Басты жаңалықтарМәдениет

Ұлы даланың айбары

Есет Көкіұлының туғанына — 350 жыл

…Тарихшылардың айтуынша, «Нар мойыны кесіліп, Бердібек хан өлген жер» делінген, сонау Алтын Орданың Жәнібек (342-1357жж.), Бердібек (1357-1359 жж.) хандарының билігінен кейін-ақ, Ұлы Дала тарихы сан қилы қанды оқиғаларға толы болды. Ақ Орданың еңсесін қайта тіктеу мұратымен Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан кейін де, тыныштық орнай қоймаған. Жан-жақтан анталаған жау тыныштық бермеген. Сол тарихты зерделей келе, шет жұрт зерттеушілерінің бірі: «Осынша шапқыншылықты бастан өткерсе, басқа халық баяғыда құрып кетер еді» — деген екен.

Ал Ұлы Дала халқы сақталып қалды. Бұлл, ең алдымен, Даланың айбары болған рухты перзенттерінің — батырлардың арқасы еді. Сол батыр бабаларымыздың бірі — Есет Көкіұлының туғанына 350 жыл толып отыр.

 Мәңгілік елдің азаттығын ту еткен

Есет Көкіұлы 1667 жылы дүниеге келген. Бұл — қазіргі ресми тарихнамада нақты белгіленген дата. (Есет батырдың туған жылына байланысты басқа да пікір болғанмен, бүгінгі әңгімеде біз оны қозғамағанды жөн санадық.)

Ауызша деректер бойынша, Есет батыр 15 жасынан атқа мініп, ел қорғау ісіне араласқан. Бір шайқаста ерекше көзге түскен Есет батырға әз Тәуке ханның өзі риза болып, бата берген деседі.

Есет батыр — ел басына күн туған қиын кезеңде Әбілқайыр ханның ақылшы досы, сенімді серігі болған тұлғалардың бірі. «Саяси күрделі кезеңдерде хан Жәнібекті, Бөкенбайды, Есетті жанынан тастамағандығы архивтік құжаттармен дәлелденеді», — деп жазды Зәкіратдин Байдосов.

Ол туралы ауызша деректер ғана емес, жазбаша мәліметтер де сақталған. Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистріДархан Жұмағалиев «Есет тарханның туған жылы анықталды» атты мақаласында: «XVII ғасырдың аяғы — XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі бізге белгілі жазбаша деректерде Есет тарханның есімі алғаш рет, Өзен шатқалында орын алған біріккен қазақ-қарақалпақ жасақтары мен қалмақтар арасында болған шайқасқа байланысты мағлұматтарда кездеседі. Мәселен, 1724 жылғы 22 тамыздағы қалмақ істері журналында қазақтар мен қарақалпақтардың қалмақ билеушісі Доржы Назаровтың ұлы Лекпей тайшының ұлыстарына шабуыл жасағаны айтылады. Тұтқынға түскен қазақ сарбазы Апан Қайсарұлын тергеу кезінде, біріккен жасаққа қазақтың Есет батыры басшылық еткендігі анықталған. Бүгінгі күні бұл мағлұмат Есет тарханның есімі аталған алғаш деректің бірі болып есептеледі», — деп жазды.

Ал тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зәкіратдин Байдосов Есет Көкіұлы туралы деректерді 1987 жылдан бастап жинақтаған. 1992 жылғы 1-5 қыркүйек аралығында Ақтөбе топырағында Есет батырдың туғанына 325 жыл толуына орай үлкен той өткені белгілі. Осыған байланысты облыстық «Ақтөбе» газеті сол жылдың 2 қыркүйегінде шыққан нөмірін түгелдей Есет Көкіұлы бабамызға арнаған. Осы нөмірдегі сұхбатында Зәкіратдин Байдосов бір ғана Орынбор облыстық мемлекеттік архивінен Есет Көкіұлына қатысы бар құжаттардың жалпы көлемі 400 парақтық көшірмесі алынғанын айтады.

