Спорт

Қос жеңіс және жолдама

Тоғызқұмалақ

Тараз қаласында тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында өткен Қазақстан Республикасының жекелей чемпионатында ақтөбеліктер топ жарды.

Жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 80-ге жуық ойыншы өзара бақ сынасқан. Бұл жарыста 9 ойынның жетеуінен жоғары ұпай жинаған жерлесіміз Аманбек Өндірбаев 1-орынды иеленді.

Тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қабидолла Нұршиннің айтуынша, аталған жарыста 3 ойыншының ұпайлары тең түскен. Алайда Аманбек үш кезеңде коэффициенті бойынша алға шыққан. Осылайша чемпион атанған Аманбек келер жылы Монғолияда өтетін Азия чемпионатына жолдама алыпты.

Сондай-ақ бұл жарыста қыздар арасындағы ойында біздің облыстан барған Диана Кенина жақсы ойын көрсетіп, 3-орынға ие болған.

  • Менің қарамағымда екі топ бар. Оның біреуі ересектер тобы болса, екіншісі — кіші топ. Біздің спорт мектебіне балалар 7 жастан бастап келеді. Біз оларды шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы сияқты интеллектуалды спорт түрлерінен даярлаймыз.

Биыл біздің мектептің түлектері мен жаттықтырушылары да көптеген жетістікке жетті. Мәселен, биыл қыркүйек айында Астанада тоғызқұмалақтан өткен ІV әлем біріншілігінде облыстың намысын қорғап барған ойыншыларымыз Нұрбек Қабиев пен Диана Кенина жүлделі орындармен оралды. 25 елдің ойыншылары қатысқан әлем біріншілігінде Нұрбек Қабиев бас жүлдені иеленіп, әлем чемпионаты атанса, Диана 2-орынға ие болды, — дейді Қ.Нұршин.

Аға жаттықтырушының айтуынша, 19-22 қазанда Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан дәстүрлі республикалық Шығанақ Берсиев атындағы турнир өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен ойыншылар қатысады. Жарыс жас шамасына қарай екі топта жекелей түрде өткізіледі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button