Басты бет » Жаңалықтар » Есет Қуанов — самбодан әлем чемпионы

Есет Қуанов — самбодан әлем чемпионы

Брифинг

Ресейдің Сочи қаласында ерлер мен әйелдер арасында және әскери самбодан өткен әлем чемпионатында ақтөбелік Есет Қуанов алтын медальға ие болып, чемпион атағын жеңіп алды. Бұндай жеңісті елімізге осыдан 12 жыл бұрын самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы Асхат Шахаров сыйлаған болатын. Сондай-ақ осы сайыста алғаш рет әскери самбодан Амандық Асауұлы қола жүлдені жеңіп алды. «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте спортшылар қуанышын БАҚ өкілдерімен бөлісті. 

Сочи қаласында өткен әлем чемпионатына 93 елден спортшы қатысты. Осы сайысқа  еліміздің құрама командасынан 27 спортшы барды. Соның ішінде Есет Қуанов 62 келі салмақ дәрежесінде ресейлік Аслан Мудрановты жеңіп, алтын медальды мойнына тақты.  Ал Амандық Асауұлы әскери самбодан 62 келі салмақта сынға түсіп, қола медальды еншіледі.

Облыстық денешынықтыру және  спорт басқармасының басшысы Нұрлыбек Жүсіпов спортшыларды жеңістерімен құттықтады.

Есет Қуанов — Ақтөбе қаласының тумасы. 1992 жылы 8 тамызда дүниеге келген. Есеттің есімі батыр атамыз Есет Көкіұлының құрметіне қойылған. Спортшы дүниеге келерден бірнеше апта бұрын Есет Көкіұлының 325 жылдығы тойланыпты. Ағайын-туыс ырым қылып, балаға батырдың есімін береді. Ал батыр бабамыздың есімін иеленген спортшы Есет атамыздың 350 жылдығы тойланып жатқан сәтте әлем чемпионатында жеңіске жетіп,  алтын медальды иеленді.

— Бұл, әрине, сәйкестік десек те, батыр атамыздың рухы желеп-жебеп жүргеніне сенеміз. Есеттің жеңісі бәріміздің қуанышымыз. Барлық жеңіске еңбектің арқасында ғана жетуге болады. Осы жолда Есет те, Амандық та  үлкен күш жұмсады. Есет — болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы. Тек қана самбо емес, дзюдодан да жетістіктерге жетіп жүр. Биыл Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық жарыста бірінші орын алды, — деді Нұрлыбек Жүсіпов.

Есеттің өзі бұл жарыстың оңай болмағанын айтты.

Қарсыластарымның барлығы осал емес. Дегенмен бар күшімді салып, жеңіп шықтым. Менің жеңісіме қуанып, оны бөліскен баршаңызға алғысым шексіз. Бұл жеңіске тек өзімнің күшіммен жеттім деп айта алмаймын. Достарым мен бапкерлерімнің арқасында алтын медалға ие болдым. Бәріңізге рақмет айтамын, — деді Есет.

Есет Қуанов алдағы уақытта  дзюдо бойынша әлемдік жарыстарға қатысқысы келетінін айтты. Спортта самбо мен дзюдо қатар жүреді. Самбомен айналысқан спортшы дзюдомен де шұғылданады.  Бір айырмашылығы, самбо олимпиадалық спорт түріне жатпайды. Бірақ биылдан бастап самбоның Азия ойындарының қатарына енгенін ескерсек, олимпиада ойындарының тізіміне енуіне де аз қалғанын байқауға болады.

Қола жүлдені еншілеген Амандық Асауұлы — Байғанин өңірінің перзенті. Бұл чемпионат — Амандықтың сыртта өткізген алғашқы жарысы.

— Алғаш рет осындай үлкен сайысқа қатыстым. Сондықтан қателіктерге жол беріп алдым. Келер жылғы чемпионатта мықтылығымды дәлелдегім келеді. Әскери самбоның айырмашылығы —  сайыста аяқ, қол, бас — барлығы қолданылады, яғни төбелес сияқты, — деді Амандық.

Спортшыларды қазіргі күні жаттықтырып жүрген Ақәділ Убаев екі жастың болашағынан үлкен үміт күтетінін айтты.

— Бұндай жеңіске алғаш рет Асхат Шахаров жетсе, енді, міне, Есет Қуанов қуантып отыр. Ал Амандық — әскери самбодан Ақтөбе өңірінен шыққан тұңғыш қола жүлдегер иесі. Спортшылар бұнымен тоқтап қалмайды, алда өтетін үлкен жарыстарға қатысады. Есет сәтін салса, келер жылы Джакарта қаласында өтетін Азия ойындарына барады, — деді жаттықтырушы.

Есеттің алғашқы жаттықтырушысы — Есенгелді Мысин. Кейін Алтынбек Жиенбаев дайындаған. Ал қазіргі күні самбодан аға жаттықтырушы Ақәділ Убаев дайындап жүр.

Брифингте ардагер спортшы Асылбек Құлмағанбетов жеңімпаздарға сәттілік тіледі. Оның айтуынша, самбо күресі Ақтөбеде 1976 жылы ашылыпты. 1992 жылдан бастап әлем чемпионаттары мен кубоктардан ақтөбелік спортшылар жүлдесіз оралмаған.

Жиында Есеттің атасы Хамза Қуанов жастарға батасын берді.

Нұрлыбек Жүсіпов биылғы жылы әлемдік жарыстарда жеңіске жеткен спортшылар жыл соңында марапатталатынын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.