Сондай-ақ, газетте аталған архивтің 2-қоры, 1-тіркеуінен алынған 7-істе баяндалған хабардың аудармасы дабасылыпты. Шекесінде «Князь Урусовтың генерал-губернаторының жарлығы. Ұлы мәртебелі императордың кабинетіне хабар» деген жазуы бар құжатта: «Сыртқы істер мемлекеттік коллегиясына (қысқартылып отыр) 1740 жылғы қаңтардың 10-ы күні. Қазіргі уақытта бұдан үш ай бұрын қайсақ ханы Әбілқайыр қайсақ басшыларына хат жолдап, онда бас қосып, қалмақтарға қарсы шығуды, олардың жылқылары мен адамдарын алуды тапсырған… Қайсақтың бас көтерер бес батыры, бірінші — Есет батыр, екінші — Серке батыр, үшінші — Құдайназар батыр, төртінші — Қадір батыр, бесінші — Менгжср батыр 3 мың адамдық әскер жинап, Жайық өзенінен өтті, теңіз жағалап, құм бойымен қалмақтар отырған жерлерге бет алды.

Қайсақ әскерлері үш партияға бөлінді. Бірінші партияның әскерлері Серке батыр мен Есет батырда…» — деп баяндалады.

Он бес жасынан қолына қару алған Есет бабамыз қазақ даласының ол тұсы мен бұл тұсында жан-жақтан анталаған жауға қарсы осындай шайқастардың қаншасын бастан өткерді екен? Мысалы, тарихшылар маңыздылығыҰлы Отан соғысындағы Мәскеу түбіндегі жеңіспен пара-пар екенін айтып жүрген 1727 жылғы Бұланты шайқасында, одан кейінгі Аңырақай шайқасында Есет батыр қазақ әскербасылары қатарында болған. Қазақ билеушілері мен әскербасыларының бұл шайқастарға қаншалықты күш-жігер жұмсағанын, барлығы алдын ала ойластырылған, өте тиянақты, үлкен әзірлікпен келгенін2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай Ақтөбеде өткен ғылыми конференцияда белгілі ғалым Ирина Ерофеева жасаған баяндаманың мына шағын үзіндісінен байқаймыз:«Жоңғар әскерінің Ұлытаудан Бұланты-Білеуті аралығына шегінген жолы мен 1727 жылы басты шайқас өткен Қарасуырдың ландшафттық-геоморфологиялық сипаттары Әбілқайыр мен оның серіктерінің жоңғарларға қарсы шайқаста еуразиялық көшпенділерге ежелден таныс «аң аулаудағы қаумалап ұстау» әдісін пайдаланғанын көрсетеді. Мұндағы басты мақсат — жауды жан-жақтан қаумалап, бір бағытқа қарай қуалай жүріп, алдын ала әзірленген «торға» әкеліп түсіру. Қазақ жасақтары әр тұстан бір-біріне қарай қозғалып, жауды тиісті бағытқа қуалай отырып, ақыры белгіленген орын — Қарасуыр маңындағы ұрыс өткізуге қолайлы, құрғақ жазықтықта қоршауға алды. Ұрысты ұйымдастыруда «қаумалап ұстау» әдісіне тән: әскерді кем дегенде үш ірі топқа бөлу; оларды орталыққа және оң-сол қанаттарға орналастыру; түрлі деңгейдегі әскербасылар арасында тәртіптің қатаң сақталуы; қатардағы жауынгерлердің бұйрыққа бағынуы; бөлінген топтар іс-қимылдарының мейлінше үйлестірілуі сынды принциптер орындалған. Әбілқайыр хан ұрыс жүргізудің мұндай әдісін жоңғарларға қарсы 1727 жылы Сарыарқа мен Бетпақдала аумағында ғана емес, кейіннен Шу-Іле аймағының шығыс бөлігінде, Аңырақайда өткен шайқаста да қолданды».

Ел аузында сақталған «Ту ұстап, тарлан мінген Есет», «Ердің соңы — Есет» деген сөздер бар ғұмыры ат үстінде, от пен оқтың арасында өткен Есет Көкіұлы бабамыздың даңқының мәңгі өлмейтінін айғақтайды.

Тайсалмайтын батырлар әулеті

Батыр атағы ешқашан әкеден балаға мирасқа берілмеген, ондай атаққа тек жеке ерлігі арқылы ғана қол жеткізе алатын болған. Алайда жаугершілік заманда атаның да, әкенің де, баланың да, яғни тұтас бір әулеттің батырлардан құралуы тіпті де таңғаларлық жайт емес еді. Есет батыр да сондай әулеттен шыққан тұлға.

