Басты бет » Экономика » Мерекелік сауда — 3,3 млн. теңге

Мерекелік сауда — 3,3 млн. теңге

Өткен сенбі күні «Табыс» коммуналдық базарында облыстық ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге қала мен аудандардан 52 ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Наурыз мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге жұртшылық көп жиналды. Алға ауданы Үшқұдық ауылдық округі, Қарғалы ауданының Әлімбет, Желтау, Мәртөк ауданының Қызылжар, қаланың Қурайлы, Новый ауылдық округтері мен   Қобда ауданының «Нұр-МТС», Темір ауданының «Ақсай-агро» серіктестіктері әкелген ет өнімдері сәскеге дейін өтіп кетті. Ал Ырғыз ауданының «Наурыз-СИМ» серіктестігі әкелген балықты жұртшылық талап алды.   Сондай-ақ Алға, Қарғалы аудандарының ауылдық округтерінің сүт өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Ал қаладағы «Бизнесті дамыту орталығы» мен «Интер фрукт Ақтөбе» серіктестіктерінің көкөністері әп-сәтте өтіп кетті.  Саудаға шыққан өнімдердің барлығы қала базарының нарқынан әлдеқайда төмен бағамен сатылды.

—  Әр сенбі сайын жәрмеңкеге қатысамыз. Бұл жолы 300 келі жылқы, 265 келі сиыр етін әкелдік. Мәселен, сиыр етінің келісін 500-800 теңге аралығында сатып жатырмыз. Алушылардың қарқыны тәуір. Өнімнің басым бөлігі сәскеге дейін өтіп кетті, — деді Қобда ауданынан келген «Нұр-МТС» шаруа қожалығының сатушысы Ұлдай Қожанова.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының  маркетингтік ақпаратпен қамтамасыз ету және инвестиция  қызметі бөлімінің бастығы Ермек Жолымовтың айтуынша,  жәрмеңкеде 2 тонна картоп, 3,3 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 3,3 тонна ет өнімдері, 0,9 тонна сүт өнімдері және 0,7 тонна балық  сатылған.

Жалпы, жәрмеңкеде 3,3  миллион теңге көлемінде  өнім сатылды.

Ал келесі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 10 сәуірде  «Табыс» коммуналдық базарында өтеді.  Жәрмеңкеге Ырғыз, Мәртөк, Хромтау аудандарынан кәсіпкерлер қатысады. Сатылатын өнімнің барлығы сапалы әрі халыққа қолжетімді  бағамен ұсынылады.

Қала тұрғындарын жәрмеңкеге шақырамыз!

Кәмшат ҚОПАЕВА.