Экономика

«Тракторда» техника құрастырылады

Қазақстан мен Беларусь мемлекеттері арасындағы экономикалық байланыстың пайдалы тұстары біздің облыста да көрініс табуда. Өткен аптада «Трактор» машина-трактор стансасында екі ел арасындағы қарым-қатынас арқылы жүзеге асқан бір шараның тұсауы кесілді. Беларусь зауытынан алдырылған шөп тайлап, буатын машина Ақтөбеде құрастырылып, буып-тайлау жұмысын атқарды.

Шөп буатын машинаның тұсаукесеріне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова бұл шараның маңызына тоқталып өтті.

— Облыстық әкімдіктің ұсынысымен «Трактор» МТС-мен жұмыс істеу Қазақстан-Беларусь үкіметаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық комиссиясының жоспарына кірген болатын, — деді Роза Кеңесқызы. — Соның нәтижесінде облыс аумағында шөп буатын машина құрастырылатын болды. Екі ел арасындағы ынтымақтастық бағдарламасында басқа да ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты жоспарлар бар.

Бұл шараның мәнісі былай. Беларусь зауыттарында шығарылған ауыл шаруашылығы техникалары Ақтөбеге әкелініп, осында құрастырылады. Мұның бір тиімді жағын айта кеткен жөн. Егер техника құрастырылған күйде алынатын болса, көлемі үлкен болғандықтан тасымалдау кезінде көп шығын кетеді. Ал құрастырылмаған күйінде бір вагонмен көбірек техника тасымалдауға болады. Әрі машина-трактор стансасында адамдар үшін жұмыс орны болады.

— «Трактор» МТС қаржы-қаражат қиындығына байланысты таратылудың аз-ақ алдында қалды, — дейді облыстық борышкерлермен жұмыс басқармасының бастығы Аманғос Дербісалин. — Кәсіпорынды сақтап қалу үшін қиындықтан шығару жұмыстары жүргізілді. Енді, міне, 8 шөп буу машинасы алдырылды. Буу машинасы 1 миллион 980 мың теңге тұрады. Осылайша кәсіпорынды сауықтыру жұмысы жалғаса беретін болады. Беларустық «БобруйскАгроМаш» АҚ арқылы басқа да техникалар алдырып, облыстың ауыл шаруашылығы алқаптарында пайдалануға мүмкіндік мол.

Сонымен «Трактор» МТС жақын уақыттарда ауыл еңбеккерлері үшін жаңа техникалар ұсынатын болады. Айта кету керек, өткен жылы Қазақстан бойынша 14 ауыл шаруашылығы ұйымы сауықтыруға жатса, соның төртеуі біздің облыста екен. Қаржылық қиындықтарға тап болған кәсіпорындар қайта жанданып жатса, жұмыс орындары сақталып, несие қарыздары өтелетіні анық.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button