«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Ортақ мақсаттар белгіленді

Форумнан соң

«Туған жер» республикалық жерлестер форумының өтуі — облыстың қоғамдық, саяси өміріндегі маңызды шара болды. Форум аясында ортақ мақсат белгіленіп, ортақ шешімдер қабылданды. Мұндай форумға шақырту алғаныма қуандым. Әрине, елден жырақта жүрген адамға мұндай шақырту керемет көңіл күй сыйлайтыны белгілі. Өз басым Ақтөбені ерекше мақтан тұтамын. Себебі, туған жер, өскен өңірге деген ыстық сезім бізді қашанда еңбекте болсын, өмірде болсын, жігерлендіріп, бойыңа қанат бітіреді. Қайда жүрсем де Ақтөбе туралы бір жаңалықты құлағым шалса, елең ете қаламын. Ақтөбедегі болып жатқан жаңашылдықтарға, оң өзгерістерге әрдайым қуанып отырамын. Жер-жердегі ақтөбеліктердің басын қосып өткізген мұндай шараны дұрыс бастама деп есептеймін. Себебі, форум жұмысы кезінде алыста елін сағынып жүрген жерлестермен пікір алмасып, облыс экономикасын көтеру мақсатында маңызды әңгімелер айтылды. Облыс экономикасын одан әрі көтеру мақсатында  жасалған игі қадам  үшін Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаевқа айтар алғысымыз шексіз.  Әрине, форумға әзірлікпен бардым. Форум жұмысы кезінде өз саламыз бойынша жан-жақты пікір алмасып, өз ұсыныс-пікірлерімізді білдірудің де мүмкіндігі туды.

Айта кетейін, мен Ақтөбе облысында ұлттық спорттың қанат жайып, спорттың осы түрін дамыту мақсатында ұзақ жыл қызмет еттім. Сол сияқты, көп жыл аймақтағы дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жүргіздім. Сондықтан, осы бағыттағы ойларымды, осы салаға қатысты проблемаларды орайы келгенде айтуға тырыстық. Өйткені кезінде Ақтөбе осы мәселелер бойынша алдыңғы қатарда тұрған өңірлердің бірі болды. Қазіргі қызметім де осы саламен тікелей байланысты. Яғни, борышкерлермен жұмыс жүргізу саласындағы қоғамдық кеңестің Астана бөлімін басқарамын.

Өзім Хромтау ауданының Бөгетсай ауылында орта мектепті тәмамдадым. Әрине, қазір Елордада тұрғанмен, елге жиі келіп-кетудің реті бола бермейді. Форумға келген сапарымызда елге барып, мауқымды басып қайттым. Хромтаудың бүгінгі келбетіне таңданып, туған жердің келешегі үшін жасалып жатқан шаруаларға бір марқайып қалдым.

Аманғос ДЕРБІСӘЛИН,

спорт шебері.

Астана қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button