ЖаңалықтарМәдениет

Жүректен жүрекке

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық концерті өтті. Кешке облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Шарада мүмкіндігі шектеулі болса да өмірге, өнерге деген құштарлығы шексіз, тән азабын тартса да жандарын жүдетпеген жандар ән салып, би биледі. Кеш қонақтарының көңілін алдымен халықтық «Жалын» би ансамблі «Шалқыма» биімен көтерді. Бұдан кейін  жас болса да қиындықтарға төзе білген «Шабыт» триосы «Батырлар ұраны» әнін орындады. Көзі көрмесе де көкірегі ояу азамат Дмитрий Чавдарь  «Мен қазақпын» әнін шырқап, көрермендердің көңіліне шабыт сыйлады.  Дана Мұхаммедярова, Асылгүл Бердалиева, Ләззат Иманалина, Эрик Ибрагимов, Назым Жұрымбай секілді мүмкіндігі шектеулі жандар өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ қиындықтарға қарамастан өнерлерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Гүлшара Жалғасова мен Жанат Жалғас «Армансыз күнім болмайды», ал әсем әндерімен ақтөбеліктерге жақсы таныс Алтынбек Жаңбырбаев «Көзайым» әнін шырқап, көрермендердің көңілін бір серпілтіп  тастады.

Концерттің соңында облыстағы ірі кәсіпорын мен мұнай мекемелері қатысушыларды арнайы сыйлықтармен марапаттады. «Монтаж-01» ЖШС-ның өкілі  «Шабыт» триосына, «Бриг» ЖШС Гүлшара Жалғасова мен Жанат Жалғасқа, «ҚазақОйл» ЖШС өкілі Дана Мұхаммедяроваға  ақшалай сыйлық берді. Ал  «SinooiI» ЖШС-ның басшысы Рашид Дауров Ләззат Иманалинаға теледидар сыйласа, «Халықаралық мұнай сервисі» компаниясының өкілі «Жалын»  би ансамбліне ноутбук берді. Сондай-ақ «ҚМҚ Мұнай» АҚ, «Алтиес Петролеум Компани Интернэшнл Б.В» компаниясы, «Ақтөбе Мұнай Маш» ЖШС, «Сағыз Петролеум компани» ЖШС, «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-ның өкілдері  кеште ән салған мүмкіндігі шектеулі жандарды ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

Жиын соңында сахнаға  облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының басшысы Құралай Бәйменова жиналған жұртшылыққа ыстық ықыласын білдірді.

— Осы шараға қатысқан барлық азаматтарға алғысым шексіз. Өмірдің түрлі қиындықтарына мойымай, мүмкіндігі келгенше өз бетімен өмір сүруге талпынып жүрген жандардың еңбегі қашанда марапатқа лайық. Сіздерге үлкен рақмет, — деген Құралай Бәйменова «Алғыс айтамын» өлеңін оқыды.

Ал «Восход Ориал» ЖШС-ның басшылығы Құралай Бәйменоваға емделуі үшін сауықтыру орталығына жолдама берді.

Концерттің соңында өнерлі жандар  естелік суретке түсті. Көпшілік үйлеріне көңілді қайтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button