«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Туған жер — әркімнің қасиетті мекені

 ФОРУМНАН СОҢ

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері,

экономика ғылымдарының докторы,

профессор

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған еді. Осы бағдарлама аясында елімізде бірінші рет қыркүйек айының соңғы онкүндігінде Ақтөбе қаласында ауқымы зор форум өтті. Бұл мерейімізді асырып, бірлігімізді паш еткен жиын болды. Дүниенің төрт бұрышынан келген — әлемнің жиырмадан астам мемлекеттерінде тұрып жатқан ақтөбеліктер туған жерде бас қосты. Бұл күндері көзіміз көріп, өзіміз куә болған іс-шаралардан алған әсерімізді сөзбен жеткізу қиын. Тіпті жарты ғасырдай жүздеспеген жерлестерімізбен кездесіп, олардың жетістіктерін көріп қуандық, риза болдық.

Ақтөбе қай уақытта да, ел өңірлері арасында көш басында жүретін қалпымен, бұл жолы да тың бастаманы ең алғашқы болып қолдады. 18 тамызда өткен даму бағдарламаларының іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңесте Елбасы облыстардың басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда Ақтөбенің тәжірибесін қолдануды ұсынды. Туған өлкемізді соңғы жылдары қайта жаңғыртып, биікке шығарған Бердібек Машбекұлына шексіз алғысымды айтамын.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев форумның жоғары деңгейде өтуіне үлкен күш жұмсағаны көрініп тұрды. Бұл — жерлестердің жай ғана бас қосуы емес, туған жерге тағзым, оның жарқын болашағына үлес қосу, перзенттік борышты ақтау. Форум аясында әлеуметтік, мәдени, экономикалық жобаларды іске асырудың алғы шарттары жасалды. Оның игілігін бүгінгі, ертеңгі ұрпақ пайдаланатын болады. Ақтөбеліктер отандастарымызға үлгі болатын үлкен іс қылды. Біз облыс басшылығына, форумды өткізуге аянбай атсалысқан барша жерлестерімізге шексіз ризамыз.

Біздің отбасымыз — Астанада. Парламент Сенатындағы өкілеттілік мерзімім аяқталғаннан кейін, демалысқа шықтым. Еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары оқытушылық қызметке шақырып жатыр. Менің алғашқы мамандығым — мұғалім және бұл салада біраз жылғы еңбегім де бар. Сондықтан жоғары оқу орындарында студенттер алдында лекция оқу, өзімнің іс-тәжірибеммен бөлісу маған жат емес. Қазіргі заманғы экономика теориясына байланысты монографияларым жарық көрді. Бірқатар мемлекеттерде олар қайта басылып шықты. Халықаралық басылымдарда ғылыми еңбектерім жарияланып, белгілі ғалымдар оң бағасын берді.

Қазір демалысымды пайдаланып, отбасына көбірек уақыт бөлемін. Балалардың әрқайсысының өз отбасы бар. Немерелерімнің бәрі қазақ мектебінде оқиды, қазақы тәрбие алуда. Олар менің кіндік қаным тамып, туып-өскен жерім — Қобда ауданындағы Егіндібұлақ ауылына жиі барып тұрғанды ұнатады. Бір кездері жойылып кете жаздаған Егіндібұлақ қазір адам танымастай өзгерді. Туған ауылымызды көркейту үшін сол жердегі Ақбұлақтың суын ішіп, құмында ойнаған перзенттер қолдан келгенін жасап жатыр. Егіндібұлақта көше-көше қылып жаңадан салынған үйлер қаладағыдан еш кем емес. Балабақша, дәрігерлік амбулатория, дүкен, мәдениет орны, тағысын тағылар жұмыс істеп тұр. Ал мектебі тіпті ерекше. Мектеп жанында интернат бар. Мұнда жергілікті балалармен бірге Қобда, Ойыл аудандарынан да оқушылар келіп оқып жатыр. Білім беру сапасы жақсы. Бірнеше түлек мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, жоғары оқу орындарында оқиды.

Мен бүгінгі таңда облысымызда табысты атқарылып жатқан барлық іс-шараларды қолдаймын және туған өлкеміздің бұдан да биікке көтерілуі, үлкен жетістіктерге жетуі үшін күш-жігерімді де, іс-тәжірибемді де, көмегімді де беруге аянбаймын.

Туған жер — әркімнің қасиетті мекені. Сондықтан туған жерді қадірлей білейік, ағайын.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button