Спорт

Суперкубок тағы да «Ақтөбеде»!

Өткен жылғы чемпион «Ақтөбе» мен Кубок иесі Атыраудың «Атырау» командалары Суперкубокты сарапқа салды. Үлкен жүлде үшін кездесу 14 наурызда Астанадағы «Астана-Арена» стадионында өтті.

Ойын атыраулықтардың шабуылымен басталды. Грузиялық легионер Георгий Пейкрешвили алғашқы минуттарда-ақ біздің қақпаға қауіп төндірді. Ал Владимир Седельников біздің Андрей Сидельниковтің мазасын алды. Дегенмен, жиырма минуттай алаңды бағдарлап алған ақтөбеліктер допты да, қарсыластарды да өздеріне бағындыра бастады. Дүркін-дүркін шабуыл нәтижесіз аяқталып жатса да, жеңіске деген ұмтылыс күшейе түсті. Ақыры 42 минутта «Ақтөбеге» биыл келген Тити Эссомба қарсыластардың қорғаушыларының арасынан қиялай теуіп, пас асырды. Сергей Струков алдынан жанұшыра шыққан атыраулық Шабановтың қақпасына допты тоғытып жіберді. Есеп: 1-0.

Ойынның екінші таймында жерлестеріміз алаңның толық қожайынына айналды. Алайда екінші гол тек 80 минутта ғана соғылды. Гол иесі — Евгений Аверченко. Сонымен «Ақтөбе» екінші рет Суперкубок иесі атанды.

ххх

Кеше жерлестеріміз Астанадан оралды. Футболшыларды жанкүйерлер әуежайдан қарсы алды.

— Ең алдымен жанкүйерлерге алғысымыз зор, — деді Ақтөбе футбол федерациясының төрағасы, облыстық қаржы басқармасының бастығы Сағат Еңсегенұлы. — Біздің стадион қай маусымда да жанкүйерлерінің көптігі жағынан алдыңғы орында. Жанкүйерлеріміздің футболшыларымызға қолдау көрсететіні сондай, Алматыда өткен ойындарға да барып жүр. Ал Астанада болған Суперкубок үшін бәсекеге 400-ден астам жанкүйер Ақтөбеден ат сабылтты. Оған Астанада тұратын жерлестеріміз қосылды. Астананың стадионында кемінде үш мың адам «Ақтөбенің» тілегін тілеген болар. Командада өзгерістер бар. Жас ойыншыларымыз жақсы жағынан көрінді. Биылғы футбол маусымының алғашқы турында ақтөбеліктер 22 наурызда «Атырауды» қабылдайтын болады. Биылғы мақсат — чемпиондықты сақтап қалу.

— «Атырау» — бағалауға тұратын қарсылас. Қазақстан Кубогын жеңіп алуы осыны көрсетсе керек, — деді жартылай қорғаушы Константин Головской. — Дегенмен біз өзіміздің мықты екенімізді дәлелдедік. Маусым енді басталады. Бәрі — алда. Бірақ чемпиондықты сақтап қалу мақсатымыз екенін айтқым келеді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button