Денсаулық

Энергетикалық сусындардың зияны қандай?

Ақтөбе қаласындағы №16 мектепте энергетикалық сусындарға қатысты шара өтті. Жиынды «Отырар білім» медициналық-сауықтыру орталығы ұйымдастырды.

Орталықтың психиатр наркологі Юлия Ратушная оқушыларға  энергетикалық сусындардың пайдасы мен зияны туралы кеңінен айтып берді. Оның айтуынша,

энергетикалық сусындардың құрамына кофеиннен бөлек, таурин, инозит, аминқышқылдары, рибоза және дәрумендер секілді микроэлементтер кіреді. Көп жағдайда бұндай сусындарды адамдар  шаршағанды басып, ұйқыны ашу үшін ішеді. Әсіресе, спортшылар, жүргізушілер тұтынады. Жастар, оның ішінде түнгі клубқа баратындар да бұндай сусындарға әуес келеді. Наркологтің айтуынша, сусындарды мөлшерімен ішкен дұрыс. Күніге бір құтыдан артық ішуге болмайды. Энергетикалық сусындардың пайдасы қандай? Бұндай сусын көңіл күйді көтереді, ұйқыны ашады, белсенділікті жоғарылатады. Сусынның құрамындағы қоспалардың әсері адам бойында 3-4 сағатқа дейін сақталады. Ал зияны қандай? Сусынның бұндай түрі энергиямен қамтамасыз етпейді, керісінше қоздырады. Қарапайым тілмен айтсақ, біз өзіміздегі энергияны өзімізден қарызға аламыз.  Егер сусынды жиі тұтынатын болсақ, оның зияны көп. Кейін қарызды ұйқысыздық, шаршағандық, ашуланшақтықпен қайтаруымызға тура келеді. Ғалымдардың айтуынша, глюкоза мен кофеиннен тұратын сусындар жас балаларға өте зиян.

Юлия Ратушная сусынның әсері тарқаған соң тынығу керектігін айтты. Энергетикалық сусындарды жүкті әйелдерге, балаларға, егде жастағы адамдар мен жасөспірімдерге тұтынуға болмайды. Жүрек-қан тамыр жүйесі бұзылған адамдар да абайлауы керек. Сусынды жиі ішетін адам артық салмақ қосады. Ал оның соңы түрлі дертке душар етуі мүмкін.

Шараның соңында оқушылар сұрақтар қойды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button