Ауыл

Қарғалыда жаңа мешіт салынады

Келер жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қарғалы ауданының орталығында жаңа мешіт салынады.

Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Блиевтің айтуынша, жаңа мешіт аудандағы белсенді азаматтар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтермек.

  • Жобаның құрылыс құны — 79 миллион теңге. Мешіт аудандағы белгілі кәсіпкерлер «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Аманғос Төлеуов, «Интер Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Берік Оянғалиев, «Дилэнд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қайрат Байтүлік, Қайрат Ізтілеу сияқты азаматтардың қолдауымен, сондай-ақ аудандағы барлық мекемелердің ықпалымен бой көтермек. Қазір осы жобаға өздерінің үлестерін қосатынын жеткізіп жатқан түлектер де бар. Бүгінге дейін мешіттің жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Оны белгілі кәсіпкер Қуаныш Шәңгірбаев өз қаражаты есебінен тегін жасатып берді, — дейді Е.Блиев.

Оның айтуынша, биыл жаңа мешітті салуға дайындық жұмыстары жүргізілсе, келер жылы көктемде құрылыс жұмыстары басталады. Көктемге дейін қорға қаржы жиналып, құрылыс материалдары алынады. Жоспарға сәйкес, жаңа мешіт келер жылдың аяғында пайдалануға беріледі.

  • Аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған жобаға барлық тұрғындар атсалысады деп сенеміз. Мешіт ашылса, оның жанынан медресе ашу да жоспарда бар. Әзірге аталған жобаның құрылысына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен айдың аяғында жаңа мешіттің құрылыс алаңына аудан әкімі капсула салды. Аталған шараға аудандағы ақсақалдар, белгілі азаматтар, тұрғындар қатысты. Ендігі мақсат — келер жылы жаңа мешітті халық игілігіне беру,сол арқылы жастарды имандылыққа тәрбиелеу, — дейді аудан әкімінің орынбасары.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жаңа мешіт салуға аудан орталығынан жалпы аумағы 0,5 гектар жер бөлінген. Ал мешіттің жалпы ауданы — 319 шаршы метр.

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button