«Ақтөбе — құтты мекен»Әлеумет

Мұхит ІЗБАНОВ, ҚР Жоғары кеңесінің XII шақырылымының халық депутаты, Еуропадағы ынтымақтастық қауіпсіздік ұйымы вице-президенті (1992-1994), Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы:

— Халық даналығында «Туған жер — тұғырың, туған ел — қыдырың» деп бекер айтпаса керек. Туған жер, туған ел — ең асыл ұғымдардың, жоғары құндылықтардың бірі. Туған жер — әр адамның дүние есігін ашып, өмірге келген жері.

Міне, мен үшін ең ыстық кіндік қаным тамған туған елді мекенім — Мұғалжар ауданындағы шалғайда жатқан Ащысай ауылы. Кез келген адамның болашағы да, өткені де атамекенмен тығыз байланысты болады.

«Ұлтарақтай болса да, атақоныс жер қымбат. Ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел қымбат» деген бар. Енді мен өмірімнің саналы жылдарында сол туған еліме не бердім деп өзіме өзім есеп беретіндей сәт те келгендей.

Алғашқы еңбек жолымды Ақтөбе өңірінде бастап, одан аудан, қала, облыс, республика көлемінде, шетелдерде қызметтер жасадым. Шалғайдағы елдің ел болып сақталып қалуы сол жерде білім ошағының сақталуы мен жандануында деп білемін. Егер балабақша, мектеп болмаса, ол елді мекен жойылып кету қаупі бар, сондықтан білім ордасы — алтын ұя мектепке көмек беру азаматтық борышым деп білемін. Мектепті абаттандыру, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, ең асыл рухани қазынамыз — кітап қорымен толықтыру да әр азаматтың қолынан келетін іс деп білемін.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөз бар, мағынасына терең үңілсек, туып-өскен жерімде өмірден озған ата-бабаларымыздың зираттары қараусыз қалмай, қоршалуы, бұл ата-бабаға деген құрмет деп білемін. Бұл істі жүзеге асыруға ел болып, жұмыла кіріскеніміз бар. Осы үлкен шаруаны аяқтаған кезде, кеудемде елге, халқыма деген ризашылық пен мақтаныш сезімі ұялады. Сонымен қатар елдің көркі ауылға кіреберістен байқалары аян, сондықтан елдіктің белгісін байқатар, болашақ жастарға өз елін, жерін сүюге әсер ететіндей «Сүйікті менің ауылым, Ащысай!» белгісін қоюды да міндетім деп санадым.

Мүмкін, бұл тек бір тамшыдай ғана іс болар, дегенмен егер туған өлкенің әрбір азаматы елін көркейтуге өз қолынан келгенше көмегін берсе, еліміз көркейе беретіні сөзсіз.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button