Ауыл

«Малайдарға» бекіре жіберілді

Ырғыз

Облысқа белгілі кәсіпкер Ибрагим Сәрсенбаев жалға алып отырған  «Малайдар» көлдер жүйесіне 100 бекіре балығының тұқымын жіберді.

Өткен аптада  Ибрагим Сәрсенбаев басқаратын «Наурыз СИМ» ЖШС-ның жұмысшылары  «Малайдар» көлдер жүйесіндегі Тайпақ, Асабай көлдерін аралап,  Ақтөбеден әкелінген бекіре балығының тұқымын Асабай көліне жіберді. Оның себебі бұл үш көл  бір өзекпен жалғасып жатыр.

Әрине — бұл шаруа —  үлкен тәуекелдің ісі. Бірақ  тәуекел кейде үлкен жеңістерге алып келеді.  Бекіре тұқымын  жіберіп қана қоймай, оларға алғашқы уақытта жем де шашуымыз керек. Себебі  балық табиғи ортаға бірден үйреніп кете алмауы мүмкін. Қыста мұздан ойық ойып, оның бетіне қамыс төсеу жұмыстары да жүргізіледі. Ол  балықтар тұншығып қалмас үшін жасалады, — деді Ибрагим Сәрсенбаев.

Бекіре тұқымы «Ардағым» ЖШС-нан алынды.  Жалпы  екі серіктестік арасында іскерлік байланыс көптен орныққан. Өткен жылдары да «Малайдар»  көлдер жүйесіне сазан мен тұқы шабақтары жіберілген еді. Сол күнгі ауа райының қолайсыздығына, жауып тұрған қара жаңбыр мен қатты желге қарамастан   серіктестік  жүргізушісі Жолдыбай Мусин балықтарды  аман жеткізсе, балықшы Мұратбек Маханов әр балықты бір-бірлеп көлге жіберді.

Балығы көп болғанмен, Ырғыз үшін бекіре — таңсық ас. Ендеше, енді бір-екі жылда ырғыздықтар бекіренің белдемесі мен қара уылдырығын дастарқандарына қоятын болады.

Жалпы Ибрагим Сәрсенбаевтың туған өлкеге жасап жатқан игі істері аз емес. Жетім балаларға арнап салынып жатқан үй құрлысы да бітуге таяу.  Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірнеше жас отбасы баспаналы болады. Бұл үшін кәсіпкер Алға балалар үйінің директоры  К.Байғазинмен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Ш.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,

Ырғыз ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button