Білім

Балдырған

Біздің асыл мұрамыз

Менің туып-өскен елім, Қазақстаным — көне замандардан басталатын ұзақ тарихы бар, болашағы өте зор республика.

Қазақстан есте жоқ ерте заманнан осы жерде ғұмыр кешкен ата-бабалардың ұрпағы — қазақ халқының меншікті атмекені. Батырларымыз осынау кең байтақ жерімізді сырттан төнген қауіптен қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырып отырған. Бүгінгі иесі — бүгінгі ұрпақ, бізбіз.

Қазақ халқы — ержүрек, достыққа адал, бауырмал, қонақжай халық. Еліміздің жері кең байтақ ғана емес, табиғатымыз да өте көркем. Ақсар-асқар тауларымыз да, кең жазира далаларымыз да, шөл-шөлейттеріміз де, өзен-көлдеріміз де көп. Жер астымыз да, жер үстіміз де тұнып тұрған байлық.

Біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең. Олар үшін туған жерді қасиет тұту қанға сіңген әдет, дәстүр. Бұл дәстүр біздің жанымызға ана сүтімен тараған, ана тілімен дарыған.

Біз Ұлы Отанымыз — Қазақстанды сүйеміз. Еліміздің жас ұрпағы, біз, оның даңқын қазіргіден де аспандата беруді армандаймыз.

Арина АЛТАЕВА,

Қыналы негізгі мектебінің 4-сынып оқушысы.

Қияқты ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Біздің қазынамыз

Атам мен әжем — ардагерлер

Көнекөз қарттар біздің қаламызда көп емес. Ауылға барсаң да олардың қатары сиреген.

Менің атам мен әжем бар. Олар қарттық жасқа жеткенімен, бізге осы өмірдің әртүрлі қиындықтарын жеңу жолдарын айтып, ақыл-кеңестері арқылы тәрбиелеп отырады.

Атам Ұлы Отан соғысының, әжем тылдағы еңбек майданының ардагерлері. Әр әңгімесінде олар бізге: «Өмірдің қандай сәттерінде болсын, адам адамгершілігінен айрылып қалмауы керек», — деп отырады.

Атам мен әжемнің әр айтқан сөздері маған терең мағыналы ой тастайды. Біздің қарттарымыздың әр әжімінде бір-бір қиындық-тарих беттері бар секілді. Өйткені менің үйдегі қарияларым ашаршылықты, соғысты, жоқшылықтың бәрін көрген адамдар.

«Қарттары бардың — қазынасы бар» деп тегін айтылмаған, атам мен әжеммен үшін ең асыл адамдар, ақылдың кені.

Нұргүл АЛПЫСБАЕВА,

№ 32 мектеп-гимназияның

7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Мен атамның баласымын

Мен — атамның баласымын. Кішкентай кезімнен бастап атам мен әжемнің бауырында өсіп келе жатырмын. Атамның алғашқы немересемін.

Мен атамды өте жақсы көремін. Ол жұмыстан келгенше сағынып күтіп жүремін. Атам ақкөңіл, көп ашуланбайтын, балажан адам.

Атам маған шежіре үйретеді. Атамнан мынадай тыйым сөздерді естідім: «Үлкеннің жолын кесу — әдепсіздіктің белгісі».

Менің атам көп жылдардан бері мұнайшы болып істейді. Мен өскенде атамның жолын қуып, мұнайшы боламын.

Сәтжән БЕРЖАНОВ,

№ 41 мектептің 3-сынып оқушысы.

Ясный ауылы,

Ақтөбе қаласы.

Біліп жүр

Мұхиттар: ең, ең, ең…

Ең үлкені — Тынық мұхиты.

Ең кішісі — Солтүстік мұзды мұхиты.

Ең суығы — Солтүстік мұзды мұхиты.

Ең жылысы — Тынық мұхиты.

Ең тұздысы — Үнді мұхиты.

Ең тереңі — Тынық мұхиты.

Ең мұзы көп мұхит — Солтүстік мұзды мұхиты.

Ең ұзыны — Тынық мұхиты.

Балық аулауда ең негізгісі — Үнді мұхиты.

Ең ендісі — Тынық мұхиты.

Ең аралы көп мұхит — Тынық мұхиты.

Жеткерген ҚОЖАБАЕВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің

6-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Отан

Отан дейміз — өзің туған жеріңді,

Отан дейміз — өзің тұрған еліңді.

Отан дейміз — өзің түскен көліңді,

Отан дейміз — құмы ыстық шөліңді.

Отан дейміз — інің, әкең, ағаңды,

Отан дейміз — жері шүйгін далаңды.

Отан дейміз — туысың тұрған қалаңды,

Отан дейміз — елге арналған бар әнді.

«Отан» сөзі қасиетті мағына,

Шығарамын өз елімнің тағына.

«Отан үшін отқа түссең, күймейсің», —

Деп достарға айтқым келер тағы да.

Құндыз ТЕМІРБАЕВА,

№ 47 мектептің 3-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Ауылым

Ауылым — туған мекенім,

Мәңгілік аңсап өтемін.

Жырақта жүрсем сағынам,

Мен саған мәңгі бағынам.

Сүйсініп әр кез көргенім —

Шайқалған өзен, көлдерің.

Шуағыңа жылындым,

Мен — құлыншақ ұлыңмын.

Сағдат ОРЫНБАСАРОВ.

Қаракөл негізгі мектебінің

5-сынып оқушысы.

Сарбие ауылы,
Ойыл ауданы.

Менің әжем

Әжетай, асыл анасың,

Немерең үшін данасың.

Түсірмеңдер ешқашан

Қадірлі әже бағасын.

Шуақ шашқан Күнің — мен,

Тербеттің мақпал үніңмен.

Өзіңе арнап, әжетай,

Жыр шығардым бүгін мен.

Мектепке кеткен шағымда,

Сағынып, әже, қалдың ба?

Сүйікті атам екеуің

Жайнап жүрші алдымда.

Әйгерім АРЫСТАНБЕКОВА,

№ 3 орта мектептің

5-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button