Басты жаңалықтарБилік

«Нұр Отан»: он айдағы оңды істер

«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, ардагерлер, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысқан жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өткен он айдағы жұмысының қорытындысы тыңдалды.

Партияның қатары 7 мың адамға көбейді

Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биыл 3 қарашада Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өткенін, онда партияның 10 айда атқарған жұмысының қорытындысы тыңдалып, «Нұр Отан» партиясының қатысуымен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде шолу жасалғанын атап өтті. Ол өз сөзінде Елбасының сол Саяси кеңестегі берген тапсырмаларын облыс деңгейінде жүзеге асыру, ол үшін нақты бағыттарды айқындау әрі есепті мерзім ішінде саяси кеңес, оның бюросы қалай жұмыс жасағанын білу мақсатында алқалы жиынның өткізіліп отырғанын айтты.

Алдыңғы мәліметтерге қарағанда, өңірдің он айдағы экономикалық даму қарқыны тоғыз айдан төмен емес. Ол —  4,7 пайыз. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, экономиканың өсімі бар. Ең бастысы — барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес,  қандай да бір дағдарыстар болмасын, экономиканың даму қарқыны былтырғы жылдан төмен болмауы тиіс әрі сол арқылы халықтың тұрмысы, әл-ауқаты жақсаруы керек. Бұл тапсырманы облыста толығымен орындалып отыр деп айтуға болады. Мұның барлығы мемлекетіміздегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалардың, Үкіметтің қолдауының нәтижесі. Әрине, біз үшін өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік жөнінде мәселе жоқ. Мемлекет басшысының берген үлкен тапсырмасы — жұмыссыздық санын көбейтпеу. Бұл тапсырма да толығымен орындалды. Он айдың қорытындысы бойынша, жұмыссыздардың саны экономикаға қабілетті азаматтармен салыстырған — 4,8 пайыз. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен, республика көрсеткішімен салыстырғанда төмен. Бағаның негізсіз өсуіне жол берген жоқпыз. Он ай бойынша инфляция 104,3 пайызды құрады. Бұл — республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Әрине, біз баға қымбаттамай жатыр деп айта алмаймыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кезде жанармайға қатысты, қатты отынға, кейбір азық-түліктерге байланысты сіздердің көмектеріңізбен, әсіресе депутаттардың, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен тиісті тексерулер жүргізіп жатырмыз. Ол жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Бұл жұмыстар келешекте де өз жалғасын табады, — деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, өткен он ай ішінде партия мүшелерінің саны 7 мыңға көбейген. «Мұны партияға деген халықтың сенімінің артуы деп есептейміз.  Әсіресе, жастардың келуі, одан кейін өндірістен, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларынан партияға мүшелікке өтуі партияның абыройын асқақтатып, ертеңгі күні де жұмысының нәтижелі болуына өз ықпалын тигізеді. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, әсіресе сол бағдарламаларға берілген қаржылардың тиімді, уақытында пайдаланылуы жөнінен партия мүшелері де өз үлесін қосып жүр. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысты партиялық посттар құрылған. Оның мүшелері — сіздерсіздер. Соның нәтижесі деп айтуға болады. «Нұрлы жол» бағдарламасына берілген қаржы 100 пайыз орындалды. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысты қаражатты жақында алдық. Атқарылған жұмыстардың көлемімен салыстыратын болсақ, жыл соңына дейін ол қаржы да толығымен игеріледі. Келесі бір мәселе — партия мүшелерінің жарна төлеуі. Қазіргі таңда бұған қатысты  ешқандай мәселе жоқ. Басқа өңірдің партиялық ұйымдарымен салыстырғанда, біздің төлеміміз жоғары. Жастар саясатына келер болсақ, біздегі «Жас Отан» жастар қанатының жүргізіп отырған жұмысы басқа өңірлермен салыстырғанда өнегелі деп айтуға болады. Орталық комитеттің белгіленген параметрлерімен есептеген кезде, тоғыз айдың қорытындысы бойынша біздің «Жас Отан» республикада бірінші орынға шықты», — деген облыс әкімі кемшіліктердің де жеткілікті екенін айтып, дегенмен осы қарқынды төмендетпей, Елбасы жүктеген тапсырмаларды әрі соңғы кезде елімізде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық, рухани реформаларды жүзеге асыруда белсенді болу «Нұр Отан» партиясының негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

