АуылӘлеумет

Ескерткіш орнатылып, ота жасалды

Туған жерге тағзым

Биыл Ойыл ауданындағы Саралжын ауылдық округінің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осыған орай ауылдағы белсенді азаматтардың қолдауымен ауыл әкімі Абат Мүбәраковтың бастамасымен «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.

Көптен бері төбемізде түнерген қара-ала бұлттар сол күні көк жүзінен тұтастай түрілді. Ашық аспан астында ауылдың ажарын айтып өзара қауқылдасқан саралжындықтардың самбыр-күмбір шуы шуақты күнге шырайлы үн қосты. Бұл күні батыр білекті, батыл жүректі жігіттер мен әр жылғы ауыл түлектерінің тартуы көп болды. Соның бірі — жаугершілік заманда елін, жерін жаудан қорғап қалған Тама Есет батырдың қызы, Ақ кете Әжібай бидің келіні Ботагөз батырға орнатылған ескерткіш. Ауылдың қақ ортасына қойылған ескерткіш батыр елдің байрағын биіктетер белгі іспетті.

Саралжын күні ерлігімен ел есінде қалған Ботагөз батырдың ескерткішін ашудан басталды. Онда Ботагөз батырдың ерлігін ұлықтаған ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл ақсақалы Өтесін Қошқаров батыр қыздың тұлғасы мүсінделген ескерткішті осы іске мұрындық болған 1975 жылғы демеуші азаматтардың бірі Ерлан Жиеналинмен бірге ашты. Оған қоса, Саралжын ауылдық ауруханасының негізін қалаушы, бас дәрігер қызметін атқарған Сақыш Керімбаеваның құрметіне орнатылған мемориалдық ескерткіш тақтасының ашылу салтанаты да болды. Ұрпақтарының ұйытқы болуымен қолға алынған игі іске жерлестері қолдау көрсетіп, Сақыш Уәлиқызының көзін көріп, қызметтес болғандар өткен күндерден сыр шертті.

Сондай-ақ саралжындықтардың бабалар рухына тағзым-тартуы мұнымен шектелмеді. Ұлыларын ұлықтап, олардың ел үшін еткен ерен еңбектерін елеп, ертеңгі күні ел есінен шықпас үшін осы елдің атымтай азаматтары, яғни 1971 жылғылар ауылдық саябақ ішіне «Құрмет тақтасын» орнатты. Онда түлектердің атынан жүрекжарды тілегін жеткізген «Спарта» шаруа қожалығының төрағасы Спартак Төремұратов осы ауылдың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарын бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі етіп, «Құрмет тақтасына» қойып жатқандығын және бұл іс алдағы уақытта жалғасын табатындығын айрықша атап өтті. Игі іске жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының төрағалары, ауыл азаматтары қаржылай қолдау көрсетсе, Саралжыннан шыққан дәрігерлер «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында аудан тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетті. Облыстан келген М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің №2 хирургиялық аурулар кафедрасының меңгеруші, профессор, медицина ғылымдарының  докторы Базылбек Жакиев, №5 қалалық емхананың бас дәрігері, реаниматолог Серік Айтукин, облыстық теміржол ауруханасының дәрігері Сағындық Бөрібаев, облыстық балалар ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Болат Медетбаевтар Саралжын елді мекенінде және аудан орталығында тұрғындарды қабылдап, дәрігерлік кеңес берді, 6 күрделі ота жасады. Ақ халаттылардың жасаған оталары сәтті шығып, ауылдастарының алғысына бөленді. Сонымен бірге Саралжында 12 адамға, аудан орталығында 25 емделушіге тегін медициналық көмек көрсетілді.

Сондай-ақ ауылдың кіреберісіндегі көтерме жолдың жөнделуі мен «Менің сүйікті Саралжыным» белгісі, көшелердің жарықтануы, балабақша мен мектептің, тіпті «Көктал» демалыс орнының жабдықталуы — осы ауыл азаматтарының ауызбіршілігі мен туған жерге деген шексіз құрметінің жарқын көрінісі.

