Денсаулық

Дәрігерлерге көмекші

Барлық мемлекеттік ұйымдарда және меншік түрлеріне қарамастан, серіктестіктерде, акционерлік қоғамдарда, мектеп, балабақша сияқты жас ұрпақтарға саналы тәрбие беретін мекемелерде мемлекеттік тілді кәсіби саламен байланыстыра оқытуға арналған оқулықтар жасалуын қазіргі уақыттың өзі талап етіп отыр. Бұл жағынан алғанда «Тілдерді оқыту орталығы» МҚКК біраз істер тындыруда.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен «Тілдерді оқыту орталығы» «Қазақ тілін үйренейік» айдарымен медицина қызметкерлеріне арналған үш оқулық шығарды.

Оның біріншісі «Қазақ тілін үйренейік» оқу құралы мемлекеттік тілді аталмыш кәсіби саламен байланыстыра, бүгінгі күн талабына барынша жауап беретіндей дәрежеде құрастырылған.

Ал «Медицина саласы қызметкерлеріне арналған мәтіндер жинағы» жеделдете оқыту бағдарламасы негізінде алынған мәтіндік сөздік қорларын кеңейтуге, сұхбаттасу үлгілерімен танысуға, медициналық терминдерді дұрыс қолдануға, нақты деректер арқылы білімдерін жүйелеуге септігін тигізеді.

«Медицина саласы қызметкерлеріне арналған тест жинағы» өтілген тақырыптардың меңгерілуін тексеру мақсатында беріліп отыр. Тест сұрақтарының жауабы үш немесе төрт нұсқада ұсынылады.

Тіл үйренушілер үшін жалғастырушы деңгейге арналған бұл оқулықтарды шығарудың басты мақсаты — медицина қызметкерлеріне мемлекеттік тілді жеделдете меңгертуді ұйымдастыру, оқуға ынталы қызметкерлерге тілдің түрлі стильдегі әлеуметтік-мәдени болмысын таныту, терминдердің номинативті мағынасын байқай отырып, контексте түрлі мағына беретіндігін түсіндіру, ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыру, т.б.

Оқу құралдарының тақырыбы, тілдік қамтылуы, жалпы мазмұны жағынан сапалы болып шығуы оның авторларына да тығыз байланысты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәбира Исақова, орталық оқытушысы Талшын Мәкешеваның еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн.

Мұндай кәсіби сала бойынша оқулықтар орталық жанынан алда да шығарылады. Сондай-ақ Астанадан «RedGreenBlye» баспасынан шыққан «Медицина терминдерінің орысша-қазақша сөздігі», «Бекітілген терминдер сөздігі» және «Құқық саласының орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздігі» облыс орталығындағы мемлекеттік мекемелердің көпшілігіне тегін таратылды.

Сағындық НИЯНҚҰЛОВ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button