Ресми

Лебіз

Құрметті Елеусін Наурызбайұлы!

Халқымыз бір адам жетістікке, атақ пен абыройға жетіп жатса, азаматтың аты озған екен деп жатады. Азаматтың аты озса — бабы мен бағы қатар келгені. «Ақтөбе» командасының футболшылары төрт рет Қазақстан чемпионы атанып, екі рет Суперкубокты жеңіп алса, мұнда ойыншыларымыздың бабында болғаны және ақтөбеліктердің мерейі үстем болып бағының жанғаны деп түсінеміз. Бұл жетістіктерде Сіздің зор үлесіңіз бар деп ойлаймыз.

Әрине, спортты төменгі сатыға санап, мән бермейтін басшылар да бар. Ал спорттың өзінде әлеуметтік-саяси мән жатқанын түсінген Сіз облыс басшысы ретінде ерекше көңіл бөліп келесіз. Өйткені спорт — бейбітшіліктің, достықтың белгісі. Спорттың дамуы сол өңірдің, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан да хабар береді. Ақтөбе Елбасы тарапынан «Экономиканың локомотиві» деген баға алса, спортта да осы деңгейден көрінуге тиіспіз. Адами, патриоттық сезім, рухани-адамгершілік тәрбие көздері де спортта жатыр.

Ақтөбеліктердің күні кеше Астанадан абыроймен оралуы жерлестерімізді үлкен қуанышқа бөледі. Осындай мерейімізді тасытқан футболшыларымызға, жанкүйерлерге, футбол төңірегіндегі басшыларымызға және Сізге алдағы уақытта да табыстар тілеймін.

Келдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ,

ҚР бейбітшілік және келісім кеңесінің Ақтөбе филиалының төрағасы.

Жеделхат

Ақтөбе қаласы

Облыс әкімі Е.Сағындықов мырзаға

Құрметті Елеусін Наурызбайұлы!

Біз, «Ақтөбе» футбол командасының ауылдық жерде тұратын тұрақты жанкүйерлері ретінде сүйікті командамыздың суперкубок үшін өткен тайталаста «Атырау» командасын 2:0 есебімен ұтып, үшінші жыл қатарынан кубок иесі атанғанына қуаныштымыз.

Облыс әкімі ретінде «Ақтөбе» футбол командасының жеңісімен Сізді де құттықтаймыз!

Алдағы уақытта да команда осындай үлкен белестерден  көрініп, биік тұғырға көтеріле берсін.

Барлық салада облысымыздың абырой-беделі асқақтай түссін.

Қарабұтақ ауылында тұратын

жанкүйерлер атынан М.Разақбергенов.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button