СпортӘлеумет

Чемпиондарымен мақтанатын спорт мектебі 50 жылдығын атап өтті

Өткен аптада Ақтөбе қаласындағы №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві мектебі 50 жылдығын атап өтті. Осынау мерейлі датаға орай аталған спорт мекемесінде бірқатар мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

Соның бірі — жарты ғасырлық той мен осы мектепте 30 жылдан астам уақыт бойы жаттықтырушы қызметін атқарған Алексей Семкиннің 80 жас мерейтойына орай 2005-2006 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир. 11 салмақ дәрежесі бойынша өткен спорттық сайыс халықаралық UUW (Халықаралық күрес федерациясы) ережесіне сәйкес жүргізілді. Оған 250-ге жуық жеткіншек қатысқан.

Сондай-ақ, басты мерекелік шара жас талаптар үшін өткізілді. ҚР чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрислам Санаев, биыл Парижде грек-рим күресінен өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әскерилер арасында Әлем чемпионы Мейрамбек Айнағұлов, еркін күрестен халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы Амандық Бакиев, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Бек Жақсылықтар кішкентайларға арнап шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Аталған спорт мектебінің басшысы Болат Еңсепбаевтың айтуынша, аға буын өкілдері де назардан тыс қалмаған.

— Мектептің 50 жылдығы аясында осы мекеменің дамуына үлес қосқан ардагерлерімізді, мерейімізді асырған спортшыларды марапаттап, оларға Алғыс хат пен мерекелік медальдарды табыстадық. Мерекелік басқосуға алыс-жақын мемлекеттерден қонақтар шақырылып, олар өздерінің құттықтау сөздерін айтты. Мұндағы мақсат — ешкімді ұмытпай, мектепке еңбегі сіңгендерді атап өту.

Жалпы, №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві мектебі 1967 жылы білім бөлімінің негізінде жұмыс жолын бастап, өзінің материалдық базасының болмауына байланысты қаладағы Некрасов көшесінде жер үйді жалға алған еді. Ал жаттығу сабақтары орта мектептерде өтіп жүрді. Мектепте еркін, грек-рим және қазақша күрес секциялары жұмыс жасап, 1970 жылдың тамыз айының басында жаттықтырушылар кеңесінің шешімімен қазіргі таңдағы ғимарат салынды. Сол кезде мектептің ашылуына себепкер болған Коган Ефим және Камал Зубаировтарды атап өтпесем болмайды.

Мектеп, әрине, қашанда түлектерімен мақтанады. Соның ішінде Әбіл Ибрагимов, Бауыржан Оразғалиев, Нұрислам Санаев сынды Олимпиада ойындарына қатысушыларды, бокстан Әлем чемпионатының жүлдегерлері,  Қазақстанның спорт шеберлері Азат Қазиханов, Қанат Махатовтарды, еркін күрестен Азия чемпионаттарының жүлдегерлері Ғани Ізбағамбетов, Айбар Хасанов, Ғабит Анесов, Азат Жөкен, Айдар Балданбаевтарды, сосын Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов, тағы да басқа әр жылдары бізде жаттыққан шәкірттерімізді атап өткім келеді.

Соңғы жылдары да жетістіктерімен қуантып жүрген спортшыларымыз аз емес. Болашағынан зор үміт күттіретін Юсуп Батырмырзаев, Тимур Әбдіқадір, Тілек Әсембаев, Қазыбай Руслан, Мақсат Әлиев, Ерасыл Кеңғанов, Гүлсамал Нұрлан, Карина Моисеенколар бар. Аты аталмай кеткен жастарымыз ренжімес, есіме түскендерін тізбеледім, — дейді Болат Ермағамбетұлы.

Осы орайда мұнда Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушылар Құсман Саванаев, Төлепберген Дұздықбаев, Мұхамбетжан Зарлықов, Рақымжан Бақытжановтардың еңбек ететінін айта кету керек. Еліміздегі алдыңғы қатардағы спорт мектептерінің бірінің осынау жетістігі, бір жағынан, жоғарыда аталған бапкерлердің арқасы.

Жыл сайын еркін күрестен Әйтеке биді еске алуға арналған республикалық турнирді өткізуді дәстүрге айналдырған №4 облыстық олимпиада резерві мектебіне қазіргі таңда еркін, грек-рим және әйелдер күресі бойынша 600-ге жуық ұл-қыз барып жүр. 50-ден астам адам қызмет ететін спорт мекемесіндегі жаттықтырушылардың саны — 26.

— Біздің мектепте спорт саңлақтарымен кездесулер, шеберлік сабақтары жиі өтіп тұрады. Жуырда қаламызда өткен «Туған жер» форумы аясында қазақ елінің батырлары Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, Ермахан Ибраимовтар мектебімізге арнайы соғып, осындағы балалармен көрген-білгенімен бөлісті, олардың сұрақтарына жауап берді, — деп атап өтті әңгіме арасында спорт мекемесінің басшысы.

2012-2017 жылдар аралығында мектеп түлектері арасынан Қазақстанның спорт шебері атағын 20, ал Халықаралық дәрежедегі спорт шебері боп 3 адамның атанғанын ескерсек, жарты ғасырлық тойын атап өткен спорт мектебінің болашағы жарқын екенін байқау қиын емес…

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button