Саралжын күні «Мен туған ауыл — Саралжын, мен үшін мәңгі — Сары алтын» атты мерекелік шарамен жалғасты. Іс-шаралар барысында Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің спорт залында ауыл жастарын спортқа тартып, ұстаздық етіп жүрген спорт ардагері Өтесін Қабекешовке арналған волейболдан аудандық турнир өтті. Оған 8 команда қатысып, кешке дейін керемет ойын көрсетті.

Атаулы күні барлық іс-шараға куә болған аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева жомарт жандарға шексіз ризашылығын білдіріп, ауданның әлеуметтік, экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады. Ал ауыл әкімі осы шарада белсенділік танытқан ауыл тұрғындарына шексіз алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Одан кейін ауыл қонақтары ақ дастарқан басына жиналып, Жақсылық Бисалиев бастаған ауыл ақсақалдары өнегелі әңгімелерімен бөлісті.

Аталмыш шара келесі күні аудан орталығында өткен «Туған жерім — нұрлы елім» атты Саралжын күніне ұласты. Таңертеңмен аудан орталығына ағылып келген саралжындықтар алдымен «Даңқ» саябағында орналасқан Ботагөз батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Аудандық Мәдениет үйінің алдында ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ет, сүт өнімдері әдеттегідей жәрмеңке сөрелеріне толды. Саралжын ауылдық округінің «Балдәурен» балабақшасының ұжымы мерекелік дастарқан жайып, жұртшылық түрлі дәмнен ауыз тиді. Көпшілік  балабақшаның шаруашылық меңгерушісі Баян Ідірісоваға алғыстарын айтып, батасын берді.

Сондай-ақ алаңға жиналған жұртшылық қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Аудан тұрғындары көрме аясында өнерлі жігіт Қуат Әбілқайырдың сурет салу шеберлігіне тәнті болды. Оның барлық туындылары көпшіліктің көңілінен шықты. Шара барысында ауыл тұрғындары Саралжын топырағының түлегі Қилыбай Бақтарбаевтың «Көкжар аңыздары», «Сезім сергелдеңі» атты кітаптарының тұсауын кесу рәсіміне куә болды. Кітаптың алдыңғы бөлімі ХІХ ғасырдағы Көкжар топырағындағы аңыз-әпсаналарды жинақтаса, келесі бөлім қазіргі замандағы жастардың жай-күйін толғаған. Жиналғандар авторды жаңа кітаптарының жарыққа шығуымен құттықтаса, жаңа туындыға қаржылай көрімдігін берген ауыл әкімі Абат Қаратауұлы иығына шапан жауып, шығармашылық табыс тіледі.

Одан соң саралжындықтар көпшілік назарына концерттік бағдарлама тарту етті. Сахна шымылдығы ауыл өнерпаздарынан құралған ұлттық аспаптар оркестрінің орындауындағы «Жастар», «Келіншек» күйлерімен ашылды. Әрі қарай Арайлым Мырзабекова елге деген сағыныш сезімін әсем әнмен тербетсе, жерлестеріне жұмыр жырларымен танылған Қуат Әбілқайырдың сөзіне жазылған «Саралжыным» әні қызу қошеметке бөленді. Сонымен бірге «Парасат» зейнеткерлер клубы орындаған әндер сахна төрін одан сайын қыздыра түсті.

Ауыл күні спорт ардагері Өтесін Қабекешовке арналған волейболдан аудандық турнирдің ақтық ойындарына жалғасты. Бір күн бұрын Саралжында басталған турнирден кіл мықтылар іріктеліп, ақтық ойында өте тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде І орынды «Кемер» командасы жеңіп алса, ІІ орынды ауданымызбен іргелес жатқан Қобда ауданынан келген «Қобда» командасы, ал ІІІ орынды «Колледж» командасы еншіледі. Сондай-ақ ақтық бәсекеге дейін қалыспай, қарқынды ойын көрсеткен «Берсиев» командасы ынталандыру сыйлығына ие болды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button