Ауыл

Мемлекеттік бағдарлама және мол мүмкіндік

Бүгінгі күні Қарғалы ауданында мемлекеттік «Сыбаға», «Ырыс», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша мал басын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Мұндағы шаруашылықтар аталған бағдарламалар аясында мемлекеттен несие алып, өз шаруаларын дамытып, мал басын көбейтуде. Осындай шаруашылықтардың бірі — Шәмші Қалдаяқов ауылындағы «Асылжар» ЖШС.

Серіктестік биыл көктемде «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 7 жылға 10 млн теңге несие алған. Шаруашылық алған несиесіне 30 бас ақбас сиыр, 1 асылтұқымды бұқа сатып алыпты.

  • Өзіміздің жинаған қаржымыз бен алған несиемізді қосып, ауыл маңынан жер алып, сиыр қора мен жұмысшыларға арнап үй салдық. Қазір серіктестікте екі бақташы, бір механизатор жұмыс жасайды. Сондай-ақ биыл егін егуге, мал азығын дайындауға жер алдық. Комбайн, жер жыртатын техникалар сатып алдық. Биыл 100 гектарға арпа, 90 гектарға еркекшөп ектік. Күздің басында 90 тоннаға жуық арпа жинап алдық. Ал еркекшөп екі жылдан кейін ғана өнім береді, — дейді шаруашылық басшысы Сәрсен Асылжаров.

Шаруа биыл малына 200 бума шөп дайындапты. Алдағы уақытта ақбас сиыр тұқымының санын көбейтіп, шаруашылығын ет, сүт бағытында дамытқысы келеді.

Келер жылы тағы жер алып, 100 бас сиырға қора салғым келеді. Сүт, ет өнімін өндіріп, мал бордақылау алаңын салсам деймін. Қазір аздап қаржы жағынан қиыншылықтар болып тұр. Алған несиені уақытында қайтармасақ, кепілге қойған мал-мүлікті алып қояды. Ал мен сияқты шаруасын енді бастап, аяғынан әлі тұра қоймаған шаруаға малды сату, оның өнімін өткізу оңай емес. Сондықтан мемлекет тарапынан ісін жаңадан бастап жатқан шаруашылықтарға қолдау көрсетілсе, — дейді шаруа.

Мамандығы құрылысшы болғанымен, мал шаруашылығымен айналысуға бет бұрған Сәрсен Асылжаров мал бағып, оның өнімін сатып, пайда табу оңай жұмыс емес екенін айтады.

— Бұл шаруада тек көп еңбектенудің арқасында ғана бейнетіңнің зейнетін көре аласың. Әрдайым шаруашылықтың басы-қасында өзің жүрмесең, ісің алға баспайды. Сондықтан қазір отбасымызбен серіктестік жұмысын алға қою үшін күн-түн демей, еңбектеніп жатырмыз. Бүгінгі күні құрылысқа қажетті материалдар, ауылшаруашылық техникалары, олардың бөлшектері, құрал-жабдықтар — барлығы қымбат. Сондықтан бар күш өзіңе түседі, — дейді С.Асылжаров.

Шаруа ақбас сиыр тұқымының әрқайсысын 230 мың теңгеден Қобда ауданынан сатып әкелгенін айтады. Алайда биыл мемлекет тарапынан шаруаға субсидия төленбепті.

  • Соңғы жылдары ірі қара малының саны мен сапасын арттыруды көздеген «Сыбаға» бағдарламасы арқылы тиімді несиеге қол жеткізіп, сол арқылы шаруашылығын дамытып отырғандар көп. Қазір ауданда «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары аясында мал шаруашылығын белсенді түрде дамытып, мал санының артуына үлес қосып отырған жеке шаруашылықтар да бар. Біздің серіктестіктің алға қойған мақсаты да осы. Бұл бағытта жоспарларымыз да жоқ емес. Қазір бізге тек мемлекеттің қолдауы керек. Біз сияқты шаруашылықтарға алған несиені төлеуде жеңілдіктер болса дейміз, — дейді шаруа.

Ауданда аталған бағдарламаларға үнемі қатысып, мал шаруашылығын дамытуға

үлес қосып жүрген шаруашылықтың бірі — Қосестек ауылдық округіндегі «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығы.

Қожалық басшысы Марат Көбеевтің айтуынша, биыл қыркүйек айында шаруашылық «Құлан» бағдарламасы арқылы несие алып, 95 бие, 8 айғыр сатып алған.

Біздің шаруа қожалығы 20 жылдан бері ірі қара, жылқы өсірумен айналысады. 2014 жылы «Ырыс» бағдарламасы арқылы сүт бағытындағы ірі қара сатып алдық. Алдағы уақытта ірі инвесторлардың қолдауымен шаруашылықты кеңейтіп, ет, сүт бағытындағы ірі қара санын көбейту жоспарда бар, — дейді қожалық басшысы.

Данагүл ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button