Оның өзі ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы жоңғар, қалмақ, Ресей басқыншылары, т.б. жауларға қарсы шабуылдар кезінде жан аямай айқасқан, сан рет қол бастаған болса, ал әкесі Көкі батыр Орбұлақ шайқасындағы ерлігімен тарихта қалған. Әйгілі Орбұлақ шайқасы 1643 жылдың жазында өткен болатын. Батыр қоңтайшының қалың қолын 600 сарбазбен тоқтатқан Жәңгір ханғакөмекке барған Жалаңтөс баһадүрдің 20 мың әскері қатарында, тарихшылардың айтуынша, Көкі де болған. Осы шайқастан кейін Жәңгір ханға «Салқам» (яғни, айбатты) атағы берілді, сөйтіп, ол ел аузында Салқам Жәңгір деген атпен қалды. Ал Көкі батырдың ел аузындағы аты «Таймас» (тайсалмайтын жан) еді.

Сондай-ақ, өткен ғасырдың 90-жылдарының басындаХалел Досмұхамедұлының «Бұхарадағы Көгілташ мешітінің салынуы туралы әпсана» еңбегіндегі Көге мен осы Көкі батыр бір адам болуы мүмкін деген болжамдар көп айтылды. Алайда, кейін зерттеушілер ХVІІ ғасырдың 20-30-жылдарында туған Көкі батырдың Көгілташ медресесіне қатысы жоқ деген тоқтамға келді.

Ал Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкеріДархан Жұмағалиевтың жазуынша, Есет батырдың арғы бабасы «1546 жылы Сафа-Герей ханмен шайқаста қаза тапқан, Қазан хандығының әйгілі қараша-бегі Шора Нәрікұлы болған. ШораНәрікұлытуралы «История Казанского царства» аттытарихиповестебаяндалады. ЗерттеушілербірауызданШораНәрікұлыбірқатартүркіхалықтарыныңарасындакеңтараған «Шора батыр» эпосының прототипідепанықжазады».

«Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде Мұхтар Мағауин: «Арада үш-төрт ғасыр өткен соң қағазға түскен қазақ жырларында Қазан соғысы айрықша орын алады. Ноғайлы-қазақ батырлары «Қазан қаласынкәпір қамап жатыр» деген хабар алысымен жорыққа аттанады, жауды жеңіп, Қазанды азат етеді.

Мәселен, «Шора батыр» жырында Нәрікұлы Шора:

— Қазан деген қаланы,

Кәпір алды деген соң,

Қайтіп шыдап тұрайын? — дейді», — деп жазыпты.

 «Жауды тіреп жатамын»

Есет батырдың дүниеден өткен жылы және қандай жағдайда бақилық болғаны жөнінде де әртүрлі деректер айтылады. Ресми тарихнама бойынша, ол 1749 жылы, яғни Әбілқайыр ханнан кейін бір жылдан соң қайтыс болған. Зерттеушілердің бір тобы оны өмірден өз ажалымен өтті десе, екіншілері қастандықпен өлтірілген дегенді алға тартады. Мәселен, жазушы Құрал Тоқмырзин былай деп жазыпты: «Көнекөз қарттар айтушы еді: «Есет батырды өлтірген патшаның жалдаптары» деп. Мәселе былай болады: А.И.Тевкелев башқұрттарға сатқындық жасап, олардың көтерілісін басуға қатысқанын, патша өкіметі тарапынан құрметке бөленіп, шен-шекпен алғаны, үлкен иелікке қожайын болғаны белгілі. Башқұрттар бұны естігесін оның иелігін өртейді. Сол тұста Арал батыр башқұрттарға көмекке келеді. Бірақ орыс казактары жабыса жауласқанын қойсын ба, башқұрттар жеңіліп қалады. Арал батыр кейін қашады. Арал Ойыл даласына шегініп кеткесін, оның соңынан жеңілген башқұрттардың біразы қазақ даласына қарай қашады… Осы жолы қозғалысқа, сірә, Есеттің деқатысы болғанға ұқсайды. Сонымен бірге ол: «Одақтасболсақ, болайық! Бірақ орыстарды Оралдың етегінен бері түсірмейік!» деген сөзді айтқан сыңайлы. Патша өкіметінің тьңшыларына бұл сөз, әрине, ұнамады. Есет астыртын назарға алынады. Оның ақыры Есет батырдың белгісіз біреудің қолынан қаза табуымен аяқталады».

Қандай жағдайда қаза тапса да, Есет батырдың өзін жерлеуге байланысты өсиет қылып айтып кеткен: «Мені басымды — шығысқа, аяғымды батысқа қарата жерлеңдер. Көрде де, жауды қазақтың жеріне жібермей, табаныммен тіреп жатайын» — деген сөзі ғасырлар бойы сан ұрпақты елжіретіп те, жігерлендіріп те, жылатып та, жанын жылытып та келеді…

Кесене қалай қайта тұрғызылды?

