Басты жаңалықтарЭкономика

Үшінші жаңғыру: бес жылда 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жүзеге асыру аясында Ақтөбедегі бірқатар кәсіпорынды аралап, ондағы технологиялық модернизациялау жұмыстарының барысымен танысты. Артынша кәсіпорын, мекеме басшыларының басын қосып, осы мәселеге байланысты көшпелі жиын өткізді. 

Қосалқы станция қайта жаңартылды

Облыс әкімі «Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2017 жылға арналған Инвестициялық бағдарламаны орындау шеңберінде 35/10 кВ «Жилгородок» қосалқы станциясына жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. 16 мВА күштік трансформаторлары бар 35/10 кВ-тық «Жилгородок» қосалқы станциясы бұған дейін «Сазды» қосалқы станциясынан қуат алған.

Бүгінде «Сазды» қосалқы станциясы қаланың 80 пайызын электр қуатымен қамтамасыз етіп тұр. Соңғы кезде қаланың орталық бөлігі өсіп жатыр, жаңадан ғимараттар бой көтеруде. Сондықтан тұтынатын электр қуаты күшінің жетіспеуіне байланысты «Жилгородок» қосалқы станциясын жаңартуға мәжбүр болдық. 2016 жылы 16 мегавольт күштік трансформаторлары бар 35/10 киловаттық «Жилгородок» қосымша станциясын 110/10 киловаттық «ПОШ» орталық станциясына қосылып, кеңейтілді. Релейлік тұрақтандырғыш қондырғылары толықтай жаңартылды. «ПОШ» — бұл орталық станция, яғни Ақтөбе қаласынан бөлек, облыстың барлық аймағына қуат таратады. Аталған станциядан «Жилгородок» қосалқы станциясына екі желі тартылып, әрқайсысы 25 мегаваттық екі трансформатор қойылмақ. Қазір оның бірі орнатылды, ал екіншісін биыл қарашада қондырмақпыз.  Алдағы уақытта қаладағы тағы бірнеше қосалқы станция орталық станцияға қосуды  жоспарлап отырмыз. Қазір «Жилгородок» қосалқы станциясындағы құрылғылардың барлығы озық технологиямен жабдықталған. Қуат тарату ісі автоматтандырылған жағдайда жүргізіледі, — дейді «Энергосистема» ЖШС бас инженері Марат Аманғалиев.

Мұндағы жаңа қондырғылардың артықшылығы — электр қуатының қашан, қандай жағдайда сөнгенін айқындайды. Алыс қашықтықта сөнген желінің қосалқы станциядан қанша шақырымда екені көрсетіледі.

Қазір қайта жаңғыртудан өткен «Жилгородок» қосалқы станциясының жанында ескі қондырғылар әлі іске асырылып тұр.

— Қалада электр қуатын тұтынуға деген сұраныс өсіп жатыр.  Сондықтан 2016-2017 жылдарға арналған Инвестициялық бағдарлама шеңберінде кәсіпорын жұмысын жаңартуға күш салдық. Аталған бағдарламаның шеңберінде, нақтырақ айтсақ, 2016 жылы «ПОШ» орталық станциясында ұяшықтар мен элегаз ажыратқыштар, айырғыштар монтаждалып, микропроцессорда орнатылған релейлік қорғау шкафының 26 данасы қайта жаңартудан өтті. Ал биыл қайта жаңғырту жұмыстары «Жилгородок» қосалқы станциясында жүргізілді. Бұл станция биыл желтоқсан айында толық режимде жұмыс істеуге кірісіп, пайдалануға беріледі, — деді М.Аманғалиев.

Бердібек Машбекұлы қайта жаңғыртудан өткен, заманауи технологиялармен жабдықталған қосалқы станцияның ішін аралап көрді. «Энергосистема» ЖШС бас директоры Александр Евдаков облыс әкіміне кәсіпорында екі жылға арналған Инвестициялық бағдарлама шеңберінде жүргізілген модернизациялау жұмысын баяндады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, мұндағы жабдықтардың барлығы — отандық өнім.

Жалпы, «Энергосистема» ЖШС-ында жаңғырту жұмыстары 2007 жылдан басталған. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында барлығы 17 қосалқы станция жұмыс істейді. Соның 8-і жаңартылған. Олардың қатарында Кірпішті ауылындағы, 41-разъездегі қосалқы станциялар бар.

А.Евдаковтың айтуынша, қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде енді қаладағы «Сазды» қосалқы станциясының жүктемесі 19 пайызға жеңілдейді. Сол сияқты, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігі артып, зақымданған жерді анықтау, апаттық ажыратуларды және ақауларды жою уақыты қысқартылмақ. Сонымен қатар, осындай қосалқы станциялардағы жабдықтардың тозу көрсеткіші 90 пайызға азаяды.

Бұдан кейін облыс әкімі  Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жүзеге асырылып жатқан жоба, яғни брэкс өндіру учаскесінің жұмысымен танысты. Бұл жобаның басты мақсаты —  газ тазарту қондырғыларынан аспирациялық шаңды залалсыздандыру. Аталған жобаның өндірістік қуаттылығы — 80 мың тонна. Жоба құны — 2,8 миллион АҚШ доллары. Бұл жерде «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ның өндірістік және техникалық мәселелер жөніндегі вице-президенті Азамат Бектібаев облыс әкіміне кәсіпорында жаңа жоба аясында жүргізіліп жатқан жұмыс әдісінің барысын түсіндірді.

