«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова: Ақтөбе облысы — рухани жаңғыру процестерін жүзеге асырудың лайықты үлгісі!

Кеше Ақтөбеде «Туған жер» республикалық жерлестер форумы өз жұмысын бастады. Оған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс басшысы Бердібек Сапарбаев, атақты ақтөбеліктер, сонымен қатар, орталық мемлекеттік органдар мен облыстық басқармалар мен мекемелердің басшылары қатысты.

«Туған жер» форумы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерге деген патриотизм мен сүйіспеншілікті қалыптастыру, белгілі бір жетістіктерге жеткен Ақтөбе өңірінің тумаларын туған өлкелерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тарту мақсатында өткізілуде. Форумға қатысу үшін өңірге әлемнің 21 елінен 300-ден аса делегат келді.

Форумға қатысушылардың алдында сөз алған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жалпыұлттық патриотизмнің негізі болатын «Туған жер» арнайы жобасына ерекше тоқталып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты арнайы жобасының әрқайсысының ерекшелігін атап өтті.

— Жоба азаматтық белсенділікті дамытуға және туған жердің тағдыры үшін жауапкершілік сезімін нығайтуға, қызығушылықты тудыруға, туған жердің дәстүрлерін, тарихын және мәдениетін құрметтеуге  бағытталған. Бүгін біз бәріміз шын мәнінде маңызды іс-шара — «Туған жер» бірінші республикалық форумының қатысушылары болып отырмыз. Бұл жақсы істің Ақтөбе қаласында өтуі кездейсоқ емес. Бұл киелі мекен — көптеген ұлы тұлғалардың туған жері.

Тама Есет батыр, Әлия Молдағұлова, Тахауи Ахтанов, Марат Оспанов, олимпиада чемпионы Валерий Люкин, ғарышкер Юрий Лончаков, белгілі нейрохирург Серік Ақшолақов, жас әнші Димаш Құдайберген секілді белгілі тұлғалар осы топырақта дүниеге келген.

Ақтөбе облысы рухани жаңғыру жобасын жүзеге асырудың лайықты үлгісі. Бүгінде мұнда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында әлеуметтік-мәдени ғимараттарды, балабақшаларды, ауруханаларды, мектептерді, саябақтар мен мұражайларды салу мен қалпына келтірудің ауқымды жұмыстары жүргізілуде. Елбасы айтқандай, патриотизм өз жеріне, ауылына, қаласына, өңіріне деген сүйіспеншіліктен басталады. Бұл жобаның Президент тапсырмасын қолдайтын дені сау, адамгершілігі бар, өркениетті қоғамды қарқынды дамытып жатқандығы қуантады. Ақтөбеліктер мұнда да алдыңғы қатарда осындай шараларды ұйымдастырған Ақтөбе жұртшылығына және игі істің басында тұрған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ризашылығымызды білдіреміз, — деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Сонымен бірге ол: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдық сананы жаңғыртатын ауқымды істерге жол ашып берді. Рухани жаңғыру — Қазақстанның мүлдем жаңа сипаттағы буынын қалыптастыратын бірегей жоба. Әрбір отандасымыз заман талабына сай алты қасиетке ие болуы керек. Ұлы дала елінің азаматтары бәсекеге қабілетті, прагматик, білімді, эволюциялық дамуды жақтайтын, ашық, саналы ұрпақ болуы керек. Бұл ел-жұртымыздың мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлтқа айналуына, Қазақстанның әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына қосылуына тікелей ықпал жасайды деп білеміз», — деді.

Форумда туған жерге қамқорлық көрсетіп жүрген адамдардың есімдері атап айтылды. Ақтөбеліктер арасынан Қайрат Мәйтеков «Жұбановтар әлемі» орталығын, Глеб Щегельский «Хоккей модулін», «Алтын Қыран» тобының құрылтайшысы Исламбек Салжанов облыстық тарихи-өлкетану музейін салып жатыр.  Осындай шараларды «Бұл — өте ауқымды жұмыс», — деп бағалады Мемлекеттік хатшы.

Форумда алыс-жақыннан келген жерлестерге сөз арнаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қонақтарды Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысымен, аймақтың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен таныстырды.

