Мәдениет

Ізгіліктің іздері немесе мұнайшы Мұрат Саламатов тағылымдары

Жеріміздің байлығы қай кезден де мүмкіндігінше еліміздің әл-ауқатын арттыруға жағдай жасап, жақсылыққа жол ашып келе жатқаны әмбеге аян. Осы ретте қазақ мұнайының өткені мен бүгіні өзінше бір тарихты құрай бастады. «Қазақ мұнайының ардақтылары» атты өмірбаяндық сериямен шығып жатқан дүниелер бізге, яғни қалың оқырманға танымдық тұрғыдан көп мағлұмат береді.

Әдетте өндіріс мәселесі туралы сөз болғанда күні кешеге дейін ұлттық кадрларды кейінге қарай ысыру, еңбекті бағаламау сияқты тосын құбылыстар орын алып келгенін жасыра алмаймыз. Соған қарамастан мұнай өндіруде қазақ мамандары аянбай еңбек етті. Олардың арасынан өткен ғасырдың сонау отызыншы жылдарының өзінде Мәскеу, Баку барып, мамандықтарын жетілдірген, сөйтіп алдыңғы қатарда аянбай еңбек еткен аға буын өкілдерін көптеп кездестіреміз.

Сағындық Оспанұлының «Мұрат Саламатов» деп аталатын кітабы біздің бұл тақырыптағы ойымызды одан әрі дамытуға негіз болатындай. Аталған еңбек қамтылған тақырыбының ауқымдылығымен, мұнайлы өлкедегі тарихи оқиғалардың молдығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ осы саладағы тарихи тұлғалар, олардың атқарған істері мен жүзеге асырған шаралары туралы баяндаулар бізге тың деректер ұсынады.

Кітапта есімі республикаға белгілі мұнайшы, мұнайлы Маңғыстау аймағында, оның ішінде Өзен мұнай өндірісінде еңбек еткен, мұнай өндірудің қыр-сырын жетік меңгерген, мемлекеттік лауазымды қызметкер, Қазақстан экономикасының дамуына зор үлес қосқан Мұрат Ғазизұлы Саламатовтың өмір жолы, еңбектегі зор жетістіктері әңгіме арқауы етіп алынған.

Автор «Дән түскен жер немесе алдыңғы толқын ағалар» деп аталатын алғашқы тарауда мұнайшының шыққан тегіне тоқтала отырып, оның кіндік қаны Жамбыл облысы Бурылбайтал ауылында тамып, бозбала шағы біздің Ақтөбе облысының Темір ауданындағы мұнайлы өлкелер – Шұбарқұдық, Саркөлде өткенін айтады. Мұраттың әкесі Ғазиз, атасы Саламат өз заманының «кермек дәмді» ауыртпашылықтарын аянбай-ақ татқан. Жалпы, Саламатовтар әулетінің сан тарау өмір соқпақтары тақтайдай тегіс жолмен тартылмаған. Еңбек негізінде өмірбаяндық серия ретімен жазылғандықтан, тарихи шындықтарға қиянат жасалмай, ел ішінен, тума-туыстар аузынан алынған әңгімелер қағазға сол қалпында түсірілген.

Туындыны оқи отырып, Саламатовтар әулеті қарапайым, еңбекқор, адалдықтан аттамайтын кішіпейіл жандар екенін байқаймыз. Бала Мұраттың бауырмалдығы, туыс-досқа деген қамқорлығы мен шексіз адалдығы буыны бекіп, өсе түскен сайын шын мәніндегі азаматтыққа апарар жолға бейімдей бастайды.

«Жаңа Өзенде басталған соқпақ» атты тарау мұнай өндірудің шебері болып еңбек жолын бастаған Мұраттың көп ұзамай көзге түсіп, №2 инженерлік-технологиялық өндірістің бастығы болып тағайындалатын тұстарындағы қалыптасу, жетілу, көтерілу сатыларынан сыр ашады. Осы тұста ол өзінің бойындағы көш бастаушылық қасиеттерін де анық байқатады. Сондықтан да Мұрат Ғазизұлы Маңғышлақ облыстық партия комитетінің нұсқаушылығы қызметіне тартылады. Одан кейін бірінші хатшының жәрдемшісі болып тағайындалуы оның адамдармен тікелей араласу, жер танып, ел көруіне жол ашқан мүмкіншіліктер кезеңі болады.

Мұнайлы Маңғыстаудың Жетібайында 1975 жылдан бастап еңбек еткен басты кейіпкер Мұрат Ғазизұлының өзі туралы ғана емес, сонымен бірге сол тұстағы тәжірибелі мұнайшылардың да еңбегі жөніндегі қаламгер толғаныстары көп жайдан хабардар етеді.

Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда,

Мұнаралар басына шырақ тасып… —

деп Төлеген Айбергенов жырлаған өңірдің өзгеше өрнектері «Жетібайдың белестері» атты тараудың еншісінде. «Маңғыстау мен Сыр даласында мұнайшы жаққан алаулар әлі де «Мұрат мұнаралары» деп аталады», — дейді автор.

Ал «Құмкөл немесе тыңға түскен түрен» деген тарауда Мұрат Ғазизұлының «Құмкөлмұнай» өндірістік бірлестігін өз қолымен игеріп, есімі сол арқылы тарихқа терең енгенін сөз етеді. Республиканың Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілген Мұрат Саламатовтай азаматтың әріптес, қызметтес серіктері арасында өрісі кең, өнегесі мол, өресі биік, тұлғалы азамат екені де қаламгер назарынан тыс қалмаған. Мұрат Ғазизұлының іскерлік қарымын аша түсу мақсатында автордың мамандармен пікірлесіп-сұхбаттасып отыруы да көп ізденіс іздерін байқатады.

Жинақтың мазмұнын әр кезеңдерде Мұрат Ғазизұлымен еңбектес болған замандастары байыта түсіпті. Республикаға танымал қоғам қайраткерлері, мұнай ісінің майталмандары Р. Шырдабаев, Н. Балғымбаев, Б. Қуандықов, Н. Қаппаров, Н. Нәдіров, Б. Ізмұхамбетов, О. Сапиев, А. Мамырбаев, М. Борамбаев, Р. Орынбаев, Ғ. Кешубаев, С. Атаниязов, басқа да ұзын-саны елу тоғызға жеткен авторлардың естеліктері өнегелік, тағылымдық тұстарымен тәлімді. Бұрын-соңды баспасөз беттерінде жарияланған мақалалардың да жинаққа енуі үлкен жүректі азаматтың тұлғасын жан-жақты ашуға септігін тигізген.

Танымал тұлға Мұрат Ғазизұлын бүгінде тебірене еске алмайтын жақын дос-жаран кемде-кем. Оқырманға ұсынылып отырған жинақтағы қимас көңілден, сағыныш сезімінен туған естеліктер де осыған дәлел.

Сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Сейілбек Шаухаманов былай деп жазыпты: «Иә, Мұрат Саламатовтың жемісті, жеңісті, жанқиярлық ерлік еңбегі, іскерлігі мен ыждағаттылығы, кәсіби біліктілігі мен білгірлігі, жоғары адамгершілігі мен азаматтығы, ұлтжандылығы қызылордалықтардың мәңгі есінде.

Біздің өңір Қазақстанда өнеркәсібі дамымаған, табиғи экологиялық жағдайы ауыр, экономикасы әлжуаз аймақтардың бірі болатын. Мұнай, газ дегенді естігендері болмаса, ешкім де көрмеген, бұл салада бірде-бір арнаулы орта, жоғары білімі бар маман, кәсіби жұмысшы кадры жоқ, техника, база, жол, су, электр қуаты… ештеңе де жоқ, құлазыған қу дала. Міне, осыншама жоқтардан, нөлден бастап, бар жасау, бұл өңірге Алла берген байлықтың көзін ашу ақтөбелік Мұрат Ғазизұлының пешенесіне жазылған екен.

Мұрат Саламатовтың іскерлігінің арқасында өндірістік, тұрмыстық база жасалынып, әлеуметтік құрылыстар да көптеп салынды, жеңіл автокөліктер алынып, жұмысшыларға арзан бағамен сатылды, ұжым мүшелерін, облыс халқын өндірістік-тұрмыстық тауарлармен, құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Көптеген қызылордалықтар үйлі болды, көлікті болды, мүлікті болды…»

Қаламгер мақсаты – Мұрат Саламатовтың асыл бейнесін сомдап, оның мұнай саласын дамытудағы ұшан-теңіз еңбегін кейінгі буынға мұра етіп жеткізу. «Тектілігі ептілігімен жарасқан, бақ жұлдызы жарқыраған баянды ғұмыры қысқа болса да, соңына нұсқа қалдырған Мұрат Саламатовтың есімі қазақ деген халқы тұрғанда ұмытылмақ емес», — деп түйін жасайды автор Сағындық Оспанұлы.

Біліктілік пен білгірлік, кәсіби іскерлік нәтижесінде бейбіт күнде жанқиярлықпен еңбек еткен Мұрат Ғазизұлы сынды азаматты мәңгілік есте сақтау үшін жазылған еңбек біздің көкірегімізге жылылық сезімін ұялатты.

…«Мұнайшы» қоғамдық қоры ұжымының атқарушы директоры Нәсіпқали Марабаевтың қолдау көрсетуімен жарыққа шыққан жинақ кәсіби қазақ мұнайшысының тұлғасын көрсетуімен ғана емес, ең алдымен айналаға мақтана айтатын, ұялмай ұсынатын азамат бейнесін сомдауымен құнды деп есептейміз.

Әнес БИЖАНОВ,

Болат АСАУОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button