«Ақтөбе — құтты мекен»

«Елу жылда ел жаңа»

1987 жылы Ақтөбе облысының құрылғанына 55 жыл толды. Осы жылдың 1 сәуірі күнгі дерекке сай, облыс халқының саны 725 мың адам болды. Естеріңізге сала кетсек, 1932 жылы облыс құрылған шақта халық саны 1 миллионнан астам болатын. Дегенмен, кейіннен Ақтөбе облысының құрамынан Қостанай облысы бөлініп шықты, сондай-ақ, кейбір аудандар Ресейдің Орынбор облысы мен Қызылорда облысына берілді, оның үстіне, халық 1932-33 жылдардағы аштықты, қуғын-сүргіндер мен Ұлы Отан соғысын бастан өткерді…

1987 жылы облыстағы 725 мың тұрғынның 283 мыңы — жұмысшы мен қызметші, ал 17,5 мыңы колхозшы болған екен.

1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы алмасқан еді. Қазақстанды 1960-жылдардың басынан басқарып келе жатқан Дінмұхамбет Қонаевтың орнына бұрын РСФСР-дің Ульянов облысының басшысы болған Геннадий Колбин жіберілді. Мұның соңы Алматыдағы жастар толқуына ұласты. Осылайша, 1987 жылды Қазақстан үлкен толқумен қарсы алды. Нақ осы жылдан бастап ұлт тарихының жаңа беттері ашылды. 1937-де атылған арыстармен бірге кеткендей көрінген арман-үміттер қайта ояна бастады…

 «Жалғыз-жарым болғанмен…»

1987 жылдың бастапқы айларында біздің облыс қана емес, бүкіл республика бойынша үлкенді-кішілі жиындардың, бұқаралық ақпарат құралдарындағы әңгіменің басты тақырыбы — қоғамдық тәртіп, жастар тәрбиесін, соның ішінде интернационалдық тәрбиені күшейту болды. Желтоқсан қозғалысына қатысқан жастарға «нашақор, маскүнемдер» деген «мінездеме» берілгені белгілі. Сондықтан қоғамдық тәртіпті сақтау мен тәрбие мәселесінің бірінші кезекке шығуы «түсінікті» еді.

Алматыдағы жастар наразылығынаақтөбеліктер де үн қосты. Алғада үш жас бапкер — Болат Телеуов, Болат Арынғазиев және Берік Тайбөкеновтер көпшілік орынға «Долой Колбина!» деп ұран жазғандары үшін 2-2,5 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Дегенмен, нақ сол тұста бұл оқиға баспасөз арқылы жария етіле қоймаған…

Ал Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің оқытушысы Қожанов пен оның шәкірттерінің көшеге шығып, наразылық танытпақ ниеттері тез арада «әшкереленді». Бұл жөнінде облыстық комсомол ұйымының XXVІІІ конференциясында айтылды. Ұйым жетекшісі өз баяндамасында: «Батыстың модасына, тұрмысына көрсоқырлықпен еліктеу, ұлттық түсінікті теріс бұрмалау 17-18 декабрьде Алматы қаласында қолайсыз көрініске апарып соқтырды. Бұл — тәрбиедегі олқылықтың ащы сабағы. Өкінішке қарай, жалғыз-жарым болғанмен біздің комсомол ұйымында да ұлтшылдық көрінісі орын алды. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің бұрынғы оқытушысы Қожанов сондай қылықтары үшін ВЛКСМ қатарынан шығарылып, оқытушылар Әбенов пен Нұрғазинге қатаң сөгіс жарияланды», — дейді…

Ал сол тұстағы басшылар облыста ұлттар арасындағы бірліктің мықтылығын көрсету үшін үнемі алға тартқан бір дерек — облыс бойынша барлық отбасылардың 24 пайызының интернационалдық отбасы екендігі еді. 1987 жылы облыста ондай отбасылар саны 33 мыңға жеткен. Деректе: «Ол бүкіл некеге отырғандардың, шамамен, бестен бірін құрайды», — делінген.

 Құдайберген Жұбановтың шәкірті неге күйінді?

