ЖаңалықтарСпорт

Ардагер спортшылар жүлдемен оралды

Болгарияның  Пловдив қаласында өткен грек-рим күресінен әлем біріншілігінде ақтөбелік ардагер спортшылар жеңіспен оралды.

Сайыста 70 келі  салмақ бойынша Аманғос Ниязов үшінші орын алып, қола медалға ие болды. Ал 78 келі салмақтағы Қадыржан Жанпейісов 5-орынға табан тіреді. Екі спортшы да Шалқар күрес мектебінің түлектері.  Олар ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Қайыржан Жанпейісовтің  жетекшілігімен дайындықтан өткен. Облыстық ардагер спорт шеберлерінің құрама командасы — республикадағы үздік команда. Команданың құрамында 15 спортшы бар. Олар әр салмақ бойынша сынға түседі. Құрама команданың хатшысы, грек-рим күресінен спорт  шебері Айбек Жүсіповтің айтуынша, спортшылар желтоқсан айында  Ресейдің Пермь қаласында өтетін ашық чемпионатқа дайындалып жатыр.—  Грек-рим күресінен облыстық ардагер спорт шеберлерінің құрама командасы 2010 жылы құрылды. Сол уақытта өңірде діни көзқарасына және тағы басқа мәселелерге байланысты оқиғалар жастар арасында жиі орын алды. Осы кезде грек-рим күресінен жаттықтырушы Қайыржан Жанпейісов бастаған ардагер спортшылар бос отыруды жөн көрмедік. Өзіміз үлгі болып, жастарды түзу жолға салуды ұйғардық. Осылайша қаладағы №38 мектептің спорт залында жаттығып жүрдік. Қала мектептеріне, оқу орындарына барып, жастарды спортқа шақырдық. Өзіміз оқушыларды жаттықтыра бастадық. Нәтижесінде жас чемпиондар шықты. Олардың алды қазір ел намысын қорғап жүр. Жалпы бұндай ардагерлер командасы Еуропа мен Ресейде бұрыннан бар. Біз енді бір орында тұрып қалғымыз келмейді. Ресейде күрес бойынша мектептерде арнайы бағдарлама бар екен. Біз де соны қолға алғымыз келеді. Қазір қажетті құжаттарды әзірлеп қойдық. Мақсатымыз — мектепте денешықытырудың үшінші сабағы ретінде  күресті қосу, — деді Айбек Жүсіпов.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button