«Ақтөбе — құтты мекен»ЖаңалықтарСпорт

Чемпиондар батасын берді

Өткен жұма күні Олимпиада чемпиондары — Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Юрий Мельниченколар бастаған даңқты спортшылар  еркін және әйелдер күресінен республикалық турнирдің ашылуына қатысты. Байрақты бәсеке республикалық «Туған жер» форумы аясында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына орайластырылды.

Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында ұйымдастырылған спорттық сайысқа 2001-2003 жылғы жасөспірімдер жиналды. Олардың жалпы саны — 200-ден астам. Жарысқа еліміздің барлық облыстарынан бөлек, көршілес Ресей Федерациясының жас талаптары келген. Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Елбасының көреген саясатының арқасында еліміздің барлық түкпірінде бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дәріптеу, дамыту шаралары қолға алынуда. Ақтөбе облысында осындай маңызды бағытта үлкен жұмыстар жүргізілуде: материалдық-техникалық база нығайып, жаңа спорт ғимараттары салынып жатыр. Осы шаралардың барлығы Қазақстанды халықаралық аренада лайықты таныстыра алатын жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз.

Біздің спортшылардың арқасында Қазақстанды бүкіл әлем біледі. Осыдан 37 жыл бұрын біздің бауырымыз Жақсылық Үшкемпіров қазақтардан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды. Оның соңынан ерген Ермахан Ибраимов, Юрий Мельниченко сияқты бүгінгі шараға қатысып отырған спортшылар жеңісті жолды жалғастырып, егемен еліміздің көк байрағын желбіретті. Енді біздің мақсат — Ақтөбенің топырағында дүниеге келген Олимпиада чемпиондарын дайындау. Ол үшін сіздер, жастар,  еңбектеніп, бар күш-жігеріңізді аямауларыңыз керек, — деді.

Ал Юрий Мельниченко қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірдегі спорт ғимараттарының жай-күйін жоғары бағалады. «Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының спортты дамыту бойынша тапсырмасы өз деңгейінде орындалып жатқанына куә болып отырмыз. Біз екі күн бойы спорт инфрақұрылымының ғимараттарымен танысып, мұндағы жағдайдың жақсы екеніне көз жеткіздік. Облыстағы спортшылар үшін нағыз қолайлы жағдай жасалып жатыр», — деп атап өтті Олимпиада чемпионы.

Сондай-ақ, бұл күні «Ақтөбе — құтты мекен!» атты футболдан турнир өз бастауын алып, жерлес спортшылар — Асхат Шахаров, Галиб Джафаров, Рустам Ибраев, Мейрамбек Айнағұловтар жоғарыда аталған құрметті қонақтармен бірге жастарға сәттілік тілеп, ақ тілектерін ақтарды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button