Ауыл

Бегімбеттің өткені мен бүгіні

Борсық құмының бойына жағалай орналасқан ауыл — ел кеңес өкіметі құрған шаруашылық құрылымының небірін бастан өткізді. Мойынсерік, қосшы сияқты сатысында азғантай малының еті-сүті, жүн-жұрқасымен күн көрді.

Бертін келе ұжымшарлар құрылып, шаруа бір қалыпқа түскендей болды. Ұжымшар басқармаларының мүшелері ақылдаса отырып түрлі шаруаны шешетін болған. Ауданда Жұмабек Дүйісов, Әбубәкір Байсалбаев, Қуандық Ақшолақов, Қойшыбай Насрадинов, Серғали Жанғабылов, Елеу Төлегенов сынды шаруашылық басқарудың қас шеберлері, Әуелбай Алдашев сияқты ел десе ішер асын қоятын азаматтар ауызбіршілікке шақырып, адамдардың мұң-мұқтажын ойлауымен халықтың мәңгі есінде қалды. Сонау Қален ауылнай, Елтай сәбет, Досназар атам би болған тұсты ауыл ақсақалдарының қолына су құйып жүріп тыңдайтынбыз.

Кейін ірі шаруашылықтар біріктірілген тұста, яғни 1963-64 жылдары «Айшуақ» кеңшары болып құрылған.

Сол кездегі «Айшуақ» кеңшарында шамамен 60 мың қой, 700-дей жылқы, 100 бас түйе болған. №1 фермасы кеңшар орталығы Бегімбетте, №2 ферма Қосқақта, №3 ферма Южныйда болды. Кеңшардың орталығы әуелі Жұмағұлда болып, кейін үйлер салынып, МТШ, кеңшар кеңсесі, сегізжылдық мектеп тұрғызылғаннан кейін Бегімбет ауылына көшірілді. Кеңшар директоры Өтеген Аманжолов, ауылдық кеңес төрағасы Нұртай Бисенбин бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халыққа қызмет етті.

Сол 1962-63 жылдары одақтық алып құрылысқа айналған «Бұқара-Орал» газ желісі тартылып, №11 газ айдау стансасы шатырын тігіп, вагонын сүйреп орнықты. Кәріз желісі, салқын, ыстық суы, ванна, дәретханасы бар үйлер сап түзеді. Кейін ауыл халқы «Тас ауыл» атап кеткен газшылар қалашығы осылай пайда болып, ауыл өміріне жаңа серпін, жігер берді. Сауда орталығы, наубайхана, 200 орындық клубы, сыртта бассейні, хоккей корты бар, жасыл желек жамылған әсем қала десе болғандай. Әуежайға «АН-2», сегіз орындық тікұшақ қонып, ұшатын. Дүкенге зат тікелей Ақтөбе, Свердловскіден келетін.

«Айшуақ» кеңшары Бисенбі Көмекбаев, Қозыкөрпеш Аманбаев сынды директорлар кезінде шаруашылығы өркендеп, осы газшылармен, яғни көршілерімен тығыз байланыста жұмыс жасады. Кеңшар одақтық, республикалық, облыстық жарыстардың бірнеше Қызыл Туын, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі медалін сол тұста алды. Озат шопандар Арыстан Әбілов, Ысқақ Абдуллин, Қапыш Нұртазин, Мұқыш Жанин, Сандыбай Бортаевтар «екінші тыңның» майталман шеберлеріне айналды. Қыстан шыққан мал ана шеті Әлітау, Қалтентек, Аралбайдың алты құдығы асып кетеді де, күзекке құйрығын тарта алмай, әрең жетер еді. Енді қазір май жоқ, көлік жоқ деген сылтаумен қыстақ басын шиырлап отырмыз. Мал қоңсыз, төл сапасыз дегендей. Тереңнен шығып, шекені жаратын су, құдық, скважиналар орны әлі де бар болуы керек. Ынта болса, кәнекей.

Ауылдық кеңесті Нұртай Бисенбин, Шамшадин Жолдасбаев, Үмбет Мырзағұловтар басқарған тұста елге қызмет жоғары деңгейде болды. Мысалы: бала тууын, өлімді тіркеу, некені тіркеу, төлқұжаттың негізін жасау, әскерге бала шақырту, жеке мал өлімін тіркеу өз деңгейінде орындалды. Әсіресе, зейнетке шыққан Үмбет Мырзағұлов ағаның елге деген жанашырлығы жастарға үлгі еді. Болдым-толдым демей ауылда мешіт ашылуын қолға алып, бар шаруасына өзі жүрді.

