Басты жаңалықтарЭкономика

Өндіріс орындарын аралады

«Aktobe Invest-2017» V халықаралық инвестициялық форумына қатысушылардың бірсыпырасы кеше Ақтөбедегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралады.

Форум қонақтары барған алғашқы өндіріс орны — «Қазақстан мұнай өнімдері жабдықтары» ЖШС.  Зауыт жылына 50 мың тонна өнім шығарады. Атап айтқанда, насосты-компрессорлық тұрбалар мен корпустық құбырлар, сондай-ақ, блоктық-жиынтықтамалы, бұрғылау қондырғыларын шығарады.

Форумға келген биыл ғана пайдалануға берілген зауыттың ішкі жұмысымен танысып, өнім түрлерін өз көздерімен көрді.

Зауыт директорының орынбасары Данияр Лекеровтің айтуынша, өндіріс орнында шығарылған өнімдері ішкі нарықтан бөлек, Ресей, Қытай елдеріне тасымалданады. Жоба құны — 4,9 млрд теңге.  Биыл маусым-қыркүйек айларында 2400 тонна өнім өндіріліпті.

Бұл — Қазақстан-Қытай біріккен кәсіпорны. Шикізатты Ресей мен Қытайдан тасымалдаймыз. Дәл қазіргі күні ішкі нарықта дайын өнімдер Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарына жөнелтілуде. Әрине, өндірілген өнімді экспортқа шығаруды да жоспарлаймыз. Әзірге жаңа бастама болғаннан кейін, экспортқа шығаруға өнім көлемі аздық етеді. Бастамашылардың айтуынша, қазіргі күні зауыт өнімінің сапасы мен бағасы көңілден шығады. Дей тұрғанмен, бәсекелестер бар. Мәселен, «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» акционерлік қоғамы насосты-компрессорлық тұрбалар мен штангалар шығарса, ал бұл зауытта насосты-компрессорлық тұрбалармен қатар, корпустық құбырлар және басқа өнім түрлерін шығарамыз, — деді Д.Лекеров.

Форум қонағы, Маңғыстау облысындағы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлан Ильмұханбетовтің айтуынша,  Маңғыстауда Қаламқас және Жетібай кен орындарында биылғы жылға мұнай өндіру көлемінің жоспары  — 6 миллион 350 мың тонна.

Инвестициялық форумның экономикаға тигізер пайдасы зор. Ақтөбеге бірінші рет келіп отырмын. Форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын бірінші күні-ақ біздің өз саламыз бойынша түрлі өндіріс орындарына апарып, олардың ішкі жұмыстарымен танысуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағанынан-ақ аңғаруға болады. Елімізде мұнай жабдықтарын шығаратын зауыттың көп болғаны жақсы. Мәселен, біздер көп жағдайда мұнай саласына қажетті құралдарды Ресейден аламыз. Ақтөбеде жаңадан ашылған зауыттың жұмысына, алдағы жоспарларына риза болдым. Осында шығарылатын өнімдер, яғни негізгі мұнай құбырлары  біздегі кен орындарында да кеңінен қолданылады. Зауыт өкілі бізге алдағы төрт жылдың ішінде мұнай бұрғылау құбырының да осы өндірісте шығарылатынын айтты.   Әзірге біз мұндай қондырғыны Ресейден алып отырмыз. Егер осындай отандық тауар өндірушілер болса, алдағы уақытта келісім жасауға әбден негіз бар, — деді Н.Ильмұханбетов.

Бұдан кейін форумға қатысушылар Ақтөбедегі «Назар трейлер» серіктестігінің жұмысымен танысты. Бұл — еліміздегі дөңгелекті тіркеме техникасын шығаратын алғашқы кәсіпорын.  Бүгінде кәсіпорынның техникалық жабдықталуы тек тіркеме техникасын шығарып қана қоймайды, сонымен қатар күрделі металл конструкцияларын да дайындайды. Форумға келушілер мұнда дайын өнімдерді көріп, зауыт басшылығымен сөйлесті, өздерін қызықтырған сауалдарға қатысты нақты жауап алды. Зауыттың техникалық директоры Ерлан Әбдіғаппардың айтуынша, өз жұмысын 2014 жылы бастаған өндіріс орнында екінші цехты ашу жұмыстары қолға алыныпты.  Цехты іске қосу үшін қаржыландыру мәселесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүргізілмек. Бұл цехта газ, цемент тасығыш секілді тіркеме техникалары шығарылады.

Бүгінгі күні зауыт өнімі Ресейге ғана шығарылады. Ол жақтан тапсырыс қабылдайтын дилер фирма таптық. Сол сияқты, Қырғызстанның әуежай компаниясы бізге 4 бензин тасығыш тіркемесіне тапсырыс берді.  Сол сияқты, еліміздегі ірі компаниялар біздің тауарға қызығушылық білдіруде. Сатып алып жатқан фирмалар да бар, — деді Е.Әбдіғаппаров.

Сондай-ақ, форумға келген қонақтарға «Ақтөбе» индустриалды аймағында іске қосылған бірқатар зауыттың жұмысы таныстырылды.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button