Денсаулық

«Аktobe мedical center» орталығы және жаңа мүмкіндік

Тұңғыш Президент күніне орай «Aktobe мedical center» орталығында 1 қарашадан бастап, Ашық есік күні өтіп жатыр. Кез келген қала тұрғыны ешқандай жолдамасыз,  әр жұма сайын орталықтың  профессорлары мен білікті  дәрігерлерінен тегін кеңес ала алады. Он бес күннің ішінде 100-ден аса адам дәрігерге қаралған.  

Жалпы «Aktobe мedical center» орталығының құрылғанына биыл — бір жыл. Еліміздің батыс өңірінің халқына медициналық қызмет көрсететін орталықта әлі де қыруар шаруа атқарылады. Бұл туралы орталықтың бас дәрігері  Рүстем Исаев айтып берді.

 

— Ашық есік күні тұрғындарға үлкен мүмкіндік. Шара қай уақытқа дейін жалғасады?

— Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ашық есік күнін өткізіп жатырмыз. Мақсат — тұрғындар денсаулығын нығайту, оларға профессорлар мен тәжірибелі, жоғары санатты  дәрігерлердің кеңесін тегін алуға мүмкіндік жасау. Жұма күні сағат 12.30-дан бастап 15.30-ға дейін кез келген қала тұрғыны ешқандай дәрігердің жолдамасынсыз-ақ ауруханаға келіп қаралуына болады. Шара желтоқсан айына дейін жалғасады. Ауруханада университеттің алты кафедрасы бар. Оның ішінде медицина ғылымдарының докторы, профессорлар, ғылым кандидаттары жұмыс істейді. Бөлім меңгерушілерінің барлығы жоғары санаттағы дәрігерлер. Ашық есік күнінде тұрғындар осы мамандардың көмегін еш кедергісіз алады. Облыстық балалар ауруханасында да осындай Ашық есік күні өтіп жатыр.

Сондай-ақ аурухананың бірінші қабатын шағын емхана қылып қайта құрып, ақылы түрде қызмет ететін төрт кабинет ашып қойдық. Себебі білікті дәрігерлер күні бойы осы ауруханада жүреді. Оларды іздеп келетін тұрғындар аурухананың ішін аралап, адасып кетеді. Енді дәрігерге келген науқас бұрынғыдай мекеменің ішін шарламайды, бірінші қабаттан-ақ барлық шаруасын шешеді. Әр дәрігердің өзінің қабылдау өткізетін уақыты бар. Компьютерлік, магниттік томография секілді диагностика жүргізетін құрал-жабдықтардың барлығы бірінші қабатта орналасқан. Қан сараптамасын да осы жерде тапсыруға болады. Сонымен бірге аудандарға онлайн түрде медициналық кеңес береміз. Мәселен, аудандағы  хирург жасап жатқан отаны біз осы жерде көріп отырамыз. Мамандар хирургке онлайн түрде кеңес береді. Аудан дәрігерлері науқасты электрокардиограммаға түсірсе, оның қорытындысы бірден осы ауруханаға түседі. Бұл жердегі кардиологтар қорытындыға қарап науқаста инфаркт бар ма, жоқ па, соны анықтап береді. Бұл аудан дәрігерлеріне үлкен көмек, әрі олардың тәжірибесін шыңдайды.

 Орталықта ана мен бала денсаулығына да ерекше назар аударылатын болар?

— Әрине, қай уақытта да бірінші кезекте ана мен бала денсаулығына баса мән беріледі. Қазіргі күні аурухананың перзентхана бөлімі жүкті әйелдерге жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Жалпы перзентханалар жүкті әйелдерді үш деңгей бойынша қабылдайды. Бірінші деңгейге денсаулығы қалыпты, өздігінен босана алатын әйелдер жатады. Олар қарапайым перзентханаларға жіберіледі. Екінші деңгейдегі, яғни  аса қауіпті емес асқынулары бар  әйелдерді қаладағы №1 перзентхана мен Қарғалы перзентханасы қабылдайды. Ал үшінші деңгей бойынша, яғни әр түрлі қосалқы ақауы бар, бауыры, бүйрегі, тағы басқа мүшелері ауыратын жүкті әйелдер осы ауруханаға келеді.  Ал аса қауіпті төртінші  деңгей болса, жүкті ананы Астанаға жібереміз. Бірақ бұндай жағдай өте сирек кездеседі.  Жылына әрі кетсе екі үш адам барады. Жалпы осы аурухананың перзентхана бөлімінде медициналық университеттің акушерлік-гинекология кафедрасы орналасқан. Кафедраның ғалымдары  біздің дәрігерлердің жұмыстарын бақылап, қателіктердің алдын алып отырады.

—  Биыл медициналық кластердің бір жылдығына орай үлкен форум өткіздіңіздер. Біраз меморандумдарға қол қойылды. Нәтижесі қандай?

