Спорт

Бір минуттың өкініші

Премьер-Лига

Енді 1 минут сауатты қорғанғанда, дұрысын айтқанда, ойынның 97-минутында өз қақпамызға өзіміз гол соғып алмағанымызда қоржынымызға үш ұпай түсетін еді.

Рас, бірінші таймда «Ақтөбе» шабуылда соншама жарқылдап көзге түсе алмады. «Ертіс» өз алаңында жеңіске жетуге, сол жеңіс арқылы Еуропа кубогы ойындарында өнер көрсетуге бір қадам жақындай түсуге аса ықыласты екенін білетін жерлестеріміз қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Бірақ бұл қарсыластар қақпасын нысанаға алмады деген де сөз емес. «Ақтөбе» бірнеше қарсы шабуылдар ұйымдастырды, допқа иелік етудің де ыңғайын тауып отырды. Әйтсе де еш нәтиже шығара алмады. Әсіресе Томаш Шимкович пен Антон Шурыгиннің допты ашық қалған қақпаға дәл бағыттай алмағандары сан соқтырды. Оның есесіне біздің жігіттер алаң иелеріне де сәтті жағдайларды тиімді пайдалануға мүмкіндік бермеді.

Екінші таймда ойын теңескендей болды. Алаңның қарама-қарсы бөліктеріне жасалған алма-кезек шабуылдар осының дәлеліндей еді. Бірақ бұл ретте де екі команда бір-бірінен асып түсе алмады. 78-минутта  допқа секірген павлодарлық қақпашы Давид Лория ыңғайсыз құлап түсті де, бұған дейін ойыншыларды алмастыру лимитін тауысып алған «Ертіс» одан әрі кездесуді он футболшымен жалғастыруға мәжбүр болды. Аса зор мүмкіншілік болмағанымен бұл да қонақтарға қосымша тиімділік еді. Сол тиімділік пайдаланылғандай да болды. 93-минутта «Ертіс» қақпасы алдында әріптестері  ұйымдастырған әбігерлікті жартылай қорғаушымыз Томаш Шимкович зая жібермей, допты қақпаға шегелей енгізді — 0:1.

Әрине, бұндай жағдайдан соң қарсылас команда жанталаса шабуылға көшетіні мәлім. «Ертіс» сөйтті. Ақтөбеліктер, әттең, қорғаныста абдырай бастады. Ақыры, 97-минутта қақпамызға бағытталған допты баспен соғып, тысқары жаққа аударуға әрекеттенген Жереми Фог-Поррье өз қақпашымызды қапы қалдырды, теңбіл доп жібек торды дір еткізді — 1:1.

Сөйтіп, кездесудің аяқталуына 1 минут қана қалғанда жерлестеріміз сақалды қолдан беріп, жеңісті уыстан шығарып алды.

Дегенмен өткен аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» футболшыларымен кездескен кезде айтылған сыннан бас бапкер Владимир Муханов пен оның командасы нәтижелі қорытынды шығаруға тырысқаны байқалды. Соңғы орындардың бірінде келе жатқан команда футболшыларының төртінші орында келе жатқан командамен сырт алаңда тең ойнауы,  расына келгенде, нашар көрсеткіш те емес.

«Ертіс»-«Ақтөбе» — 1:1

Гол авторлары: Томаш Шимкович, 90+3 минут (0:1), Жереми Фог-Поррье, 90+7 минут, автогол (1:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Пірәлі Алиев, 32-минут, Владислав Огиря, 72-минут, Александр Кислицын, 75-минут («Ертіс») — Томаш Шимкович, 30-минут, Жереми Фог-Поррье, 75-минут («Ақтөбе»).

«Ертіс»: Давид Лория (капитан), Карлуш Фонсека, Владислав Огиря, Стефан Живкович (Павел Шабалин, 46-минут), Нассименто Родриго, Милош Стаменкович, Исмаэль Фофана, Александр Кислицын, Пірәлі Алиев (Дамир Даутов, 69-минут), Руслан Есімов, Аслан Дарабаев (Игорь Бугаев, 64-минут).

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников (капитан), Томаш Шимкович, Джозеф Нейн, Слободан Симович (Бағдат Қайыров, 17-минут), Жереми Фог-Поррье, Кристиан Колчак, Игорь Зенькович (Марк Обрадович, 54-минут), Асланбек Кәкімов, Кирилл Шестаков, Антон Шурыгин (Душан Савич, 82-минут), Руслан Валиуллин.

21 қазан 2017 жыл. Павлодар қаласы, Орталық стадион. 2500 адам.

Осылайша қазір «Ақтөбе» турнир кестесінде 9-орында тұр. Дегенмен екі команда — «Ақжайық» 29 ұпаймен, «Тараз» 26 ұпаймен желкесінен демалып тұрғанын айтпауға да болмайды.  Қалған екі кездесуде жерлестеріміз өз алаңымызда «Ордабасы» командасын қабылдап, сырт алаңда «Қайратпен» ойнайды. Ал «Ақжайық» өз алаңында «Қайсар» командасын қабылдаса, сырт алаңда «Астанамен» күш сынасады. «Тараз» әуелі сырт алаңда «Атыраумен» кездесіп, сосын өз алаңында «Қайсарды» қабылдайды.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button