ХІХ ғасыр соңында шығыстанушы И.Аничков: «Қырғыз-қайсақтар Ресей қылышының жүзімен бағындырылды. Алайда олар өз тәуелсіздіктері үшін ескі заманнан қазіргі заманға дейін күресті, күресіп келеді. Қырғыз-қайсақтар азаттық жолында күрескен қаһарман батырларын қатты қастерлейді» — депті. Шын мәнінде, қазақтың азаттық жолында күрескен перзентінің әрқайсысы халық санасында киелі тұлғаға, әулиеге пара-пар еді. Әбілқайырдың да, Есет батырдың да жерленген орындары халық үшін киелі, қасиетті орынға айналды. Ғасырлар бойы ол жерлерден тәу етушілер қатары үзілмеді. Алайда өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында Есет батыр кесенесі қиратылған. Жергілікті қазақтар оны қайта тұрғызу үшін ұйымдасып, тіпті ақша да жинағанмен, кеңес билігі бұл істі «ескіліктің қалдығы» деген желеумен, дереу тыйып тастаған.

Ал кейін, халықтың, нақты айтқанда, өзін республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлаған Алға және Қобда ауданы жұртының тілегі бойынша, бұл істі қайта қолға алған — белгілі ғалым, сол кездегі Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Мұхтар Арын еді. Бұл жөнінде «Ақтөбе» газетінің 1992 жылғы 2 қыркүйектегі санына журналист Идош Асқар жазыпты. «Іріліктің іздері» атты мақаласында ол: «Осы азаматты Алға мен Қобда ауданының сайлаушылары республика халық депутаттығына сайлағанда, Есет бабаны есте қалдырудың жолын табуды аманат етіп тапсырған еді. Өз тарихынан өзі шошынып, көрген-білгені Ұлы қазан төңкерісі болып, ділінен безген елге үш ғасыр бұрын жасаған ерін еске түсіру ниеті оңай келген жоқ. Облыстың сол кездегі идеологиясы мен басшылары бұл ұсынысқа, шыны керек, миығынан кекесін күліп қарады. Бабаның бейіті орнына ескерткіш екен деуге лайық мазар салу үшін ілкіде 50 мың сомдай қаржы керек болғанда, «ондай ақша қайдан табылады?» деп, қол сілтегендер көп болды.Сонда шаруашылықтарда мыңдаған мал шығын болып, астық жол үстінде ысырап болып жатты. Сол миллиондаған сомдық шығындар ешкімнің басын ауыртқан жоқ. Ал елдік үшін жұмсалатын 50 мың бірқатар басшылардың тамағына көлденеңдеп тұрып алды. Сонда Мұхтар Ғалиұлы осы қызметті институт қызметімен сабақтастырып, тарих факультеті оқытушыларымен бірге жоспар жасады да, ұлутас іздеп Маңғыстау, ал сәулет өнері шеберлерін іздеп Алматы барды… Есеттөбедегі ұлутастан салынған ескерткіште ол кезде Маңғыстау облыстық кеңесінің төрағасы, ал қазір республика Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары Ережеповтің де азаматтық үлесі жатыр. Ол Мұқаң екеуінің келісімі арқылы жеткен-ді», — дейді.

Мұхтар Арын осы істі ұйымдастыруды қолға алса, кейін оған жаңа келген облыс басшылары, зиялы қауым өкілдері қолдау көрсеткен, ал қаржы жинауға кәсіпорындар мен мекемелер, тіпті жекелеген азаматтар да атсалысқан. Кесене батырдың 325 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс бой көтерді. Бүгінде ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай әзірленген «Киелі жерлер географиясына» еніп, республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарында қорғауға алынған.

Батырдың ақ сауыты…

Облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы ең қымбат жәдігерлердің бірі — Есет батырдың сауыты. Музейдің бұрынғы директоры, мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы Рысжан Ілиясованың «Батырдың ақ сауыты» атты мақаласына сүйенсек, ол 1968 жылы Жайсаң орта мектебінің мұражайына тапсырылып, кейіннен облыстық музейге өткізілген. Оны тапсырған — 7-класс оқушысы Юрий Остраверхов. Соңынан облыстық музей тарапынан жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтижесінде ғана сауыттың кімге тиесілі екені, қалай сақталып келгені анықталыпты.

