Ресми

Мерекеге дайындық: үш бағыт

Жұма күні қала  әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен Жеңістің 65 жылдығын мерекелеуге әзірлік жөнінде мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің бастықтары, кәсіпорын, ұйым және жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Жеңістің 65 жылдығын тойлауға әзірлік және оны өткізу туралы қала әкімдігінің қаулысы қабылданды. Соған сәйкес іс-шаралар жоспары жасалып, жұмыс тобы бекітілді.

Деректерге сүйенсек, 1941 жылы қаңтардың 1-інде Ақтөбе облысында 335 900 адам болған. Соғысқа кеткен әрбір үшінші адам қайтып оралмапты. 17 368 адам із-түзсіз жоғалған. Майданнан оралған 86 231 адамның 600-ге жуығы ғана ортамызда. Қазір солардың  387-сі Ақтөбе қаласында тұрады.

Қаладағы 387 соғыс ардагері мен 6500-ге жуық тыл еңбеккеріне мерекелік медальдар табыс етіледі. Сонымен қатар жекелеген санаттағы адамдарға  материалдық көмек көрсетеміз. Мысалы, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне 65 мың теңгеден беріледі.

ҰОС қатысушылар мен отбасы мүшелері толықтай коммуналдық төлемдерден босатылды. Республика бойынша біздің Ақтөбе облысы ғана  жекелеген санаттағы тұрғындарды коммуналдық төлемдерден босатып отыр.

Әскери шеру Астана және Мәскеу қалаларында болатыны белгілі. Салтанатты түрде өтетін шараға қатысатын адамдардың тізімі жасалып қойылды, — деді қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова.

Негізгі шара 9 мамыр күні өтеді. Ескерткіштерге гүл шоқтары қойылғаннан кейін шеру басталады. Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда, Орталық, Ретро және Пушкин атындағы саябақтарда, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда, Металлургтер Мәдениет үйінде, Қоныс спорт сарайында мерекелік концерттер ұйымдастырылады.

Қала әкімінің орынбасары Ерхан Омаровтың айтуынша, қаланы мерекеге лайықты әзірлеп, оның сыртқы бейнесін жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында қарқынды жұмыс жасалып жатыр. Меркелік шараны өткізуге байланысты құрылған жұмыс тобы үш бағыт бойынша жұмыс жасайды. Олар істейтін шаруа ауқымды. Кеңес Одағының Батырлары аллеясының құрылысы, Бауырластар зиратын жөндеу, ескерткіштерді, стеллаларды және мемориалдық тақталарды ретке келтіру үшін бір жұмыс тобы жұмылдырылса, екінші топ ақтөбелік батырлар, соғыс ардагерлері атындағы скверлер мен көшелерді, саябақтарды көріктендіреді. Ал үшінші жұмыс тобы Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің тұрмыстық жағдайын тексереді. Соған орай пәтерлерін жөндеу, әлеуметтік көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады. Және тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жасайды.

Қазір Кеңес Одағының Батырлары аллеясының құрылысы бойынша жоба әзірленді. Аллея ашу үшін Ә. Молдағұлова даңғылы таңдап алынды. Нақтырақ алғанда,  аталған даңғылдың ағайынды Жұбановтар көшесінен бастап, Маресьев көшесіне дейінгі аралығы әдемі демалыс орны болады. Аллеяда мәрмәр тастан стелла орнатылып, орындықтар қойылады. Сондай-ақ көгалдандырылып, шамдар орнатылады. Осы мақсаттағы жұмыстар үшін бюджеттен 84,5 млн. теңге бөлінді, — деді Е.Омаров. Оның айтуынша, тамыз айына дейін аллея құрылысы аяқталады.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сәуір айының аяғына дейін Бауырластар зиратын жаңғыртады. Постаменттерді, басқыштарды, обелискілерді, гранитпен қаптау, қоршауларды жаңалайды.

Ұлы Отан соғысына қатысушыларға тұрғын үй беру үшін олардың тұрмыс жағдайлары тексеріліп, кезектері нақтыланып жатыр. Баспаналарын жөндеуді қажет ететін ҰОС қатысушылары мен мүгедектерінің тізімдері жасалып, оларға демеушілердің қаржылары есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіледі, — деді Ерхан Омаров.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышев бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.

Қалалық әкімдік Жеңістің 65 жылдығына үлкен мән беріп жатыр. Әлгінде ғана қала әкімінің орынбасарлары мерекеде істелетін шаралар туралы мазмұнды әңгіме айтты.  Расында, Ұлы Отан соғысының ардагерлері қандай құрметке де лайық, — деді Ғалымжан Нұрышев. Ол педагогикалық институтта соғыс ардагерлеріне жүйелі түрде әлеуметтік көмек көрсетілетіндігін айтты. Сонымен бірге институтта бірнеше жылдан бері жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Қос шынар» қоғамдық ұйымымен бірлесіп, «Әлиятану» сабағы жүргізіледі.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы өз қамқорлығына алған 12 соғыс ардагеріне үнемі көмек көрсетеді. Мысалы, Людмила Толкачеваға шетел тілдері факультетінің студенттері дәрі-дәрмек алып берді.  Павел Логвиненконың үйінің шатырына жөндеу жүргізілді, ауласы қардан тазартылды. Ал тарих факультетінің студенттері  оқушылармен бірге  Владимир Коменданттың үйін айына екі рет  тазалап, материалдық көмек көрсетеді. Бұл игі шара жалғаса береді, — деді Ақтөбе мемлекетттік педагогикалық институтының ректоры Ғ. Нұрышев.

Жиын соңында қала әкімі Архимед Мұхамбетов тиісті мекемелерге мерекеге әзірлік шарасын тиянақты тындыру керектігін айтты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button