«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Рухани жаңғыру — өмірге қайта келу

Форумнан соң

Облыс орталығында болған «Туған жер» республикалық форумына сүйсіндік. Мұндай шараның біздің облысымызда алғашқы болып қолға алынып, табысты өткеніне қуандық. Әрине, елімізде болып жатқан барлық істің бастамашысы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев екенін білеміз. Бұл мәселелер Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған. Облыс басшылығы сол міндеттің бірін мүлтіксіз жүзеге асырып отыр.

Президенттің рухани жаңғыру идеясы елімізде өз мәнінде орнаған кезде, қоғамның әр мүшесі өмірге қайта келгендей болады. Елбасы алға қойып отырған міндетті мен осылай түсінемін және солай бағаласақ дұрыс болады деп ойлаймын.

Біздің, қазақстандықтардың, болашағын жарқын етудің ерекше мүмкіндігі бұл. Себебі бүгінгі көріп отырған жарқын заманымызға дейін біздің халқымыздың басынан неше түрлі аумалы-төкпелі жағдайлар өткені белгілі. Соның бәрінен ең көп зардап шеккен біздің ұлтымыз екені тағы анық. Осындай мың өліп, мың тірілудің зардабын қайта тартпаудың жолы Елбасымыз көрсетіп отырған қайта жаңғыру идеясында жақсы айтылған.

Ең бастысы, біздің әрқайсысымыз қайта жаңғыруға байланысты алдымызға бағыт-бағдар ұстануымыз керек. Ал оған қашан, қалай жетудің жолдары аталған мақалада тағы да жан-жақты көрсетілген. Елбасы әлемде басталған тарихи кезеңнің бағытының әлі бұлыңғыр екенін ашық айтады. Осы кезеңнен абыройлы өту үшін бойымыздағы сана-сезіміміз бен дүние танымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көшбасындағы елдермен тереземізді теңестіріп, иық түйістіру мүмкін еместігін ескертеді.

Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында дүниежүзілік аренада көп жетістіктерге қол жетті. Қазір әлемде Қазақстанды білмейтін ел жоқ. Бұған біздің облысымыз да жақсы үлес қосып отыр. Кешегі өткен форум соның бір куәсі. Оған әлемнің және еліміздің барлық аумағынан 300-жуық жерлесіміз жиналды. Олар тек туған жерлерін сағынып, көрісіп қана қайтқан жоқ, өздері өсіп-өнген осы өңірді түлетуге үлес қосуға уәде беріп аттанды. Біздің алыста жүрген даңқты жерлестеріміздің  туған жерлерімен қауышуға мүмкіндік жасағаны үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа шексіз алғыстарын айтқанын естіп, тебірендік.

Әйгілі оташы, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақовтың: «Адам баласы қанша жасқа келсе де, туған жерін, үлкен өмірге жолдама алған мекенін ұмыта алмайды, былайша айтқанда бір бүйрегі бұрып тұрады» деуінде үлкен мән бар. Мұнымен бірге, бұл шараның тәрбиелік жағы да бөлек. Ахмет, Құдайберген Жұбановтардың  ұрпақтарының келуі, олармен өткен кездесулер, осы кезде облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен салынған  «Жұбановтар әулеті» ғимаратының ашылуы — қандай ғажап қуаныштар!

Осы өткен форум арқылы біздің жерлестеріміз облыс орталығының аз жылда салтанатының асқанын көріп сүйсінсе, қала халқы кешегі бауырынан ұшқан түлектерінің өсіп-өнгенін, абырой биігіне көтерілгенін көріп марқайды.

 Жоламан СӘРСЕНОВ, еңбек ардагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button