Спорт

Шығанақ атындағы турнир өтті

Тоғызқұмалақ

Өткен аптада Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан дәстүрлі республикалық Шығанақ Берсиев атындағы турнир өтті.

Оған Астана, Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе қалаларынан, сондай-ақ Шалқар, Қарғалы, Әйтеке би, Байғанин аудандарынан, жалпы саны 60-қа жуық спортшы қатысты. Аталған спортшылардың үшеуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері болса, 7-еуі — ҚР спорт шебері, 30-ға жуығы — тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер.

Турнир ерлер мен әйелдер арасында жекелей түрде өткізілді. Ойыншылар швейцар жүйесімен 7 кезең бойынша сынға түсті.

Турнирдің қорытындысы бойынша ерлер арасында Астанадан келген халықаралық дәрежедегі спортшы Ғалымжан Темірбаев жеңімпаз атанса, ІІ орынды қызылордалық спорт шебері Біржан Елеусінов иеленді. Ал ІІІ орынға жерлесіміз Азамат Қайдаров шықты.

Әйелдер арасында екі ойыншы бірдей ұпай жинап, өзара І, ІІ орындарды бөлісті. Олар — қостанайлық Айым Мұхамбетқалиева мен жерлесіміз Диана Кенина. Өзара ойында екі спортшы тең болғанымен, коэффицент бойынша қостанайлық ойыншы жоғары ұпай жинады. Ал ІІІ орынды Астана қаласынан келген Құндыз Есіркеп иеленді.

Жалпы турнир қызықты өтті. Жеңімпаздар соңғы кезеңде анықталды.

Жарыс соңында жеңімпаздар мақтау қағаздармен, демеушілер мен федерациялардың атынан арнайы ақшалай сыйлықтармен марапатталса, өзге қатысушыларға ынталандыру марапаттары тапсырылды.

Қабидолла НҰРШИН,

турнирдің бас төрешісі,

 ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button