ДенсаулықЖаңалықтар

Біздің хирургтер Кореяға барды

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында жыл сайын халықаралық «Азиялық трансплантация апталығы» конференциясы өтеді. Азияның отыздан астам елі қатысатын жиынға бұл жолы Қазақстаннан да мамандар барды. Оның ішінде ақтөбелік хирургтер де бар. Жиынға Азия елдерінен бөлек,  АҚШ, Испания, Канада, Австралия, Ұлыбритания, Үндістан мемлекеттерінен де мамандар келді.

Республикалық трансплантология орталығының директоры  Жақсылық Досқалиевтың жетекшілігімен еліміздің Ақтөбе, Астана, Алматы қалаларынан 14 маман аталған жиынға қатысты. Конференция шеңберінде Азия елдерінде трансплантологияны дамытудың өзекті мәселелері сөз болды. Оның ішінде туыстық, мәйіттік донорлық, осыған байланысты діни, этикалық мәселелерге ерекше назар аударылды.

Жиынның бірінші күні Сеул ұлттық университеті жанындағы госпиталдің маманы 3D-лапароскопиялық әдісімен бауыр ауыстыру отасын онлайн түрде жасады. Бұл операцияны 250 адам көріп отырды. Сондай-ақ трансплантология мәселелері талқыланды. Сеул ұлттық университетінің профессоры Кванг Вунг Лидің жетекшілігімен тренингтер ұйымдастырылды. Жаттығу аясында жануарларға ота жасалды. Әр елден жиналған хирургтер төрт топқа бөлініп жұмыс істеді. Ғылыми конференцияда Ақтөбеден барған хирургтер Сеул ұлттық университетімен бірлескен жұмыстың нәтижесі мен халықаралық әріптестік турасында баяндамалар  оқыды. Оның ішінде Ерлан Сұлтангереев пен Мадияр  Мусиннің баяндамасы «Үздік баяндама» номинациясын жеңіп алды.

— Жалпы еліміздегі трансплантологияны дамытуда осындай  халықаралық конференциялардың маңызы зор. Бұндай шара әлемдегі жетекші клиникалардан тәжірибе жинақтауға, трансплантация саласында күнделікті кездесетін ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді, — деді Ерлан Сұлтангереев.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button