— Мемлекет басшысы атап өткендей, бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін біз қоғамдық сананы жаңғырту, мәдениетімізді, ұлттық кодымызды және отансүйгіштік қасиетімізді сақтауымыз қажет. Мұның бәрі туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан әлемнің түкпір-түкпірінен келген 300-ден аса жерлесімізбен қауышқаныма қуаныштымын. Бүгінде біздің жерлестеріміз табысқа жетпеген сала жоқ. Олар әдебиет пен өнер, ғылым және спорт саласында өңірдің атын шығарып жүр. Әрине, бұл жетістіктер мемлекетіміздің, Президентіміздің әр кез қолдау көрсетуінің, өздеріңіздің туған жерлеріңізде алған білімдеріңіз бен тәрбиелеріңіздің арқасында мүмкін болды. Туған жерлеріңіздің одан әрі өркендеуі, болашақ ұрпағы үшін сіздер де аянып қалмайсыздар деп сенемін, — деді Бердібек Сапарбаев.

Одан әрі облыс басшысы нақты деректермен аймақтағы жалпы ахуалды сипаттап берді. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі жақсара түскенін айтып, тұрғындардың орта жасы бұрынғыдан бес жасқа көтеріліп, 72,8 жас құрап отырғанын жеткізді. Осы кезеңде бала туу көрсеткіші 13 пайызға артты. 120-дан астам мектеп, 500-дей мектепке дейінгі мекеме, 150 медициналық мекеме құрылысы пайдалануға берілді. 1100 километр автомобиль жолдары жаңарды.

Қазіргі уақытта барлық аудан орталықтарында газ желісі іске қосылды. Облыс тұрғындарының саны 15 пайызға артып, 850 мың адамнан асты.

— Өткен жылы ғана біздің облыстың экономикасының көлемі 2 триллион теңге құрады, бұл Тәжікстан мен Қырғызстанның экономикасына парапар, — деді облыс әкімі.

— Белсенді экономикалық өсудің нәтижесінде тұрғындардың нақты еңбекақысының көтерілуі бойынша да жетекші орында келеміз. Қазіргі уақытта орташа жалақы 121 мың теңгені құрайды.

Бердібек Машбекұлы сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» Жолдауы аясында кәсіпорындарды ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін атап көрсетті. Нақты айтқанда, бес жыл ішінде бұл бағыттағы шараларға 400 миллиард теңгедей жеке инвестициялар салынбақшы. Жаңғырту өнеркәсіп саласында ғана емес, сондай-ақ, ауыл шаруашылығында, инженерлік және көлік инфрақұрылымында, әлеуметтік салаларда да жүрмекші. Мұның барлығы Президенттің тапсырмасын табысты орындап, экономика өсімін 4-4,5 пайыз мөлшеріне жеткізуге мүмкіндік береді.

Осылай деп атап көрсеткен облыс басшысы қонақтарға жеке инвестициялардың 50 миллиард теңгесі мөлшеріндегі қаржысына 125 мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы құрылыстар табысты салынып жатқанын айтты. Сондай-ақ, «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік жауапкершілік бойынша әлеуметтік  құрылыстар жүргізу, көріктендіру, қайта құрылымдау бағытында қосымша 555 жоба қолға алынды. Қазіргі уақытта олардың 379-ы іске асырылып үлгерілді.

— Қазақта «Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің» деген сөз бар. Осы тұжырымның мәнін мен көбірек білемін. Өйткені, Ақтөбе облысында дүниеге келгеніммен, ұзақ жылдар бойы шетелдерде жұмыс істеп келемін. 1992 жылы Германияға қоныс аударғанша Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық-техникалық университетінде еңбек еттім. Германиядан кейін Жапонияның Киото университетінде сегіз жыл профессор болдым. Соған жалғас «Эпион Джапан» компаниясында менеджер қызметін атқардым. Ал 2003 жылы Америка Құрама Штатындағы Аргон ұлттық лабораториясына қызметке қабылдандым.

Айтайын дегенім, қай жерде жүрсем де туған жер ойымнан шыққан емес.

Мен шетелдерде білім алып, мол тәжірибе жинақтадым. Әлемнің көптеген жерлерін араладым. Енді өсіп келе жатқан Қазақстан жастары да білімді, білікті болып қалыптасса деймін. Бұл ретте менің өз тәжірибемді бөлісуге, жас буынға көмек көрсетуге әзірмін.