Барлық салада модернизация жүргізілуі тиіс

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының базасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен модернизация мәселелеріне арналған көшпелі жиын өтті. Жиынға технологиялық жаңғырту жүргізілуі тиіс барлық кәсіпорын басшылары, кәсіпорын, мекеме басшылары, жергілікті атқарушы органның өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші модернизацияны жасау жөнінде берген тапсырмасы бар.  Оның ішінде бұл жұмыстар өндірісте жүзеге асырылуы тиіс. Жыл басында Ақтөбеде Премьер-Министрдің қатысуымен мәжіліс өткен болатын. Сонда берілген тапсырмаға байланысты біз іс-шара қабылдадық. Осы іс-шараларға сәйкес модернизациялау жөнінде әрбір кәсіпорынмен жұмыс жасап, жол картасын дайындағанбыз. Жылдың аяқталуына екі ай уақыт қалды. Жалпы біздің биылғы жылға алған міндеттемеміз — сол іс-шараға 20 кәсіпорынды енгізгенбіз. Сол кәсіпорындар өз өнеркәсібіне модернизация жасау үшін биыл ең кем дегенде 12 миллиард теңге қаражат салуы тиіс. Жалпы айтқанда, облыста бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарда оң нәтиже бар.  Бұған дейін «Энергосистема», «Қазхром» мекемелерінің қосалқы станциясы мен цехында болдық. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстарды көрдік. Мұндай жұмыстар облыстағы  өзге де, яғни мұнай-газ саласы, хром қосындыларын өндіретін  кәсіпорындарда да атқарылып жатыр.  Сондықтан сіздерді жинағандағы мақсатымыз — Мемлекет басшысы берген тапсырманың орындалу жайын білу әрі жыл соңына дейін осы бағытта атқарылатын жұмыстарды талқылау, жылды қорытындылаудың жайын білу, — деді Бердібек Машбекұлы.

Облыстың ірі кәсіпорындары технологиялық жаңғыртуға 500 миллиард теңге инвестиция салмақ. Бұл туралы көшпелі жиында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов облыста  үшінші модернизациялау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайындағы баяндамасында мәлімдеді.

Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде өсу байқалды. Ақтөбе облысы өңдеу өнеркәсібі бойынша елімізде бірінші орынды иеленді. Жалпы биылғы жылы 20 кәсіпорын 12 миллиард теңгеге жаңартылатын болады. Бүгінгі таңда 15 кәсіпорында жалпы құны 9,5 миллиард теңге болатын жұмыс аяқталды, жылдың аяғына қарай тағы бес кәсіпорын 2,5 миллиард теңгеге технологиялық үдерісін жақсартады деп күтілуде. Жоспар бойынша жақын аралықтағы бес жылда кәсіпорындарда құрал-жабдықтар мен процесстерді жаңғырту үшін 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылады, — деді Қ.Бекенов.

Жалпы жыл қорытындысы бойынша жаңғыртудан еңбек өнімділігін 12,5 пайызға арттыру, өнімнің өзіндік құны мен қайта өңделуін төмендету, жарақаттануды 10 пайызға  азайту, сонымен қатар, жаңа желілерді іске қосу есебінен шығарылатын  өнімнің экологиялық жағдайын жақсарту мен таңдауын кеңейту тиімділігі күтілуде. Қ.Бекеновтің айтуынша, бүгінгі күні ірі кәсіпорындар 4.0  индустрияландыру элементтерін енгізу жұмыстарын жүргізуде. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін өндірілетін өнімнің қосымша өсімі мен өндірістік-басқару технологиясының жаңа деңгейге көтерілуі күтіліп отыр.

Белгілі болғандай, жыл басынан бері облыста «ВосходOriel», «Энергосистема», Ақтөбе хром қосындылары, «Стройдеталь», «Трансэнерго» кәсіпорындары, сондай-ақ мұнай саласында өзге де өндіріс орындарында модернизациялау бағытында атқарылып жатқан шаралар турасында баяндады.

Ол модернизациялауға тек ірі кәсіпорындарды ғана емес, сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес орташа өндірістік кәсіпорындарда да бұл жұмыстарды жүргізу ісін кеңейтуге күш салып жатқандарын айтты.

Жалпы модернизация процесі жаман жүргізіліп жатқан жоқ. Алайда көрсеткіштерді орындауда артта қалып бара жатқан кәсіпорындар да бар. Президент тапсырмасын орындау үшін барлық шараларды қолдануларыңызды сұраймын, мойындарыңызға алған міндеттердің барлығы орындалуы тиіс. Жалпы ел экономкасының дамуы технологиялық жаңғыртуға байланысты, сіздердің өндірген өнімдеріңіз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Жаңғыртуға барлық сала қатысуы керек, соның ішінде әлеуметтік сала да. Бұл сіздердің «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде танысқан жобаларыңызға да қатысты, үздік технологиялар жергілікті өндірістерге енгізілуі тиіс. Біз өз тарапымыздан қажетті көмек пен қолдауды көрсететін боламыз, — деді Б.Сапарбаев.

Көшпелі жиында облыс әкімі бірқатар кәсіпорын басшыларын орындарынан тұрғызып, модернизация бағытында атқарылып жатқан шаруалардың жайын білді. Бірқатары кедергі туғызатын мәселелер турасында айтты. Бұл бағытта туындаған мәселелерді жылдам шешу үшін облыс әкімі орынбасары Қайрат Бекеновке нақты тапсырмалар жүктеді.

Көшпелі жиынның қорытындысын түйіндеген облыс әкімі қазақстандық мазмұнның үлесін арттыру қажеттігіне, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға және барлық жоспарланған өндірістік көрсеткіштерді орындауға баса назар аудару керектігін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button