Басты бет » Спорт » «Ақтөбенің» маңызды жеңісі

«Ақтөбенің» маңызды жеңісі

Премьер-Лига

 «Ақтөбе»-«Ордабасы» — 2:0

Әрине, кез келген футбол командасы үшін қай жеңістің де қадірі жоғары болатыны мәлім. Бірақ жағдай Премьер-Лигада қалу мен қалмау мәселесіне тіреліп тұрған кездегі жеңістің орны тым бөлек қой.

Расын айтқанда, 28 қазан күні өтетін 32-тур алдында жерлестеріміздің «Ордабасы» командасын ұтатындығы жөніндегі болжамдар көбірек болды. Футболшыларымыз да осыны басты мақсат етті.

Дегенмен бірінші таймда есеп ашылмады. Қаншама ыңғайы келіп тұрса да, жерлестеріміз шымкенттіктер қақпасының құлпын бұза алмады. Әйтпесе бірнеше рет бұрыштама доптар соғылды. Асланбек Кәкімов, Кристиан Колчак, Томаш Шимкович, екі рет Кирилл Шестаков, екі рет Муарем Муарем, несін айтасыз, қақпаға бағытталған доптар аз болған жоқ. Бірақ біресе «Ордабасының» қақпашысы Алмат Бекбаев шеберлік көрсетсе, біресе теңбіл доп діңгекті жанай өтіп кетіп жатты немесе маңдайшадан асып түсті, әйтеуір, тартыспен өткен ойынның алғашқы бөлігінде гол соғылмады.

Екінші тайм да қонақтар қақпасы бағытына жорық жасаулармен басталды. Ақыры ақтөбеліктер дегеніне жетті. 55-минутта айып алаңында жүрген Муарем Муарем нәтижелі соққы жасап, шымкенттік қақпашыны қапы қалдырды — 1:0.

Әрине, өткен турда ойынның аяқталуына 1 ғана минут қалғанда қақпасына гол өткізіп алып, бармақ тістеп қалған ақтөбеліктер бұл сәл ғана басымдылықтың айнымалы екенін естен шығарған жоқ. 76-минутта Томаш Шимкович қонақтар қақпасына екінші голды өткізіп, көңілді біржола бірлеп алды— 2:0.

Бұдан соң жерлестеріміз алға қарай аса ұмтыла қойған жоқ. Өте қолайлы осы есепті сақтап қалудың барлық қамын жасады. Әрине, «Ордабасы» бұл есепке оңай келісе салмайтыны мәлім еді. Абдулай Диакате, Мардан Төлебек, Никита Бочаров, Александр Гейнрих тәрізді футболшылар есе қайтарудың түрлі амалдарын жасады. Дегенмен қақпашы Андрей Сидельников пен қорғаушыларымыз қателікке жол бермеді.

Сөйтіп бұл чемпионатта Ақтөбе стадионында өткен соңғы кездесу  өте қажетті жеңіспен аяқталды.

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 2:0

Гол авторлары: Муарем Муарем, 55-минут (1:0); Томаш Шимкович, 76-минут (2:0).

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников (капитан), Муарем Муарем (Бағдат Қайыров, 77-минут), Душан Савич, Томаш Шимкович, Джозеф Нейн, Жереми Фог-Порре, Кристиан Колчак, Асланбек Кәкімов (Абат Айымбетов, 81-минут), Кирилл Шестаков, Антон Шурыгин (Игорь Зенькович, 60-минут), Руслан Валиуллин.

«Ордабасы»: Алмат Бекбаев, Александр Гейнрих, Абдулай Диакате, Александр Симчевич, Никита Бочаров, Преслав Йорданов (Виталий Ли, 63-минут), Рохер Каньяс, Қайрат Әшірбеков, капитан (Ұлар Жақсыбаев, 75-минут), Самат Смақов, Мардан Төлебек, Бақдәулет Кожабаев.

28 қазан 2017 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 4500 адам.

«Ақтөбе» чемпионат басталғалы 8 рет жеңіп, 9 рет тең ойнады, 16 рет жеңілді. Доп айырмашылығы — 36-43. Ұпай — 33.

Ал турнир кестесіне келсек, соңғы турдың алдында «Астана» 76 ұпаймен, «Қайрат» 75 ұпаймен иық тіресіп тұр. Қай команданың чемпион болатындығы 33-турда анықталады.

55 ұпайы бар «Ордабасы» биылғы чемпонатты үшінші орынмен аяқтамақшы.

Еуропа Лигасы ойындарына қатысуға жолдама әперетін төртінші орынға 45 ұпайы бар «Ертіс» пен 44 ұпайы бар «Тобыл» таласып тұр.

6-10 орындардағы командалар төмендегі ретпен орналасқан: «Шахтер» — 40 ұпай; «Қайсар» — 39 ұпай; «Атырау» — 35 ұпай; «Ақтөбе» — 33 ұпай; «Ақжайық» — 30 ұпай.

Ал 11-12 орындарды місе тұтқан, 26 ұпайы бар «Тараз» бен 24 ұпайы бар «Оқжетпес» биыл Премьер-Лигамен қош айтысатыны мәлім болды.

Чемпионат барысында ФИФА шешімі бойынша «Тараздан» 6 ұпай, «Атыраудан» 3 ұпай шегерілгенін еске сала кеткен де жөн.

Чемпионаттың 5 қараша, жексенбі күні өтетін ақырғы, 33-турында «Ақтөбе» Алматыда «Қайрат» командасымен кездеседі.

Басқа ойындар:

«Астана» «Ақжайық»

«Ертіс» — «Шахтер»

«Тобыл» — «Атырау»

«Тараз» — «Қайсар»

«Ордабасы» — «Оқжетпес»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.