 Жеті жоба және жүйелі жұмыс

Саяси кеңес отырысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова партияның он айдағы атқарған жұмысы жайында баяндады. Оның айтуынша, партияның есепті кезең ішіндегі жұмысы Елбасы Жолдауын, «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам»  және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаларын түсіндіруге бағытталған. Партия белсенділері республикалық және өңірлік желілерге сәйкес, қала және аудандардағы еңбек ұжымдарына, бастауыш партия ұйымдарына шығып, түрлі іс-шаралар өткізген.

Партиялық жұмыстың негізі — «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы — бақытты балалық шақ», «Ардагерлерді ардақтайық», «Жастар — Отанға», «Сәтті қадам» секілді нақты әлеуметтік топтардың мәселелерін шешуге бағытталған жобалардың сапалы жүзеге асуын ұйымдастыру және мақсатты индикатор көрсеткіштерінің орындалуын бақылауда ұстау.  Бүгінгі барлық 7 жоба жоспарға сәйкес орындалып, жағдайлары жасалуда, — деді Д.Исмағамбетова.

Ол бір ғана «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жыл басынан бері 100-ден аса бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 543 мүмкіндігі шектеулі азаматтың жұмысқа орналасуына ықпал етілгенін атап өтті. Сол сияқты, «Сәтті қадам» жобасы аясында ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде шет қалған мектеп түлектерінің бірде-бірі назардан тыс қалмай, оқуын жалғастыруға немесе жұмысқа орналасуға мүмкіндік алғанын, ал ұрпақтар сабақтастығын  қамтамасыз ететін, қарт адамдарды құрметтеуге бағыттылған «Ардагерлерді ардақтайық» жобасымен облыста барлық Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне, жалғызбасты қарияларға партия тарапынан қолдау көрсетілгенін атап өтті. Нұротандықтар  биыл Алға облыстық балалар үйінде алғаш рет Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Достық — 2017» спорттық фестивалін өткізіпті.

Жастарға әрдайым өндірістік кәсіпорындармен қатар, өлкеміздегі тарихи және киелі жерлерге экскурсиялар ұйымдастыруға ықпал ететіндерін алға тартты.

 Депутаттар ашқан лагерь

Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманкелді Есіркепов биыл он айда аймақтық депутаттық фракцияның атқарған жұмысы жайында былай деді:

Елімізде болып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар ұлтымыздың қайта жаңғыруына бағытталғаны сөзсіз. Міне, осындай уақытта партия басшысы «Нұр Отанға» да жаңа тапсырмалар беріп, оның алдындағы саяси міндеттерді айқындап берген болатын. «Нұр Отан» партиясы — бір миллионнан астам мүшесі бар халықтық партия. Бұл партия күнбе-күн халықтың мұң-мұқтажы мен оның кейбір мәселелерін шешуге барынша атсалысады. Соның ішінде жұмыс жасап жүргендердің бірі — Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттар фракциясы. Облыстық мәслихат депутаттарының 98 пайызы — «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Қазір осы фракция жанындағы 5 комиссия өздерінің тиісті жоспарларына сәйкес  жұмыс жасайды. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған депутаттары студенттер жатақханалары, дәрі-дәрмек, жастармен кездесу секілді мәселелерді тысқары қалдырып жатқан жоқ. Нақтырақ айтсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы бөлінген қаражаттың игерілуін қадағалауды партия басшысы «Нұр Отанға» жүктеген болатын. Қазір облыста 18 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Фракция мүшелері құрылыс алаңдарының басына барып, жұмыстардың жүргізілуін өз көздерімен қарап, бақылайды. Әрине, бұл істе мәселе де жоқ емес. Кейде мердігерлер мен тапсырыс берушілерді көрмейміз. Билік тарапынан орындайтын адамдардың немқұрайлылығының әсерінен  айтатын мәселелерімізді жеткізе алмай жатамыз. Мәселен, Родниковка, Ақшат елді мекендеріндегі салынып жатқан мектептердің әлі де болса үлкен күшпен іске қосылатындығы көрініп отыр.

