Билік

Билікке кім келді?

Үкіметте біраз ауыс-түйістер болды. Жаңа министрліктер құрылып, жаңа министрлер сайланды. Мәселен, мұнайдан басқа салаларды дамыту мақсатында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі құрылады. «Онда инвестициялар қамтылатын болады, оған барлық электр энергетикасы, тау-кен өндірісі, атом және өңдеуші өнеркәсіп беріледі. Бұл өте маңызды министрлікке айналмақ», — деді Елбасы Н.Назарбаев.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Елбасының айтуынша, «таң атқаннан, күн батқанға дейін, қаңтардан-қаңтарға дейін бюджетпен болатындықтан, жоспарлауға, өндірістік күштердің орналасуымен шұғылдануға оның мойын бұруға шамасы жоқтығынан» таратылып, оның жұртында Экономикалық даму және сауда министрлігі бой көтермек. «Сауданы Индустрия министрлігінен алып, осыған табыстаймыз. Өңірлік даму да осы министрлікке жүктеледі», — деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Елбасы Мәдениет және ақпарат министрлігін қайта ұйымдастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде екі жеке-дара ведомство —  Мәдениет министрлігі мен Байланыс және ақпарат министрлігі құрылады. Осыған байланысты бұрынғы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі тарих қойнауына жол тартып, оның құзыры мен дүние-мүлкі, Байланыс және ақпарат министрлігіне көшеді. «Мәдениет министрлігі мәдени саладағы, дінаралық қатынастар, ұлтаралық қатынастар және тілдерді дамыту салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын болады», —  деді Н.Назарбаев. Елбасы сол күні-ақ Қаржы министрлігін қайта құрылымдау туралы Жарлыққа қол қоятындығын мәлім етті, бұл орган бұрынғы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бюджеттік жоспарлауға қатысты біраз өкілеттілігін өз қоржынына тоғытып, әлеуетті министрлікке айналады. «Барлығын жинақтап, осыған жауап бересіз»,  деді Болат Жәмішевке бұрылған Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге сараптамалық жұмысты күшейту үшін Ұлттық сараптамалық орталық және басқа да мемлекеттік зерттеу ұйымдары осы министрлікке беріледі. Энергетика және минералды ресурстар министрлігі де жаңарып, Мұнай және газ министрлігі деген атауға ие болмақ.  Бұл ведомство бұдан былай тек «қара алтын» және «көгілдір отын» айналасындағы мәселелермен айналысатын болады. «Мұнай-газ секторын дамытуға бағытталған саясатты іске асыру үшін әрі осымен қандай да бір министрлік нақты шұғылдансын деп, біз Мұнай және газ министрлігін жасақтап отырмыз», — деді ел Президенті.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің тізгіні бұған дейін Индустрия және сауда министрлігін басқарған Әсет Исекешевке берілді. Ә.Исекешев сонымен қатар Үкіметбасының орынбасары қызметін де қоса атқаратын болады. Экономикалық даму және сауда министрлігіне Жанар Айтжанова басшылық етеді (ол бұған дейін Индустрия және сауда вице-министрі болған). Бақыт Сұлтанов Елбасы Жарлығымен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі қызметінен босатылды. «Мұнай және газ министрлігі Сауат Мыңбаевтың жауапкершілігінде қалады», — деп хабарлады Елбасы. Бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Мәдениет министрі қызметіне ауысты. Ал Байланыс және ақпарат министрлігінің басшылығына «Қазақтелеком» компаниясының президенті Асқар Жұмағалиев келді

www.aikyn.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button