ЖаңалықтарЭкономика

Келер жылы индустриалды аймақта 10 кәсіпорын өз жұмысын бастайды

Брифинг

Биыл 10 айда экономиканы дамытуда барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасып, облыс экономикасының өсімі 5 пайызды құрады. Бұл туралы кеше облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте мәлімдеді.   

2017 жылы жалпы облыс бюджеті 223 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылғы  деңгейден 29,0 млрд теңгеге жоғары. «Жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы 77,1 миллиард теңгені құрады, ол өткен жылдың деңгейінен 5,7 пайыз жоғары. Есепті мерзім ішінде салық салу базасын кеңейту ауқымында жергілікті бюджетке қосымша 2,5 миллиард теңге түсім қамтамасыз етілді», — деді О.Смағұлов.

Өткен он айдың қорытындысы бойынша облыста өнеркәсіп көлемі 1220,4 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104,4 пайыз болды. Соның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі  — 707,4 млрд теңге (102,9 пайыз), өңдеу өнеркәсібі — 420,8 млрд теңге (108,1 пайыз).

Олжас Смағұловтың айтуынша, Ақтөбе облысы республика бойынша инвестиция тартуда көшбасшы саналады. Есепті кезеңде инвестиция көлемі 313,1 миллиард теңгеге жеткен.

Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы ауқымында облыс бойынша инвестиция көлемі 127 миллиард теңгеге 1,8 мың жұмыс орнын құрумен 17 жоба жүзеге асырылуда. Индустрияландыру картасы аясында 5,6 миллиард теңге көлемінде 4 жоба жүзеге асырылды. Елбасы жүктеген тапсырмалардың бірі — «ЭКСПО-2017» инновациялық жобаларын аймақтарда енгізуді жүзеге асыру. Бұл бағытта Ақтөбе облысында жалпы құны 43 миллиард теңгенің 18 жобасы іріктелді. Қазіргі күні әрбір жобаға байланысты толық жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, олардың  қатарында ауыл шаруашылығы саласында қалдықтарды қайта өңдеу, мұнай қалдықтарын қайта өңдеу секілді жобалар қарастырылған, — деді басқарма басшысы.

Олжас Смағұлов өз сөзінде Ақтөбе қаласындағы индустриалды аймақты толық игеруге қатысты журналистер тарапынан сауалдар жиі қойылатынын айтып:

Ақтөбедегі индустриалды аймақ 2015-2016 жылдары ашылды. Жалпы аумағы — 200 гектар. Қазір индустриалды аймақтың игерілу көрсеткіші — 50 пайыз. Бүгінгі күні онда жалпы құны 85 миллиард теңгеге 13 кәсіпорын өз жұмысын жүзеге асырып жатыр. Соның ішінде 4 жоба шетел капиталы негізінде іске асырылуда. Олар — Болгария, Швейцария, Германия және Түркия елдерінің жобалары. Айта кететін бір жайт, келер жылы Ақтөбе қаласындағы индустриалды аймақта 10 кәсіпорын жұмыс істейтін болады деп жоспарлануда. Жыл сайынғы салық төлемі  300 миллион теңгеден кем болмайды. Нәтижесінде 550 жаңа жұмыс орны ашылмақ,  — деді О.Смағұлов.

Брифингте облыстың ауыл шаруашылығы, жеке тұрғын үй, жол құрылыстары, бизнес субъектісі мен еңбек нарығына қатысты салалардың, сондай-ақ «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылу қорытындысы да айтылды.

«Нұрлы жол»  бағдарламасы шеңберінде облыста 1,7 мың жұмыс орны құрылып, апатты және үш ауысымды мектептердің орнына 19 мектептің  құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 10 ғимаратты қайта жаңғырту әрі құрылысы жүргізілуде. Құрылыс саласында 495,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сол сияқты, облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 4200 тұрғын үй салуға есептелген  алаңы 1200 гектар жер телімі қарастырылды. Бұл аумақта 111 мың адам тұрады деп жоспарлануда. Бұл жоба 85 пайыз жергілікті қамтуға,  750 жұмыс орнын құруға және облыстың құрылыс кәсіпорындарын 100 пайыз жүктеуге мүмкіндік берді. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында 100 мың шаршы метр немесе 1000 пәтер пайдалануға беру жоспарлануда, — деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы О.Смағұлов.

Есепті кезең ішінде облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қамтамасыз ету, білім және денсаулық сақтау салаларында да айтарлықтай оң өзгерістер болған. Олжас Смағұлов биылғы жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы экономикасының өсімін 5 пайыздан кем емес деңгейінде қамтамасыз ету жоспарланғанын атап өтті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button