Есіркеповтің айтуынша, Елбасының бағдарламалық мақаласын халық арасында насихаттау ісіне де фракция мүшелері атсалысқан. Сондай-ақ, көктемгі тасқын судан зардап шеккендер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларын жаз мезгілінде лагерьмен қамтуға депутаттар да атсалысқан. Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің базасында ұйымдастырылған лагерьде 2 айда 300-ден аса бала тынығыпты.

Кеңес отырысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлердің, оның ішінде іскер әйелдердің аудандарға, ауылдарға барып, шеберлік кластарын өткізіп, жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырып жүрген бастамаларына, әсіресе, олардың діни ағымдағы азаматшаларды кәсіп ашуға баулу, еңбекке тарту секілді ісіне өз ризашылығын білдірді.

— Неғұрлым көбірек елді мекендерді аралап, ондағы тұрғындарға  мемлекеттің, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатын жиі-жиі айтсақ, онда біздің жұмысымыздың нәтижесі жаман болмайды. Біз үшін ең керегі — елдегі тыныштық, тұрақтылық. Сонда ғана экономика дамып, жағдай жақсарады, — деді облыс әкімі.

Жас бастықтар ауылға жиі барғаны жөн

Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында «Қазақстан-2021»: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты партияның сайлауалды бағдарламасының облыста  жүзеге асырылуы нақты жұмыстармен байланыстырылып айтылды.  Жиында Байғанин, Хромтау аудандарының әкімдері есепті мерзім ішінде партия тарапынан атқарылған жұмыстар жайында баяндады.

Елімізде жағдайды тұрақтандыру мен халқымыздың әл-ауқатын жақсартуда «Нұр Отан» партиясының рөлі ерекше. Еліміздің үш бағыты — модернизациялау жұмысында партияның аудандық филиалдары мен бастауыш ұйымдарының рөлі де арта түсті. Саяси, экономикалық және рухани үдерістер шалғайда жатқан Байғанин ауданында да жүзеге асырылуда.  Аудан орталығы Қарауылкелдіде жанында 100 орындық интернаты бар 300 балаға арналған мектеп салынып жатыр. Оны рухани және интеллектуалдық потенциалы бар балалар тәрбиелеу үшін  гимназия ретінде қалыптастыру жоспарланып тұр. «Қазақстан -2021: Бірлік.Тұрақтылық. Жасампаздық» бағдарламасы аясында облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқан Бұлақтыкөл ауылында да 100 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Мұны жергілікті халық Елбасының ауылға деген қамқорлығы деп қабылдап отыр, — деген Байғанин ауданының әкімі Асқар Шериязданов жыл басынан бері ауданда 400-ден аса жаңа жұмыс орны ашылғанын атап өтті. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен мазмұнын халыққа түсіндіруде партия белсенділері Келдібай Есмағанбетов, Раман Рахиев, Марат Қойлыбаевтардың ауданға келіп, жергілікті халықпен, кәсіпорын жұмысшыларымен  жүздескенін де тілге тиек етті. Бұл іске қатысты облыс әкімі: «Жастары сексен мен тоқсанға жақындап қалған ағаларымыз ауыл-аймақтарды аралап жүрген кезде, ал отыз бен қырықтағы жас бастықтар кабинеттен шыққылары келмейді. Осы тәжірибені үйрену керек», — деді Б.Сапарбаев.

