Білім

Ескі мектептер қайта жаңарады

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева Ырғыз ауданының орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі мектептерді аралады.

Басқарма басшысы алдымен 1985 жылы салынған Қарақұдық негізгі мектебін аралады. Мектеп директоры жергілікті кәсіпкер Хамит Өтеуовтің мектепке көрсеткен көмегін ерекше атап өтті. Ол жиырмаға  жуық оқушыға мектеп жанындағы интернатта жатып білім алуына мүмкіндік жасап, мектептегі спорттық алаңды жабдықтап берген.

Бұдан кейін 1965 жылы бой көтерген Құмтоғай орта мектебінде болды. Сұхбат барысында Ләззат Оразбаева келер жылы жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, 2019 жылы барлық талаптарға сай жаңа ғимаратқа көшетіндігін жеткізді.

Сондай-ақ, Ырғыз ауданындағы Шеңбертал ауылы да жаңа мектептің құрылысын күтуде. Қазіргі таңда мектепте 135 оқушы  білім алып жатыр. Мұндағы ұстаздардың айтуынша, мектепте оқушылар саны толық болғанымен, лабораториялық кабинеттер жоқ көрінеді.

Кездесу барысында келер жылы Шеңбертал мен Жаныс би ауылдарындағы ескі мектептердің орнына 100 орынға шақталған жаңа типтегі мектептер салынатыны айтылды. Әр мекеменің педагогикалық ұжымымен кездескен Ләззат Оразбаева олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, өзекті мәселелерді талқылады.

Жаңа басшының сапары аудан орталығындағы Ырғыз мектеп-гимназиясы, интернат, №2 орта мектеп, «Аққайың» балабақшасы және өнер мектебі ұйымдарын аралаумен аяқталды.

Үш ауысымда оқитын Ырғыз мектеп-гимназиясының ұжымы қазіргі таңда құрылысы басталған жаңа ғимаратқа көшуге әзір.

Ләззат Оразбаева аудандық білім бөлімінің басшысына ескі ғимараттарды балаларға қосымша жаңа үйірмелер ашу мақсатында мектептен тыс мекемеге өткізуді тапсырды.

Он беске жуық білім беру мекемелерін аралау барысында басқарма басшысы аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасының әлсіздігін, ғаламтор желісі жылдамдығының төмендігін көрді. Аталған мәселелер мен түскен ұсыныстарды қолға алуға уәде берді.

Сонымен қатар Ләззат Оразбаева жергілікті кәсіподақ ұйымына мұғалімдердің өміріне белсенді түрде атсалысып, жас мамандарға өз міндеттері мен құқықтарын таныстыруды, ұстаздарға Қазақстанның шипажайларына жолдама беру жұмыстарын тапсырды.

А.БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button