Білім

Жеңімпаздар анықталды

Жақында облыстық пәндік олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі  өтті. Шара барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен грамоталар табыс етілді.

Облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов дарынды оқушыларды жеңістерімен құттықтап, оларға әрқашан жетістікке жетулеріне тілектестігін білдірді.

Сәуір айының 16-17-сінде Атырау қаласында өтетін республикалық олимпиадада да жеңімпаз атанып, жүлделі орындарды иеленіңіздер. Әр кез биіктен көрінулеріңізге тілектеспін, — деді Аманғали Алхатұлы. Ол өз сөзінде мұғалімдер мен қазыларға алғыс айтты.

Жиын барысында Сүлеймен Демирел атындағы университеттің инженерлік факультетінің деканы Гумбар Алиев математика, физика, қазақ, ағылшын, тілдері информатика пәндері бойынша 5 жүлдегерге білім беру гранттарын табыс етті. Және 12 жеңімпазға аталған университетте 25 және 50 пайыздық жеңілдіктермен оқуға мүмкіндіктері бар екендігін айтты.

Жалпы облыстық олимпиадаға 573 оқушы қатысып, білімдерін сынады. Оның

171-і Ақтөбе қаласындағы мектептердің, 134-і мектеп-интернаттардың оқушысы.

«Ақтөбе-Дарын» орталығының директоры Жәния Есенжолованың айтуынша, ауылдан келген 268 оқушы мен олардың мұғалімдері М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырылған.

Олимпиада алдында оқушыларға психологиялық көмек көрсету мақсатында «Ақтөбе-Дарын» орталығы мен қала мектептерінің психологтарының ұйымдастыруымен тренинг өткізілді.

Білім сайысына қатысушылардың жұмыстарын бағалау үшін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушылары шақырылды — дейді Ж.Есенжолова. Оның айтуынша, олимпиаданың 2 кезеңінің қорытындысы бойынша 209 оқушы жүлдегер атанды. 49 оқушы І дәрежелі, 62 оқушы ІІ дәрежелі, 92 оқушы ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған. Сонымен қатар 76 оқушыға мақтау грамоталары табыс етілді. Жүлделі орындар мен оқушылардың қатысу сапасына қарай командалық орындар анықталды. Ақтөбе қаласы оқушыларының командасы «Үздік олимпиадалық команда — 2010» атағын иеленді. Ал Мұғалжар аудандық командасы «Үздік ауыл командасы» атанды.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button