Бүгінгі таңда Хромтау ауданында халықтың 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылды. Биыл Тамды және Жазық елді мекендеріне көгілдір отын жеткізу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Сонда халықтың 95 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады. Сол сияқты, халықтың 83 пайызы орталықтандырылған ауызсуды тұтынып отыр. Биыл 357 миллион теңгеге Бөгетсай, 250 миллион теңгеге Сарысай ауылдарына су жүйесін тартуға қаражат қарастырылды. Қазір бұл жұмыстар аяқталып қалды. Соның нәтижесінде аудан халқының 87 пайызы орталықтандырылған құбырдың суын пайдаланатын болады, — деді Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин.

 «Астана құрдастары» слеті Ақтөбеде өтеді 

Алқалы жиында сөз сөйлеген «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Асылжан Бүркіталин облыс әкімі алдында он айда жастардың қатысуымен атқарылған жұмыстардың есебін берді.

Ақтөбе облысы Елбасы тапсырмасын толықтай орындап, партиялық жобаны мерзімінен бұрын алғашқылардың қатарында аяқтады.  Партиялық  жоба бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған және тест қорытындысы бойынша шектік межені бағындырмаған жалпы саны 2449 түлекпен жұмыстар жүргізіліп, қазіргі күні  барлық  түлектің  базасы  қалыптасты. «Жас Отан» жастар қанатының жұмысының басты бағытының бірі — еріктілік қызмет. Жасотандық еріктілердің саны 500-ден  асты. Олар жыл бойы партия филиалы ғимаратында тұрақты түрде еріктілік қызмет турасында тренингтерден өтіп,  біліктіліктерін жетілдірді. Жыл басынан бері ақтөбелік жасотандықтардан 100 ерікті «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне, 12 ерікті Алматы қаласында өткізілген қысқы универсиада ойындарында қызмет етіп келді. Сонымен қатар  жасотандықтар апта сайын 47 қарияның үй жұмыстарына  тұрақты  көмектесіп  келеді. Қазіргі күні Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп қыс мезгілінде орын алатын апатты жағдайларда  жүргізушілерге  қол ұшын беретін арнайы еріктілер   тобы   құрылуда, — деген ол Бердібек Машбекұлына келер жылы Астананың 20 жылдығына орай  Ақтөбе қаласында Астана құрдастарының республикалық  слетін  өткізу жайында ұсыныс айтты. Бұған қатысты облыс әкімі:

— Бұл — өте дұрыс ұсыныс. Оны біз қолдаймыз. «Астана құрдастары» деген республикалық форумды Ақтөбеде өткізу ол өте жақсы, — деген Б.Сапарбаев А.Бүркіталинге партия қатарына жастарды тарту ісін жандандыру қажеттігін айтты.

Бұдан әрі саяси кеңес отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов, Келдібай Есмағанбетов, Қамалхан Қуанов сынды ардагерлер сөз алып, қоғамдағы жемқорлық әрекеттерді жою, теріс діни ағымдағылармен жұмысты күшейту, ауылдағы кадр тапшылығына қатысты мәселелерді көтерді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Мемлекет басшысы берген тапсырмалар мен жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруға ақтөбеліктер де өз үлесін қосып жатқанын, дегенмен әлі де болса жұмыс ауқымын күшейту қажеттігін айтты.

Ақтөбе — Қазақстандағы агломерацияға енген төрт қаланың бірі. Кеңес отырысында біраз ұсыныстар айтылды. Мұның бәрі назардан тыс қалмайды. Аппаратқа, бюроға берілетін тапсырма — осы ұсыныстарға сәйкес тиісті іс-шара жасау керек әрі оның орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде айтылған сын-ескертпелер ескерілуі тиіс, — деп қорытындылады сөзін облыс әкімі.  

Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің қаулысы қабылданды.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button