Биылғы жылы Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі елімізді әлемге тағы бір қырынан таныта түсті. Мұны мен өз елімнің патриоты ретінде мақтаныш тұтамын. Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің сана-сезімімізді туған жерді көркейтуге бағыттайды. Сондықтан да бұл игілікті іске бәріміздің атсалысуымыз керек, — деді профессор, ғылым докторы Зинетулла Еңсепов.

Биология ғылымдарының докторы, профессор Ажар Жұбанова жақсылардың көзі ретінде тебірене сөз сөйледі. Ол ағайынды Құдайберген және Ахмет Жұбановтардан тараған ұрпақтардың бүгінгі жетістіктері туралы айта келіп, олардың барлығы да Ақтөбеге бүйрегі бұрып тұратынын, өздеріне атамекен санайтынын айтты. Бүгінде талантымен әлемге танылған Димаш Құдайберген Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжді бітіргенін көпшілікке мақтанышпен жеткізгім келеді, — деді ол.

Ұлттық нейрохиругия орталығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов Елбасының патриоттық сезімді қалыптастыру бағдарына сәйкес облыста атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, мұның өзі жас буынға игі әсерін тигізетіндігін атап көрсетті.

— «Туған жер» республикалық форумы шалғайда жүрген жерлестеріміздің басын қосып, атамекенге шақыру арқылы көптеген игілікті істердің ұйытқысы болғалы отыр. Мен Ақтөбе жерінде жүзеге асып жатқан көптеген оңды шараларға қуанып жүремін. Басқасына тоқталмағанда, денсаулық сақтау саласының өзінде қаншама ілгерілеулер болды. Бұл бағытта материалдық-техникалық база жақсартылып, кадрлар біліктілігі жоғары көтерілуде. Ақтөбе облысында бірінші болып медициналық кластер құру қолға алынды. Мұның өзі тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетудің үздік модулі.

Біздің ұлттық нейрохирургия орталығы осында шеберлік кластарын ұйымдастырудамыз. Ақтөбеде бірінші рет клиникалық фармация әдістемелері принциптерін енгізуді жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Ақтөбе қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған, қазіргі уақытта Мәскеуде тұратын Василий Решняк Қазақстанды туған Отаны санайтынын, ылғи да көңілінің төрінде Ақтөбе жері тұратынын тебіреністі сезіммен айтты.

— Мен Қазақстанда болып жатқан оңды өзгерістерге әрдайым назар аударып отырамын. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен биікке көтерілген тәуелсіз мемлекеттің жетістіктері менің жаныма да жақын. Әлі есімде, мен Ақтөбеде қызмет істеген жылдары облыс бойынша бір жылда 2 миллион тоннадай мұнай өндірілетініне мәз болатынбыз. Қазір бұл көрсеткіш бес еседен асыпты. Барлық аудандардың газ желісіне қосылуы да қуантады. Рельс арқалығы зауыты сынды алып құрылыстар пайдалануға беріліпті.

Осында келгелі бері облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Вишняк қаланы аралатып, Ақтөбенің қаншалықты көркейгеніне көз жеткіздім. Ақтөбе сәнді, көрікті қалаға айналыпты, — деді ол.

Жастардың атынан сөз алған «Жас Ақтөбе-2016» жастар сыйлығының лауреаты Нарқозы Қартжанов ағалар үлгісіне сай алға ұмтылатындықтарын айтты.

Алқалы жиын барысында Олимпиада чемпионы, қазіргі уақытта Америкада тұрып жатқан жерлесіміз Валерий Люкиннің құттықтау лебізі байланыс жүйесі арқылы берілді.

Жиында облыс басшысы бір топ азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды. Бұл қатарда кәсіпкер Қайрат Мәйтеков, «Нектар» өндірістік кооперативінің төрағасы Шамиль Каспранов, профессор Жолдас Құлжанов және «АкТеп» ЖШС директоры Нұрлан Сағыналин бар.

Туған жерге алыс-жақыннан жиналған жерлестер Ақтөбенің бүгінгі даму қарқынымен танысып, өздерінің де қолдан келген көмектерін беруге уәде етіп жатты. Ең бастысы, ұшқан ұяның жылуы олардың басын біріктірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button