«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Әсері мол жүздесу болды

Форумнан соң

Ақтөбеде өткен «Туған жер» республикалық форумының әсері әлі күнге дейін санамда жаңғыруда. Бұл шынында да біздің ойымызды оятқан, көңілімізді сергіткен оқиға болды. Аталған форумға жас шамасына қарамастан, ең бастысы Ақтөбені өзі үшін қымбат санайтын көптеген адамдар жан-жақтан, алыстан да, жақыннан да жиналды.

Бүгінгі Ақтөбе — Қазақстанның ең танымал өнеркәсіпті қалаларының бірі. Осында тұратын тамаша еңбек адамдары оның тарихының жарқын беттерін жазды. Менің өзімнің әкем Зайыр Жанжарқынов саналы ғұмырын Ақтөбе қаласының экономикасын көтеруге, әлеуметтік мәселелерін шешуге арнады. Ақтөбе үй құрылысы комбинатын басқарған жылдарында қалада тұрғын үйлердің, әлеуметтік құрылыстардың көптеп салынуына көмегі тигенін жақсы білемін. Ал Ақтөбе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған тұста тыным таппай, еңбек еткені де жадымда. Менің өзім осында әке тәрбиесін көре отырып, оның әділ де қатал мектебінен өттім, комсомол қызметінде шыңдалдым. Соның бәрі кейін пайдасын тигізді.

1992 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітіргеннен кейін негізінен банк саласында еңбек етіп келемін. Туған жерге жол түскен сайын қуанышпен жетемін. Мені ылғи да сүйікті қаламның жақсы жаңалықтары күтіп тұратынына сенемін. Бұл жолы да солай болды. Көптеген ірі құрылыстардың куәсі болдым. Көшелерге дейін жасарып, жаңғырып, саябақтар молайған.

Ақтөбенің ірі бизнес орталығына айналып келе жатқаны қуантады. Қала әртүрлі салалар бойынша заманауи және перспективалы өндіріс ұйытқысы ретінде көрініп, бизнестің дамуы, жаңа технологияны игеру, әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейту үшін қолайлы орта болып танылуда.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбенің дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді, сол үшін ол кісіге алғыс айтамыз. Облыс басшысының бастамасы кеңінен қолдау табатынына сенемін. Өйткені, форум барысында бәрімізге ой салатын әңгімелер қозғалды, ал жиынға қатысушылар туған жер қадірін бұрынғыдан да гөрі терең сезіне түсті. Бұл өте жақсы деп ойлаймын.

Біз өз қаламызды  мақтан тұтамыз, оның адамдарының еңбекқұмарлығын, рухы биік, сондай-ақ қайырымдылық, ізгілік қасиеттерін құрметтейміз. Әсіресе алдыңғы буын — ардагерлерімізге бізге қалдырған үлгісі үшін рақметіміз шексіз.

Мен ақтөбеліктерге жаңа табыстар, игіліктер тілеймін, біздің туған қаламыздың одан әрі гүлденіп, өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын дегім келеді.      

 Марат ЗАЙЫРОВ,

«Нұрбанк» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button