—  Форум аясында біраз келісім жасалды. Оның ішінде республикалық «Ұлттық нейрохирургия» орталығының директоры Серік Ақшолақов екеуіміз ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Сол кісінің қолдауымен келер жылы  аурухана ішінен госпитальді фармация бөлімін ашуды жоспарлап отырмыз. Мақсат — дәрі-дәрмекті тиімді жұмсау. Қазір әрбір бөлімде егілу кабинеті  бар. Шыны керек, дәрі-дәрмектер оңды-солды қолданылып жатады. Ал госпитальді фармация бөлім ашылғанда барлығы бір жерде болады. Бөлім мамандары әрбір науқасқа қажетті дәріні белгіленген мөлшері бойынша дайындап береді. Ампулада қалып қойған дәрі төгілмейді. Оның жартысы сол сәтте басқа науқасқа қолданылады. Бұндай тәжірибені алғаш рет Серік Ақшолақов өзі басқаратын орталыққа енгізген. Нәтижесінде дәрі-дәрмекке жұмсалатын қаржыны үнемдеген. Бізге де осы әдіс керек. Дәріге жұмсалатын шығын нәтижелі болуы тиіс.  Біз осы әдісті біртіндеп енгіземіз. Алдымен екі-үш бөлімді біріктіреміз. Егер нәтижесі ойдағыдай болса, әрі қарай жалғасады. Облыстық балалар ауруханасына да осы әдісті қолданып көреміз. Госпитальді фармация бөлімінде ұлттық формулярға кіретін дәрі- дәрмектер ғана беріледі. Себебі бұл дәрілердің тиімділігі ғылыми түрде дәлелденген. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Орталықта дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету директоры деген штат ашылды. Клиникалық фармаколог жұмыс істеп жатыр. Мамандардың барлығы дайындықтан өтеді.

— Кезінде аурухананың дайын жобамен салынып қалғаны,  бос жерлердің көп екені айтылып жүр?

— Ол рас. Ауруханада үлкен дәліздердің, артық жерлердің көптігі коммуналдық шығындарды өсіріп отыр. Сондықтан оларды тиімді пайдаланудың жолы қарастырылып жатыр. Қазіргі күні қабылдау бөлімін қайта құрдық. Ұзын дәлізді студенттерге арналған галерея ретінде қайта жарақтау жұмыстары жүріп жатыр. Қаңтардан бастап әр бөлімде жүрген студенттер бір жерге шоғырланады. Сондай- ақ бірінші қабатқа да қайта құрастыру жұмыстарын жүргізбекпіз. Бұл жерде инфаркт, миокард дертіне шалдыққан науқастар емделеді. Ангиография да осы қабатта орналасқандықтан ауруды дер кезінде тексеруге мүмкіндік бар. Жүрек талмасы ұстап, шұғыл түскен науқасты әрі-бері сүйреп жүріп, уақыт өткізіп алмаймыз. Кардиологияда «Алтын сағат» деген ұғым бар. Егер инфаркт алған науқасқа бір сағаттың ішінде нәтижелі ем жасалса, оны аман алып қалуға болады. Жалпы барлығы менеджментке байланысты. Егер менеджмент дұрыс үйлестірілсе, ешқандай проблема болмайды. Мәселен, қабылдау бөлімін қайта құрып едік, бұрынғыдай тұрғындардан шағым азайды. Науқастар кезек күтпейді. Осылайша біртіндеп аурухананы жаңа заманға сай оңтайландырып жатырмыз.

Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық орнады. Ақтөбеліктер профессор Кванг Вунг Лиді жақсы танып қалды. Бұл әріптестік әлі де жалғаса беретін болар?

—  Әрине, Оңтүстік Корея — біздің стратегиялық серіктесіміз. Екі аймақ арасындағы байланыс жалғаса береді. Жуырда сол елде өткен Азия елдерінің үлкен ғылыми форумына қатысып қайттық. Осы ауруханадан төрт хирург және мен бардым. Менің барудағы мақсатым — Кореядағы Че кап орталықтың  жұмысымен танысу еді. Себебі келер жылы осы аурухананың алдынан кореялық бренд бойынша Че кап, яғни диагностикалық орталық салынады. Кореялық мамандар біздің дәрігерлер әбден үйреніп кеткенше орталықта жұмыс істейді. Бұл жерде барлық ауру бойынша тексерулер жүріп, нақты диагноздар қойылады. Кореяға барған сапарымда сол елдің орталықтарымен жан-жақты таныстым. Сеулдегі диагностикалық орталықтар кәдімгі бизнес орталықтардың ішінде орналасқан. Тексерілуге келген науқасқа әр түрлі пакет ұсынылады. Мәселен, бірінші пакетке тексерудің бірнеше  түрі кірсе,  екінші пакетте сіз бір ғана ауру бойынша тексеріле аласыз, ал үшіші пакет сәл күрделі, жан-жақты тексерістерден өтуге арналған.  Науқас өзі қалаған пакетті алып, сол жерде барлық тексеру түрінен өтіп шығады.  Анда-мында сандалып жүрмейді.

— Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Жоспар көп. Келер жылы балалар ауруханасының қасынан  онкогематолгиялық бөлім салынады. Себебі қазір балалар арасында онкологиялық ауру көбейді. Тіпті бір жастағы сәбилердің ішінде лейкозға шалдыққандар бар. Егер дер кезінде ем жүргізілмесе, балалардың өмірін сақтап қалу қиын. Бөлім ашылған кезде оларды жүйелі емдеуге мүмкіндік туады. Қазір аурухананың артқы жағында  облыстық перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Ғимарат біткен кезде ол аймақ «Ана мен бала»  орталығы аталады. Ана мен балаға көрсетілетін барлық медициналық көмектер сол жерде жасалады. Жалпы Ақтөбедегі балалар дәрігерлерінің біліктілігі өте жоғары. Оның ішінде балалар кардиологтарының құрамы мықты. Қазір ақтөбелік бригада еліміздің Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарын аралап, ота жасап, ем жүргізіп жүр. Нәтижесінде операцияға бөлінетін қаржы облыстық ауруханаға төленеді.

Сондай-ақ болашақта нейрохирургия бағыты бойынша жұлын орталығын ашқымыз келеді. Егер жоспар жүзеге асса, әр түрлі жағдайлардан омыртқа жұлынына зақым келіп, төсекке таңылып жатқан науқастарды емдеуге болады.

Келер жылы ауруханадағы 320 кереуетке тағы 80 кереует қосамыз.  Себебі кейбір бөлімдерге науқастар жиі түседі де орын жетпей жатады. Сонымен қатар жаңа үш бөлімше ашылады. Олар — пульмонология, торокальді және онкологиялық бөлім. Пульмонология мен торкальді бөлім бір-бірімен тығыз байланысты. Екеуі де өкпе мен тыныс алу жолдарының ауруларын емдейді. Пульмонологияда консервативті ем жүргізілсе, торокальді бөлім мамандары хирургиялық ем жасайды. Ал онкологиялық бөлімге  қатерлі ісікке шалдыққан науқастар келеді. Қаладағы онкологиялық орталықта адам көп. Науқасқа нақты диагноз қойылғаннан кейін біраз уақыт, кейде алты айға дейін жүріп қалады. Ал қатерлі ісікке  душар болған адамға ем бірден жүргізілуі тиіс. Осы ауруханада бұндай дертті емдеу үшін барлық мүмкіндік бар. Төрт-бес күннің ішінде нақты диагноз қойылады.

 — «Aktobe мedical center» орталығы еліміздің батыс өңіріне қызмет көрсетеді. Бұл қызметке санитарлық авиация кіре ме?

— Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының ақтөбелік дәрігерлерге берген тапсырмасының бірі — Ақтөбенің батыс аймақтағы медициналық орталыққа айналуы.  Әкімдіктің қолдауымен осы мақсаттағы жұмыстар біртіндеп жүзеге асып келеді. Оның ішіне санитарлық авиация бойынша да көмек кіреді. Бұрын бұл қызмет түрі жедел жәрдем ауруханасының ішінде орналасса, қазір жаңадан салынған жедел жәрдем бекетіне көшті. Енді республикалық орталық қаржы мен ұшақ берсе, шұғыл көмектің барлығы Ақтөбеден көрсетіледі. Мәселен, науқасты Оралдан Астанаға тасымалдағанша, оны Ақтөбеге әкелген экономикалық жағынан әлдеқайда тиімді. Медициналық қызмет көрсетуге ақтөбелік дәрігерлердің біліктілігі жетеді және қажетті құрал- жабдықтардың барлығы бар.  Қазірдің өзінде батыс аймақтан келетін науқастар көп. Облыстық аурухана батыс өңірлерге жылына екі жүз квота бөледі. Олар жыл бойы науқастарды жіберіп отырады.

— Ақтөбеде белорустердің еліміздегі алғашқы имплант өндірісін салатыны айтылды. Осы шаруа қалай жүріп жатыр?

— Белоруссияның «Медбиотех» компаниясы 24 жылдан бері медициналық мақсаттағы имплант бұйымдар мен ғылымды көбірек қажетсінетін  технология өндірісін әзірлеумен айналысады. Белорустер Қазақстан нарығын зерттей келе, Ақтөбе облысының болашағы зор деп танып, өз ұсыныстарын айтты. Олар Ақтөбеден  жоғары технологиялы медициналық зауыт салмақ. Нейрохирургия мен травмотология, ортопедияға қажетті протездер, түрлі темірден жасалған бұйымдарды шығарады. Зауыт салынса біз үшін де тиімді болмақ. Себебі біз қажетті импланттарды кәдімгі базардағы сауда сияқты «бізге осындай керек» деп интернетке саламыз. Алматы және тағы басқа аймақтардан өз тауарын ұсынатындар байланысқа шығады. Көп жағдайда олардың арасында делдалдар жүреді. Бұл тауардың өзіндік құнының қымбаттауына әкеледі. Ал зауыт салынған кезде біз импланттарды ешқандай делдалсыз сатып аламыз. Қазір травмотология бөлімінде жамбас, тізе буындарының оталары жасалып жатыр. Оларға біз сапалы, титан металынан жасалған протездерді сатып аламыз.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button