ішінде 4 жоба шетел капиталы негізінде іске асырылуда. Олар — Болгария, Швейцария, Германия және Түркия елдерінің жобалары. Оның айтуынша, келер жылы Ақтөбе қаласындағы индустриалды аймақта 10 кәсіпорын жұмыс істейтін болады деп жоспарлануда. Егер осы кәсіпорындар өз ісін бастаса, жыл сайынғы салық төлемі  300 миллион теңгеден кем болмайды. Нәтижесінде 550 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Жер түгенделіп, бөлініп жатыр

Бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы, жеке тұрғын үй, жол құрылыстары, бизнес субъектісі мен еңбек нарығына қатысты салалардың, сондай-ақ «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылу барысында да оң динамика қалыптасқан.

Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер алу мәселесі ақтөбеліктер үшін өзекті. Бүгінгі күні облыс аумағында 149 мың адам жер алу кезегінде тұрса, соның 116 мыңы Ақтөбе қаласында тіркелген. Бүгінгі күні осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы  облыста жеке тұрғын үй құрылысына  9,5 мың жер телімі бөлінді. Бұл өткен жылдардың деңгейінен жоғары. Жыл соңына дейін 14,5 мың жер телімін бөлуді жоспарлап отырмыз. Бір ғана мысал айтайын. 2009-2015 жылдар аралығында облыста 6,5 мың жер телімі бөлінсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 8 мыңға жеткен, ал биылғы меже — 14,5 мың жер учаскесін бөлу, — дейді басқарма басшысы.

Бүгінгі күні облыста Еуропалық даму және қайта құру банкі мен Азия даму банкінің ықпалымен суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде өнімділік көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Өткен он ай ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 103,9 пайызды құрады. Биыл облыста суармалы жерлердің көлемі 18 пайызға, егіс алқаптары 15 пайызға ұлғайтылды. Енді қолға алынған шаралардың нәтижесі 2020 жылға суармалы жерлерді 100 пайыз немесе 40 мың гектарды толық пайдалануға мүмкіндік береді.  Бұл не береді? Бірінші кезекте, өнімділік көлемін арттырса, екіншіден, Ақтөбе азық-түлікпен және басқалармен өзін-өзі қамтамасыз ететін облыстардың  бірі болмақ, — деп сендірді О.Смағұлов.

Елбасы тапсырмасы аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстарының нәтижесінде мақсатты пайдаланылмай тұрған учаскелер анықталып, 365 гектар жер мемлекетке қайтарылған.

780 жоба қаржыландырылды

Шағын және орта бизнес — экономиканың негізі әрі қозғаушы күші. Бұл саланы дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы саналады.

«DoingBusiness» рейтингісіне сәйкес, Ақтөбе облысы республикада бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша көшбасшылар қатарында тұр. Осылайша, шағын және орта бизнесте қызмет ететін субъектілерінің саны 10,7 пайызға өсіп,  50,7 мың бірлікті құрады. Өткен он айда шағын және орта бизнесте жұмыс жасайтындар саны 2,3 пайызға өсіп, облыстың экономикалық белсенді тұрғындар саны 31 пайызға жетті. «Кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан елеулі қолдау көрсетіледі. Тек биылғы жылы жергілікті бюджеттен 3,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа кәсіпкерлік саласының 780-нен астам жобасы қаржыландырылды», — дейді Олжас Смағұлов.

P.S. Жол — экономиканың күре тамыры. Биыл облыста 300 шақырымдық автомобиль жолдарын жөндеу жоспары тұр. Мамандардың айтуынша, бұл өткен жылдың деңгейінен 2,7 есеге жоғары. Жол инфрақұрылымын салу және қайта жасау барысында ресайклинг әдісі басты назарға алынған. Яғни заманауи технологияны қолдана отырып, жолдарды  жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жергілікті материалдар пайдаланылады.

**

Иә, облыс экономикасы жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Облыстың бас экономисі Олжас Смағұловтың айтуынша, есепті мерзім ішінде экономиканың барлық саласында белсенді өсу байқалады әрі облыс экономикасының өсімі 5 пайызды құрады. Алайда әлсіз тұстар жоқ, дегенмен әлі де болса дамытуды қажет ететін салалар бар. Соның ең маңыздысы — өнеркәсіп. Сауда саласын дамыту да өзектілігімен маңызды. Себебі сауда саласы облыс экономикасының 17 пайызын ғана құрап отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласын өрістету — маңызды бағыттардың бірі. Бүгінгі күні бұл салаларды дамытуда нақты жоспарлар құрылып, жұмыстар жүйелі жүргізілгенмен, әлі де болса жетілдіруді қажет етеді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button