«Ақтөбе — құтты мекен»ДенсаулықЖаңалықтар

Жақсылық Досқалиев Алғада ота жасады

«Туған жер» форумы аясында ҚР Ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, академик, профессор, медицина ғылымының докторы  Жақсылық Досқалиев туған жері Алғада үш адамға ота жасады.

Алға аудандық ауруханасында Жақсылық Досқалиев бір күнде өт жолының ауыр дертіне шалдыққан үш науқасқа лапароскопиялық әдіспен ота жасады. Ғалым Ақтөбе медицина институтын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын осы ауруханада қарапайым хирург болып бастаған. Кейін бас дәрігердің әдістемелік-ұйымдастыру жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.  Қай жерде жүрсе де жерлестерінен көмегін аямайтын ғалым бұл жолы да алғашқы шараны туған жерінен бастауды жөн көріпті.

Елбасының тапсырмасымен елімізде рухани жаңғыруға қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Осы мақсатта Ақтөбеде «Туған жерге тағзым» ұранымен үлкен форум өткелі отыр. Облыстың әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған азаматтар осы шараны ұйымдастырып, өзгелерге үлгі көрсетуде. Менің естуімше, форумға Ақтөбеде туып-өсіп, білім алып, кейін жетістіктерге жеткен 300-ден аса адам шақырылған екен. Бұл —  бір жағынан, керемет бастама, адамның туған жерге деген құрметін арттырады. Жас үлкейген сайын адам туған жерін жиі еске алады, балалық шағы өткен жер ыстық болып көрінеді. Мен де форум кезіндегі ең бірінші жұмысымды туған жерімнен бастадым. Бұл ауруханада, дәл бүгін ота жасаған жерде  мен алғаш рет қолыма скальпель ұстадым.

Бұл — форум аясында аудан көлемінде жасалып жатқан шара. Ал облыс орталығында оңтүстіккореялық әріптестеріммен бірге бірнеше күрделі ота жасаймын. Бауыр трансплантациясы жасалады және он екі жастағы баланың бауырын ауыстырамыз. Алғаш рет баланың бауырын ауыстырғалы отырмыз. Бұнымен шектеліп қалмаймыз, әрі қарай кадр даярлау, ғылыми-зерттеу жүргізу жұмыстары жалғаса береді. Мен Ақтөбемен байланысымды үзген емеспін. Қай қызметте жүрсем де туған жеріме әрдайым ат басын бұрып тұрдым. Қолымнан келгенше көмек көрсетіп, туған жерге деген борышымды өтеп келемін, — деді Жақсылық Досқалиев.

Бұндай ота алғаш рет ауданда 2002 жылы Жақсылық Ақмырзаұлының   қатысуымен жасалған екен. Сондай сәт кеше тағы бір рет қайталанды. Ауданның жас хирургтері ғалымнан лапароскопиялық отаның қыр-сырын үйреніп қалуға тырысты.  Операциядан кейін аурухананың мәжіліс залында кездесу өтті. Жақсылық Досқалиев медицина саласындағы алғашқы қадамы осы жерден басталғанын және ұстаздары туралы естеліктер айтты.

Іргетасы берік болса ғана маман мықты болады. Мен мамандығыма деген адалдық пен тазалықты, жауапкершілікті осы жерден үйрендім, — деген Жақсылық Досқалиев ұстаздарына алғысын айтты. Сондай-ақ соңғы жылдардағы медицина саласының жетістіктерін әңгімеледі.

Аудандық ауруханадағы ұстазы Данияр Жұмашев шәкіртінің жетістіктеріне мақтанатынын айтып, батасын берді.

— Аурухананың бас дәрігері үйге келіп, Жақсылық Ақмырзаұлы келейін деп жатыр дегенде қатты қуандым. Себебі өзіммен бірге ота жасаған және жай емес, айтулы шәкіртімді көру мен үшін үлкен қуаныш. Сенің Ақтөбе өңірі үшін сіңірген еңбегің зор.  Облыс тарихында бұрын-соңды болмаған бүйрек, бауыр операцияларын жасадың. Бауыр трансплантациясы — өте күрделі ота. Екінің бірінің қолы бармайды. Ал сен осындай оталарды жасап жүрсің. Ақтөбеде алғашқы бауыр ауыстыру отасы жасалып жатқанда қатты қобалжыдым. Алла сәтін салып, бәрі жақсы өтті. Әр келген сайын жерлестеріңе ота жасап, науқастардың аяқтан тұрып кетуіне ықпал етіп жүресің. Оның ішінде алғалықтардың саған деген құрметі жоғары. Астанаға дейін іздеп барып, ауруына шипа тауып қайтады. Әрине, қалада хирургтер көп қой, бірақ сенің қолың жеңіл. Деніңе саулық, отбасыңа амандық тілеймін, — деді ардагер дәрігер.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлназ Сисенова профессорға аудан жұртшылығының атынан алғыс айтты.

Жақсылық Досқалиев Алға аудандық ауруханасында 1979-1986 жылдар аралығында еңбек еткен. 1986-1989 жылдары Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық хирургия орталығының ординатурасында оқыған. Мәскеуде  медицина ғылымының кандидаты атағына ие болады. Ал 1989-1990 жылдары Ақтөбе медицина институтының лапароскопиялық бөлімінің меңгерушісі, 1998 жылдың қараша айында институттың ректоры болды. 2000-2001 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. 2001-2004 жылдары Денсаулық сақтау минстрі болды. Алғаш рет республикада хирургияда лапароскопиялық әдіспен емдеу тәсілін қолданды. Осы салада мол тәжірибе жинап, өзінің ізбасарларын даярлады. 2004-2007 жылдары  Ақмола мемлекеттік медицина академиясының ректоры болды. 2008-2017 жылдары қайта Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. Ал қазір республикалық трансплантология орталығын басқарады. Жалпы Алға өңірінен шыққан медицина саласының білікті мамандары көп. Мәдина Құралова, Мұрат Телеуов, Серік Жарықов, Гүлім Алдоңғарова, Қыдырсиық Ерғалиев секілді білікті мамандарды жұртшылық жақсы таниды.

«Туған жер» форумы аясында Мәдина Құралова да ауданда көз ауруына шалдыққан үш адамға ота жасайды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button