Мәдениет

Бас жүлде иесі — Ақбота

Байқау

Қарғалы аудандық Мәдениет үйінің залында көрнекті композитор, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Әуелейді Шәмші әні» атты облыстық ретро әндер байқауы өтті.

Шәмші Қалдаяқовтың ән мұрасының ең үздік үлгілерінің дәстүрін сақтауға бағытталған «Әуелейді Шәмші әні» байқауына облыстың Әйтеке би, Байғанин, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау, Ойыл аудандары мен Ақтөбе қаласынан жас өнерпаздар қатысты. Әншілердің аяқ алысын бағалағандардың қатарында композитордың Шымкент қаласынан арнайы келген қарындасы Райхан Қалдаяқованың болғанын айта кету керек.

Өнер мерекесінде бағы мен бабын қатар сынағандар Шәмші Қалдаяқовтың халық арасында кеңінен танымал әндерін шырқады. Атап айтсақ, «Сыр сұлуы», «Сыған серенадасы», «Кешікпей келем деп ең…», «Қайықта» және т.б. Үш сағатқа созылған байқау барысында сағыныш саздарын нақышына келтіріп орындаған өнерпаздарға көрермен тәнті болды.

Сонымен, «Әуелейді Шәмші әні» атты облыстық ретро әндер байқауында I орынға  Байғанин ауданының тумасы Ақбота Тәжімағанбетова лайық деп танылды. Қарғалы ауданының атынан сынға түскен Әдемі Әкімжанқызы жүлделі II орынға ие болса, III орын мен Ш.Қалдаяқов атындағы қордың сыйлығына хромтаулық Жазира Мырзахметова қол жеткізді. Ал темірлік  Асылбек Қуатов «Көрермендер көзайымы» атанды.

—  Шәмші Қалдаяқовтың өнер мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа осылай жалғасып, ұлтымыздың музыка әлемінде шырқала береді, — дейді ұйымдастырушылар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button