Басты жаңалықтарСпорт

Облыс әкімі спортшыларға пәтер мен көліктің кілтін берді

Облыс  әкімі Бердібек Сапарбаев биылғы жылы кәсіби саласында жоғары жетістіктерге жеткен ақтөбелік спортшылармен кездесті.

Кездесуге Парижде грек-рим күресінен өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов, самбодан әлем чемпионы атанған Есет Қуанов,  Қытайдың Тайбэе қаласындағы дүниежүзілік универсиадада қола медальды жеңіп алған дзюдошы Рустам Ыбыраев пен Сочиде өткен самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Амандық Асауұлы шақырылды.

Кездесу кезінде қатысушылар өңірде кәсіби спортшыларды даярлау және бұқаралық спортты дамыту туралы мәселелерді талқылады.

— Біздің міндетіміз —  спортшыларға жағдай жасап, заманауи талаптар мен стандарттарға сай жаңа спорт ғимараттарын салу және ашу. Сіздер облыстағы спорт инфрақұрылымдарының дамуына баса назар аударылып жатқанына куәсіздер және бұл жұмыс жалғасатын болады, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы спортшыларға да әлеуметтік қолдау көрсетуге басымдық берілгенін атап өтті. Осы мақсатта облысымыздың спортшылары мен жаттықтырушыларына стипендиялар төленеді. Қазақстан Республикасының құрама командасына кіретін спортшыларға көрсетілетін қолдауды күшейту жоспарда бар.

—  Біз қашанда сіздерді қолдаймыз, ал сіздер туған жерлеріңіздің намысын қорғап, бапкерлеріңіздің, ата-аналарыңыз бен жанкүйерлеріңіздің үмітін ақтаңыздар, —  деген облыс әкімі спортшыларға халықаралық және республикалық жарыстарда табысты өнер көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ  спортшыларға жеңістері үшін Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Мейрамбек Айнағұлов бір бөлмелі пәтерге, Есет Қуанов жаңа автокөлікке ие болды. Рустам Ыбыраев пен Амандық Асауұлы 500 мың теңгеден сыйақы алды.

Алғыс хаттар мен сыйақылар спортшылардың бапкерлеріне де берілді.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button