Мәдениет

Кенжебектің бағдарламасы

Кезінде Ақтөбеде «Екі езу» сатиралық театрында актер боп, кейін өз алдына отау құрып «Шаттық» әзіл-сықақ отауын ашқан Кенжебек Шайқақов енді жұрттың алдына «Әзіл-мәзір» деген бағдарламасымен шықты. Алматыға қоныс аударып, театрмен қатар кино әлеміне бет қойған Кенжебектің ауыз толтырып айтар жаңалығы көп:

— Белгілі кинорежиссер Данияр Саламат түсірген «Жөшә» фильмінде басты рөлді сомдаған соң, кино әлеміне бет қойып, қал-қадерімізше қолымыздан келгенін жасауға тырысып жүрміз. Еуразия кинофестивалінде «Ең үздік кинорежиссура» жүлдесін жеңіп алған Даниярдың «Әкем екеуміз» фильмінде режиссердің көмекшісі болдым. Одан соң балаларға арналған «Бәйтерек» фильмін, Астананың 10 жылдығына арналған «Астана — ғашықтар мекені» атты лирикалық мелодрама түсірдік. Көрермендер жылы қабылдап жатқан сыңайлы. Қазір өзім Алматыдағы жергілікті арнадан берілетін «Әзіл-мәзір» әзіл-сықақ бағдарламасының жетекшісімін, — дейді Кенжебек.

Ақтөбеге  жаңа бағдарламасымен келген Кенжебектің «командасында» актерлер Мәлік Әбдіраманов пен Бауыржан Ордалар бар. Студенттер сарайында өткен «Әзіл-мәзірдің» концертіне жиналған жұрт Кенжебектің әзіліне мәз боп күліп, Алматыда жүрген ауылдың баласына тілегін айтып тарқады.

***

Сейсеннің альбомы

Әнші, сазгер Сейсен Айтжанов «Өзіңмен біргемін» атты әндер жинағын шығарды. Сейсен қаламыздағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация колледжінде қызмет етеді. Ол осы оқу орны жанындағы «Маэстро» дыбыс жазу студиясының көркемдік жетекшісі. Жақында аталған колледждің жастар ісі жөніндегі комитеттің ұйымдастыруымен әнші альбомының тұсаукесері өтті.

— Ұжымымыздағы әрбір адамның қандай да болмасын жетістігі — біздің ортақ жетістігіміз. Сондықтан Сейсен Айтжановтың бұл қуанышын өз қуанышымыздай қабылдап, шағын кеш ұйымдастыруды ұйғардық, — дейді жастар комитетінің төрайымы Жайнагүл Мырзабекова. Сейсеннің айтуынша, колледж директоры Жақсылық Асқаровтың өнерге деген қамқорлығы ерекше.

Жинаққа әнші-сазгердің 17 әні енген. Әндер «Маэстро» студиясында жазылған, оларды өңдеген — Ерлан Саудабаев. Алматыдағы «Дастан» студиясынан шыққан  күйтабақ 1000 данамен таралған. Әндерді Сейсеннің өзі және ақтөбелік әншілер орындайды. Күйтабақта әншінің өз орындауындағы «Өзіңмен біргемін» атты бейнеклипі бар. «Күйтабақты шығаруға демеуші болған «Ақтөбе-Капитал» ЖШС директоры Қайрат Бермағанбетовке газет арқылы алғысымды білдіргім келеді», — дейді Сейсен.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button