«Ақтөбе» газетінің 1992 жылғы 2 қыркүйек күнгі санында Рысжан Ілиясова: «Әулиенің заты кез келген адамға тапсырылмайды, бір ұрпақтан екіншіге өту реті де сол оқымысты кісіге ғана табыс етілуі міндетті, одан әрі сақтайтын лайықты адам болмаса, таза жерге көмілуі тиіс. Сауытты соңғы сақтаған адамдар Айдаралы қажы, одан кейін Хакім ақсақал екенін көптеген кісілерден естідік» — дейді. Мұндағы Айдаралы қажы 1921 жылы қайтыс болған, одан кейінгі Хакім сауытты тығып ұстауға мәжбүр болған.

Ал сауыттың өзін өлкетанушы: «Кіреуке сауыт, болат шығыршық темірден тапалып жасалған. Қайырма жағалы, омырауы ойық. Сауыттың сақталуы жақсы, жағасының сол жағы ғана сөгілген. Тордың бір көзінің өлшемі — 8 мм, жұқалығы — 0,5 мм, салмағы — 8 кг» — деп сипаттайды.

 «Жан ата, әруағыңнан айналайын!»

1992 жылдың 1-5 қыркүйегі аралығында Есет Көкіұлының туғанына 325 жыл толуына орай Ақтөбе топырағында өткен дүбірлі той да тарихымыздың жарқын беттерінің бірі болуға лайық оқиға еді.

Кейбір деректерді алға тартсақ, мысалы, бастапқыда, 100 киіз үй тігу жоспарланғанмен, кейін осы тойға жиналушылар қарасы көбейген соң 160-қа тарта үй тігілген. Олар бес ауылға бөлінген: Әбілқайыр хан, Есет батыр, Бөкенбай батыр, Барақ батыр және Әйтеке би ауылдары. Республикалық дәрежеде ұйымдастырылғантой жұрт қаражатына өткізілді: Алға қаласының азаматы Сабыр Сәндібаев бірінші рет — 3 мың, екінші жолы 1 мың сом жеке қаржысын, Ғұсман Бижігітов басқаратын облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлері — 90 мың сом, Бағдат Алдабергенов басқаратын «Ақтөбетрансгаз» мекемесінің ұжымы 100 мың сом қаржы жинап берген, т.с.с. Елек өзенінен өтетін өткел салынып, Бестамақтан Есет батыр кесенесіне дейін баратын жол асфальттанған. Бұл да демеушілер күшімен іске асырылған. Ат жарыстар, түрлі ұлттық ойындар, басқа да мәдени-көпшілік шаралар… Тайқазанға ет асылып, ұлттық дәстүрмен ата рухына ас берілген. Мәре-сәре болған жұрт кіршіксіз шаттық көңілмен Есет батырдың мерейтойын ғана емес, сонымен қатар, Есет бабаның ең асқақ арманы — азаттық таңының атуын, өзінің Тәуелсіздігін де тойлаған болатын.

Бұл тойға көп ақын тебіреніп, жыр арнады. Солардың арасынан Сағи Жиенбаевтың «Батыр бабамен сырласу» өлеңімен сөзімізді түйіндейміз:

«Қашаннан сені күтіп жатыр далаң,

Күні жоқ атыңды айтып, аһ ұрмаған.

Біз де енді еңсемізді көтерейік,

Қасқайып тұршы осылай, батыр бабам!

Жан бар ма осы күндіаңсамаған,

Сарғайып, сағы сынып шаршамаған?

Қырларын Ақтөбенің дүбірлетіп,

Арғымақ ақпағалы қанша заман?!

Жер теуіп, жұлқынып тұр пырақтарың,

Қанша жыл соны аңсады қыраттарың.

Жиналыпжатыр,міне, талайжылдар,

Бір-бірінкөрмейкеткеншырақтарың.

Осы той басы болғайберекенің,

Білдіргінқұтдарығанжерекенін.

Дәлбүгін, қайран бабам, ұрпағыңның,

Есіне бір түсірдің ел екенін.

Бұл күні хақтан тілеп, тау күткендей,

Жүздері арулардың албырт гүлдей.

Тебіреніп, түрленіп тұр Ақтөбенің,

Тасы мен талына да жан біткендей.

Төгіп тұр бүгін, міне, таң да арайын,

Той-думан, сән-салтанат, ән маңайың…

Көтерген еңсемізді көкке бүгін,

Жан ата, әруағыңнан айналайын!».

Әзірлеген Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button