№11 газ айдау стансасы тікелей Шалқар желілік өндірістік басқармасына, одан жоғары Свердловскіге қарағанымен, ауылдық кеңеспен санаса жұмыс жасады. Жалпы Бегімбет ауылы мен оның аумағы өте тұщы теңіздің үстінде орналасқан деген болжам бар. Қуатты кеңес геологиясының зерттеуімен болжанып, №11 стансаны 200-300 метрден айнала 22 тереңнен көтеру скважинасы іске қосылып, ол станса аумағындағы үлкен резервуар арқылы насос кешеніне берілетін. Одан тұщы, мұздай су №10, 12 Соленный, Бозойдағы АГТУ-лерге трасса бойымен жөнелтілетін. Қазір де солай. Өйткені көрші елді мекендердің ащы суы агрегатты жеп қояды. Міне, іргесін Борсық құмына төсеген стансаның осы тұщы суы — біле білгенге Айшуақ өңірінің баға жетпес байлығы. Кешегі күнге дейін бір скважина тұсына бау-бақша салып, қаптап картоп, қияр, қызанақ, пияз алатын ауыл адамдары әлі де жөн сілтер жан табылса, жер жемісін көруге дайын.

Қазіргі таңда Айшуақ селолық округінде 2000-дай халық бақуатты тұрып жатыр. Әнебір жылдары оңды-солды көші-қон кезінде ел сиреп, кейін Қосқақ, Алағозы, Аяққұм сияқты суы, газы жоқ шағын ауылдардан көшіп келген халық есебінен еселенген. Ауыл әкімі Әліби Саттықовтың айтуынша, әлеуметтік сала, мектеп, емдеу орны қалыпты жұмыс жасауда. Ауылдық округ аумағында 1 кооператив, 38 шаруа қожалығы бар. Кооператив иесі Ескендір Нағашыбай «Жаңа баз» деген жерде мүйізді ірі қара өсіруде. 750 гектар жайылымы бар. Келешекте симментал тұқымды сиырды қолға алмақ. Қалған 38 шаруа қожалығы төрт түліктің бәріне де өріс берген. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Оразымбеттегі «Оң талап» шаруа қожалығы Аманжол Нұртазиннің басшылығымен 30 бас сиырға тапсырыс беріп отыр.  Ауылда 202 зейнеткер зейнетақысын пошта арқылы уақытында алады. Оның ішінде еңбек майданының ардагері — 15, Ауған соғысына қатысқан — 6 адам, Семей полигонының 6 зейнеткері бар.

Орта мектеп академик, тарихшы Бекежан Сүлейменовтің атын иеленген. Мектеп директоры Бағлан Мұстақовтың айтуынша, мектепте  312 бала оқиды. Биыл бітірген 26 түлектің 13-і ҰБТ-ға қатысып, 77,2% көрсеткіш көрсеткен. Үш қабатты, силикаттан салынған  мектеп газ қазандығымен жылытылады. Спорт залында түрлі жарыстар өтеді. Компьютер сыныбы, мультимедиялық тақтамен жарақтанған, кітапханасы, мектеп мұражайы бар. Әртүрлі санаттағы жетпістей мұғалім сабақ береді. Сондай ерен еңбегімен көзге түскен ұстаз Сағидулла Қарағұловқа ауылдың басты көшелерінің бірі беріліпті.

Бір көше аты ауыл от жағып, күл шығарып отырғанда кеңшар үйлері мен жеке үйлерді газға қосуда көп еңбек сіңірген, кеңшар директоры болған Қозыкөрпеш Аманбаев марқұмға берілген. Бұл да болса еңбектің, төккен маңдай тердің еленбей қалмайтынын ұрпақтарға өнеге еткендей. Жолаушылар пойызы 2015 жылдың 5 шілдесінде Жезқазған-Бейнеу бағытында қосылып, бұл күнде Шалқарға поезбен қатынайтын, газы, тұщы суы бар ауылға енді кәріз желісі көше-көше бойлай жүргізілмек. Бұл Елбасының сарабдал, дана саясатының бір көрінісі ғана. Үй ішінде дәретхана, ванна, душы бар үйлер жаппай газбен жылытылады. Сонда да ел облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа екі-үш назын айтып қалған. Олар — Ақтөбеге Бегімбеттен тіке міну, қыста перронда жолаушы тоңбайтын шағын бекет істеу. Пойызға міну қиындығын ескеріп, екі жақтан келетін жолаушы пойызына 10 минут аялдама қарастыру, Мәдениет үйін салу, т.б.

Ауыл ортасында жаңа мешіттің күмбезі күнге шағылысады. Ауыл имамы Еділ Қауысов: «Ораза айт, Құрбан айт, жұма намаздары уақытында өтеді», — дейді.

Әнебір жылдары газшылар қалашығының керемет балабақшасы, 2 қабатты жұмысшы жатақханасы, газшылардың клубы, наубайхана, сауда орталығы бұзылып алынып, кесегі кез келгеннің қолында кетті.

Шүкір, қазір ел қайта қалпына келіп, ажарлана түсуде.

Осы топырақта ата-бабам жатыр… Әке-шешем отыз жылдай еңбек еткен, бала өсірген туған ауылға сол кезде құмды жарып, шағылды бұзып пойыз келеді десе сенбеген де болар едім. Міне, сол пойызда Шалқарға келе жатырмын. Түсім емес… Алыстан мұнарта көрінген Есет-Дәрібай аталарыма тәу етем дегенше пойыз Шалқарға кіріп кетті.

 Серік БИСЕНОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button