Тіл — халықтың жаны. Сол бетбұрыс жылдарында ұлт келешегіне алаңдаған азаматтар алдымен тіл мәселесін ту етіп көтерді. Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің 4 желтоқсан күнгі санына еңбек ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер К.Ержановтың «Ана тілін сүймеген…» атты мақаласы жарияланды. Мақала авторы өзін таныстырғанда: «…мен педтехникумды 1930 жылы бірінші болып бітіріп, өмірге, еңбекке жолдама алдым. Ол кездегі педтехникумның жағдайын қазіргі педучилищемен салыстыруға болмайды. Жатақ үй, оқу корпусы тар, қараңғы, көбінесе май шаммен оқимыз… Біздің бақытымызға тамаша ұстаздар сабақ берді. Атақты ғалым, қазақ тілі маманы Құдайберген Жұбанов, «Кедей» газетінің редакторы болған Жиенғали Тілепбергенов, Кенжеғали Абдуллин және басқа да білімді оқытушылар сабақ берді. Алғашқы басшы совет, партия, комсомол қызметкерлері, газет, журналдарда істеген журналистер техникум түлектері еді. Бұл қазақ тілін меңгере білудің нәтижесі деп білемін», — дейді.

Құдайберген Жұбановтың шәкірті «соңғы жылдары қазақ тілінің маңызы мен беделі төмендеп кеткеніне», әсіресе, «мектептерде қазақ тілін оқыту төменгі дәрежеде» екеніне күйінеді. Осыған дәлел ретінде мына деректер алға тартылған: «Ақтөбе педагогикалық училищесіне түсуге арыз берген, 8-класты бітірген 327 оқушының қазақ тілінен бірде-бірі жоғары баға алмаған. 18 бала «4», 132 оқушы «3», 134 оқушы «2», 33 оқушы «1» деген баға алған. Ал 10-класты бітіріп, аттестат алған 298 оқушының төртеуі ғана «4», 85-і «3», 183-і «2», 26-сы «1» деген баға алған».

Ардагер қазақ тілінің мүшкіл халіне сол кездегі интеллигенттерді, «заманға ілескіш» қазақтарды кінәлап: «Семьяда да орыс тілінде ғана сөйлейтін «интеллигенттер» көп. Олардың балалары қайдан қазақша білсін? «Қайтейік, орыс тілін жақсы білмесе, институттарға түсе алмайды, сонымен қатар, орыс мектептерінде сабақ беру дәрежесі жоғары және оқушыларға талап күшті» —дейді ата-аналар. Ол — ол ма, «төменгі кластарда оқитын балаларға бірнеше сағат қазақ тілін оқытудан түк шықпайды» дейтіндер де баршылық. Оқушы, студент, жұмысшы қазақ жастары да бір-бірімен орысша сөйлеседі, қазақ тілін шала білетіндіктен, ана тілінде сөйлеуге арланады», — дейді.

Сол тұста қазақ тілінде оқыту ісін алға жылжыту үшін орыс мектептерін аралас мектептерге айналдыру туралы мәселе көтерілген. К.Ержанов бұған байланысты: «Мұның да қандай нәтиже береріне өз басым күмәндімін» — дей келіп, интеллигенцияны, қалың көпшілікті осы мәселеге орай өз пікірлерін ортаға салуға шақырыпты.

 Исатай бейітіндегі бесжұлдыз

80-жылдардың ортасына дейін облыстағы тарихи орындар туралы айтылғанда, негізінен, кеңес өкіметін орнату жолындағы қайраткерлер, Азамат соғысының батырлары, т.с.с. кеңестік тарихқа қатысты дүниелер ғана сөз етілетін. Ал аталған тұстан бастап баспасөзде көне дәуірлер ескерткіштері, ұлт қайраткерлеріне қатысты орындар мәселесі көтерілді. Мысалы, «Коммунизм жолы» газетінің 1987 жылдың 28 тамызы күнгі санында «Ер есімі ел есінде ме?» айдарымен журналист, ақын Амантай Өтегеновтің «Арыстан еді-ау Исатай» атты мақаласы жарық көрді. Автор Қобда ауданының «Қиыл» совхозы аумағындағы Исатай батыр бейітінің сол кездегі күйін былай сипаттайды: «Бейіттің қай түрі де адамды қапалы сезімге түсіреді. Ал Исатай бейіті ерекше қапаландырады. Түріне қарағанда жуық арада қойылған қоршау құлап жатыр. Бейіттің басына бір кездері елеулі ескерткіш тұрғызу көзделген болса керек. Іргетасы да құйылған. Бірақ барлық жұмыс сонымен тынған. Цемент тас болып қатып қалған. Бейіттің үстіндегі темір қаңылтырдан бесжұлдыз суретінің сұлбасы байқалады. Мұндай символ, әрине, бізді қуантады. Бірақ революцияға дейін әлі сексен жыл бар кезде қаза тапқан батырдың бейітіне бесжұлдыз үйлеспейтін-ақ сияқты».

