Білім

«Smart мұғалім» төсбелгісін кеудеге тақты

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты облыс мектептерінде «Білім сапасын арттыруда Smart оқытудың тиімділігі» тәжірибелік-эксперименттік жұмысын жүргізді. Биылғы тәжірибелік-эксперименттік жұмыс нәтижесі ғылыми-тәжірибелік конференциямен қорытындыланды.

Ақтөбе қаласындағы №10, №23 және №28 орта мектептер 2014-2015 оқу жылдарында эксперименттік алаң болып қабылданды.  2015-2016 оқу жылдары тәжірибелік-эксперименттік жұмыс аясы Хромтау ауданындағы №3 және Ақтөбе қаласындағы №14, №31, №42,  Пригород орта мектепетрі мен қаладағы №40 мектепке дейінгі ұйыммен кеңейтілді.

Конференция «ТEDxExperiment» форматында өтті. Облыстағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Н.Қибатаева «Smart мұғалім» туралы терең мағлұмат берді. Сондай-ақ, ол «Сапалы білім берудегі Smart оқытудың  тиімділігі» тақырыбында тәжірибелік-эксперименттік жұмысты қорытындылап, мұғалімдердің нәтижелі жетістігін атап өтті.

Институт мамандарының айтуынша, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар  үш жыл бойы табысты жүргізілген. Мұндай жұмыстар мектебімізде ауқымды түрде ұйымдастырылды. Атап айтсақ, эксперимент барысында  Пригород орта мектебінде жұмыс тобы құрылып, ғылыми тұжырымдама әзірленді,  эксперименттік  және бақылау сыныптарының мәліметтік базасы құрылды, экспериментатор күнделігі жүргізіліп, күрделі тақырыптарға білім беру контенттері дайындалды. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының жеке кестесі жасақталып, оқушылардың оқу жетістіктеріне аналитикалық-мониторингтік сараптама жүргізілді.

Тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижесін тарату мақсатында аталған институт  әдістемелік құралдар дайындады, жаңашыл педагогтарға  институт  қызметкерлері тарапынан әдістемелік көмек үнемі көрсетіліп отырды.

Осындай жұмыстардың жүргізілуі мен аяқталу кезеңінде институттың инновациялық даму және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, магистр К. Рахатова мен жетекші маман Л.Отарбаеваның  ұйымдастыру қабілеттерінің ықпалы зор болды. Мектебімізде эксперимент алаңындағы тәлімгер мен тәлім алушының бірлескен жұмыс нәтижесін  информатика пәні мұғалімі  А.Түрікменбаева мен математика пәні мұғалімі  А.Әбішова айта отырып, алдағы уақытта да  конференцияға қатысушыларды нәтижелі бірлескен жұмысқа шақырды. Барлық экспериментатор мұғалімдер  жұмыс нәтижесі бойынша көрсеткен шығармашылық ізденісі мен инновациялық идеялары үшін «Smart мұғалім» төсбелгісімен және мадақтамамен марапатталды.

                                                                                                                    Г.ЖАНИНА,

Пригород орта мектебінің директоры.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button