Исатай батыр есімін иеленген аудан ашылған тұста, «Қиыл» совхозы сол ауданның құрамында болған да, кейін тұрғындар өтінішімен Қобда ауданына қосылған. Автор қиылдықтарды меңзей: «Исатай ауданы құрамынан шыққан соң Исатай есімін қастерлеуді лезде ұмыта қойғаны ма?» — десе, осындай маңызды ескерткішті ескермей отырғандарын айтып, облыстық мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау ұйымын да сынға алыпты.

Ал «Коммунизм жолы» газетінің қызметкері Серікқали Байменшин аудандарда музей ашу мәселесін көтеріп, бірнеше мақала жариялады. Бұл бастаманы қолдаушылар жер-жерден үн қатқан. Мысалы, Темір қаласында тұратын ерлі-зайыпты өлкетанушылар — дәрігер Мақтапберген Сейтімов пен оның зайыбы, тарих пәнінің мұғалімі Мәрия Ешімбетова журналиске он бес жыл бойы аталған қаланың тарихына қатысты деректер, сондай-ақ, көне бұйымдар жинаумен айналысқандарын, соның нәтижесінде, 1985 жылы 22 сәуірде Темірдегі С.Бәйішев атындағы орта мектепте музей ашылғанын баяндайды. Бір жарым жылда шағын қаладағы мектеп музейіне келушілер саны 1,5 мыңға жетіпті. Осы құйттай оқиға бізге сол кездегі қазақтың өз тарихына деген үлкен құштарлығының дәлеліндей сезілді.

Жылусыз жатақхана, жұмыс істемейтін цех…

Бұл тұста кеңес халқы өз тұрмысына бұрынғыдай шаттанбайтын еді. Кейбір көріністерге көз жүгіртсек: «Осында асхана бар. Бірақ жүздеген адамның кезегінде тұрған адам ас ішкенше азапқа түседі екен. Ыссы жерде жүзінші болып кезекке тұрып көріңізші.Біз адам шағындау кезде кезекке тұрғанның өзінде, 45 минуттан кейін ғана дәм таттық». (Бұл — Жаңажолдағы мұнайшылар өмірінен көрініс; «Коммунизм жолы» газетінің 1987 жылғы, 23 шілдедегі санынан алынды.)

Немесе облыстық агроөнеркәсіп комитетінен бір дерек: «Облыста 116 жемшөп цехы бар. Соның қазір 74-і ғана істейді. Ақтөбе ауданында 13 цехтың бесеуі, Қарабұтақта төрт цехтың төртеуі де жұмыс істемейді». («Коммунизм жолы», 1987 жыл, 4 желтоқан.)

Ал Новоалексеевка селосындағы №15 кәсіптік-техникалық училищенің жатақханасындағы жағдай: «Біз келген уақытта оқушылар өздері тұратын бөлмелерді тазалап жатты. Барлығының үстінде — сырт киімдері. Бөлменің салқындығы білініп тұр. Жылу батареяларын қолмен ұстап көрдік. Жылымшы ғана. Бөлмелердегі жарға жапсыра салынған киім шкафы әшейін фанерден жасалыныпты. Соның өзі бөлмені едәуір тарылтып тұр. Басқа мебельдер де ескірген. Училище әкімшілігі бөлме салқындығына құрылысшыларды кінәлайды»(«Коммунизм жолы», 1987 жыл, 27 ақпан.)

Осылайша, «қайта құру, жеделдету» науқандарына қатысты ұрандар қаншалықты зор «дауыспен» айтылғанмен, халықтың тұрмысы түзелу орнына, керісінше, кері кетіп бара жатты…

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Деректер облыстық «Коммунизм жолы» газетінің (қазіргі «Ақтөбе») 1987 жылғы сандарынан алынды.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button